Қандастар Ассамблея

Ауылды аралап, шаң-топырақта аунап өскен талантты балаларды əкеліп оқытсам деймін

10.08.2016 5098
Домбырашы, қобызшы Саян Ақмолданың сұхбаты

Саян АҚМОЛДА, домбырашы, қобызшы:

АУЫЛДЫ АРАЛАП, ШАҢ-ТОПЫРАҚТА АУНАП ӨСКЕН ТАЛАНТТЫ БАЛАЛАРДЫ ƏКЕЛІП ОҚЫТСАМ ДЕЙМІН

Сұхбаттасуға келмес бұрын «сіз туралы біраз мəлімет жинап алайын» деп интернет беттерін ақтардым. Бірталай жерде атыңыз аталғанымен, бірде-бір басылымға толыққанды интервью бермепсіз. Сізді əңгімеге тартатындар аз ба, жоқ өзіңіз бұған ынталы емессіз бе?

– Жалпы, өзімнің ынтам жоқ. Телеарнаға да көп шақырады. Бірақ əр жерде жөн-жосықсыз өзімді жарнамалап, іс тындырмай жатып, орынсыз шыға бергім келмейді. Одан да жатпай тұрмай еңбектеніп, біраз ізденістер жасап, соның нəтижесін көргенде ғана сұхбаттасқанды жөн көремін. Жаңалық жасамай жатып, бекерден-бекер көзге түсе бермейін деп жүрген себебім сол. Бітпеген шаруаның барысын сөз қылғанша, жиынтығын айтқан дұрыс деп есептеймін. – Біздің ұсынысымызды жерге қалдырмағаныңызға қарағанда, қазір айтарыңыз бар сияқты... – Төл мұраларымызды насихаттап, жинақтау барысында ауыз толтырып айтарлықтай біраз еңбектер жасағаным рас. Оны халықпен бөлісетін уақыт жеткен тəрізді. Екіншіден, «Айқын» газетін үзбей оқитын азаматтардың бірімін. Сондықтан танымал газеттің тілшісінің өтінішінен бас тартуға қақым жоқ деп білемін.

Сізді білетін айналаңыздағылар «Мінезі қырсық. Ерекше күй талғайды» дейді. Сіз үшін «Баққа лайық бап керек» пе?

– Менің табиғи болмысым жабырқаңқы, музыка тілімен айтқанда, «минорный» адаммын. Яғни кішкене мұңдылау. Бала кезімнен мұңлы əуендер жаныма жақын. Қобызды жаныма серік еткенім де сондықтан болар деп ойлаймын. Мұңлы күйлерді жақсы көремін. Еуропа классиктерінің адам тағдырынан алынған мұңлы шығармаларын көп тыңдаймын. Көп оқимын деп айта алмаймын. Дұрысы, көрсетпей оқығанды жақсы көремін. Бір үлкен шығарманы тауысып, соның əсерінен арыла алмай жүретін уақыттар жиі болады. Немесе бір күйді орындамас бұрын, сол туындыға жан-тəніңмен беріліп, жүрекпен түсініп, електен өткізуге тура келеді. Яғни музыканы бойыңа сіңіру үшін біраз уақыт өз əлеміңде өзіңмен-өзің арпалысып, өзгеше күйде, өзгеше сезімде тұнжырап жүресің. Мұны сырт көз басқаша түсінетін шығар.

Сіздегі мұңжанның мұңы ма, жүректің мұңы ма?

– Жоқ, өмірде басқашамын. Мендегі мұң – өмірден түңілдіріп, дүниеден баз кештіріп, еңсені басар сары уайым мен сананы сарсаңға салған күйзеліс емес. Жабығу дегенге де келмейді. Керісінше, өмірге деген сүйіспеншіліктен, өнерге деген іңкəрліктен, шығармашылық жолдағы табанды ізденістен туындайтын көңіл күй болар. – Ал өнерге деген құштарлық қалай оянды? – Мен негізі, күйшілердің ауылында туып-өстім... – Ол қай жер? – Жамбыл облысы, Сарысу ауданы. Былайша айтқанда, Қаратаудың Теріскей беті. Арғы жағында қасиетті Созақ жері тиіп тұр. Қобыз бен шертпе күйдің –отаны. Домбырашылық пен қобыз өнері қатар дамыған. Дегенмен ес білгенше қобыз ұстаймын деп ойламаған едім. Ауылда шертпе күй тартып жүретінмін. Мектеп бітіретін жылы бір үлкен ақсақал түсіме еніп, қолыма қобыз ұстатып кетті. Бұл мен үшін оңай түс болған жоқ. Содан бері басқа Саян болып түбегейлі өзгердім. Ойым да, өмірім де, жүріс-тұрысым да, талпынысым да бұрынғыдан бөлек сипат алды десем болады.

Ықылас атындағы музыкалық мектепте прима-қобыз класында оқитынмын. Абыз бабамыз берген аяннан кейін примақобызды тартқым келмей қалды. Есіл-дертім қадым ғасырлар қойнауынан сыр шертетін қара қобызға ауды да тұрды. Мұқағалидың өлеңдеріне ден қоя бастадым. Кітаптарын жатқа оқитынмын. Өлең шығарғым келетін...

 – Шығара алдыңыз ба?

– Шығарғым-ақ келді. Бірақ мықты ақын болатыныма көзім жеткен жоқ. Сондықтан қобыздың соңына түстім. Алғашқы ұстазым Балтабай Дəуірбеков өзі домбырашы, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген бес аспап кісі-тін. Қобыз, домбыра, шертер, жетіген, үскірік, асатаяқ, қысқасы, барлық ұлттық аспап түрлерін жасайтын. Қобыздың құлағында ойнайтыны тағы бар. Дəулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтың көзін көріп, күйін үйренген кісінің бірі. Сол кісі прима-қобыздың төрт ішегін алып тастады да, екі ішек тағып берді. Сөйтіп, қобызға баулып, екі күй үйретті. Бірі халық күйі «Аққу», екіншісі – Қорқыт бабамыздың «Қоңыры». Осы екі күймен Алматыға келіп, консерваторияға түстім.

 – Демек, қобызды бір жыл ішінде үйрендіңіз ғой...

– Иə, мектеп бітіретін жылы үйрендім. Əке-шешем «Саян қобыз тартады» дегеннен кейін бар жағдайымды табуға тырысты. Əкем Мəскеуде, Санкт-Петербургте оқыған кісі. Мəскеуде оркестрмен əн айтқан. Барған жерінен күйтабақтар ала келетін. Үйде жеті ағайындымыз. Əпкелерім əн десе, ішкен асын жерге қояды. Ағаларым да шертпе күйді шебер тартады. Бəрі мектепті қызылға бітірген. Менің ғана үлгерімім нашар болды. Қобызға ықыласым ауып жүріп, сабаққа айтарлықтай көңіл бөлмедім. – Түсіңізге кірген адамның кім екенін тани алдыңыз ба? – Қобыздың атасы – Қорқыт болатын. Екінші рет алты жылдан кейін 1997 жылы түсіме енді. Ол кезде консерваторияда оқып жүрген студент едім. Киіз үйдің ішінде аяқ-қолым байланып, шырмаудың арасында отыр екенмін. Сол кісі кенет кіріп келгенде, байланған арқандар шешіліп кетті. «Үшінші рет мені іздеме. Үшінші рет келгенде өмірің бұдан да жақсы болады» деді. Жақсылыққа жорыдым. Ертеңіне жатақханаға келсем, Бекболат Тілеухан мен Саида Елеманова деген апайымыз іздеп жатыр екен. Барып едім, «Деректі фильмде Қорқыт бабаның образын сомдайсың» деді. Көп ұзамай Қорқыттың күйін орындап «Қауышу» фильміне түстім.

Енді келсе, өміріңізде не өзгеруі мүмкін?

 – «Түсіме тағы енсе екен» деп сондай асыға күтіп жүрген жоқпын. Күндердің күнінде бір айналып соғатын шығар. Ол жағын бір Құдай біледі. Өмірімді өзгертуге бейілді емеспін. Қазіргі жағдайым да жаман емес. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Əрдайым таза жүргенді қалаймын. Кішкене шатасқан кездерім болды. Түсімдегі қариялардан емес, бір Алладан ғана тура жолға салуын тілеймін.

 – Өмір жолында шатастыңыз ба, өнер жолында ма?

 – Өмір жолында...

Ашып айта алар ма едіңіз?

– Жоқ...

Өз жаныңыздан шығарған неше күйіңіз бар?

 – Биыл ғана алғашқы шығармам жазылды. Бір жылдан бері бір əуен айналдырып жүр еді. Осы Ораза айында сəресі уақытында төгіліп түсті. Ансамбльге лайықтап өңдедім. Əлде де ауқымын кеңейтсем деп ойлаймын. Атын «Қилы заман» деп қойдым. Қазақ басынан не кешпеді?! Ашаршылық жылдарынан бастап, тəуелсіздік алған уақытқа дейінгі кезеңді қамтуға тырыстым. Жақында Бекет əулиенің 260 жылдығында Ақтауда, əулиелі жерде тұсауын кестік. Əзірге сол. Жеке қобызға, домбыраға арнап күй шығарған емеспін. Күй шығару үшін ізденіс, оқу керек. Əмбебаппын деп мақтанғанды қаламаймын. Күй шығарып жатырмын деп те жар салмаймын. Мен əу баста халыққа орындаушы болып танылдым ба, сол бағытты аяғына дейін ұстанамын.

Ел алдына домбыра мен қобыздың қайсысын көбірек алып шығасыз?

 – Жаппас Қаламбаевқа жақын туыс болып келемін. Нағашы атам Сəтен Таңсықбайұлы Сүгірмен, Жаппас Қаламбаевпен жақсы дос болған. «Сүгір күйші қатты ауырып жатыр» дегенді естіп, Жайылмадан Созаққа барып, екі күн қасында қарайлап жатқан екен. Жағдайын біліп, үйіне келіп, енді шай-пайын ішіп отыра бергенде Сүгірдің көз жұмғанын естиді. Қайтадан атына мініп, жолға шығыпты. Жерлеуіне қатысып, ақтық сапарға аттандырады. Дəулескер күйшілер өмірден өткеннен кейін нағашым қобыз жасап, сол кісілердің күйін тартып отыратын. Қобызының сынығы қазір біздің үйде. Сондықтан домбыраны қобыздың қасынан ешуақытта тастамаймын.

 – Əңгімелеспес бұрын Париждің төрінде сахнада жантайып жатқан суретіңізді көрсеттіңіз. Францияда əн салған алғашқы қазақ Əміре болса, төрт қабат құрақ көрпешенің үстінде малдас құрған сіз шығарсыз?

 – 2004 жылы Франциядағы досым қобыз күйлерін орындаған алғашқы дискімді Парижден шығарған. Екінші рет «Қаратаудың шертпе күйлері» таспаға басылды. Онда «Кең жайлау» күйінің авторы Боранқұл Көшмағамбетов, кезінде «Тірі Тəттімбет» атанған Қабыл Ажақаевпен бауыры Дабыл Ажақаевтардың өз орындауларында бірқатар күйлер енді. Осы альбомдардың тұсаукесері үш күн қатарынан Парижде өтті. Күндіз репетицияда қобызды орындықта отырып тартқанбыз. Кешке келсек, сахнаны қазақ үй пішінінде безендіріп, жерге тұскиіз бен көрпеше төсеп қойыпты. Ұйымдастырушылар «жерде еркін отырыңдар» деді. Нұржан Жанпейісовтің домбырамен əн салғанына тамсанып, жантайып жатқаным ғой... Айтпақшы, француз досым кеше ғана Франциядан келді. Бұл жолы Тəттімбеттің күйлерін шығарып келіпті. Айтуынша, төрт-бес жылдан бері дискілерім Еуропада сатылып жатқан көрінеді. Осыған дейін жинағым Вашингтонда, Норвегияда таралды. Бірақ қазақстандықтарды əзірге мұндай жаңалықтарыммен қуанта алмай келемін.

 – Неге?

– Біреудің есігін қағуға ниетім жоқ. «Шығарып беремін» деп уəде берген азаматтар болды. Бірақ бір-екі хабарласқаннан кейін телефонын сөндіріп тастайтын жағдайға жетті. Содан кейін ешкімнің алдына барған емеспін. Бұдан бөлек, екі кітабым дайын тұр. Қобыз күйлерінің энциклопедиясы десем, қателеспеймін. Менің мұрағатымда бұрын-соңды аты аталмаған, күйлері халыққа жетпеген қобызшылардың естілер-естілмес жазылған ескі таспалары бар. Соларды өңдеп, нотаға түсіріп, кітапқа əзірлеп қойдым. Бұйыртса, мүмкіндігім болған уақытта өз күшіммен шығармақ ниетім бар. Оған дейін «көмектесемін» деп ниет білдіретін азаматтар болса, қолдарынан қақпаймын.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен, Мəдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей қадағалауымен «Қазақтың дəстүрлі 1000 күйі мен 1000 мың əнін» шығаруда ерен еңбек атқарғаныңызды білеміз. Сіздің үйіңізде бір сандық ескі əн-күйлер бар көрінеді. Жинаған жəдігерлеріңіз антологияға толықтай енді ме?

– Ескі күйлерді жинаумен студент кезімде айналыса бастағанмын. 2005 жылы «Мəңгілік сарын» күйлер антологиясын құрастырып, тоғыз диск шығардық. Оның ішінде өздеріңіз білетіндей, 255 күй бар. Пернебай Дүйсенбин дейтін жазушы ағамыз үнемі «Сағынтай Елепанов деген күйші өткен» деп айтып жүретін. Сағынтай Елепановты Дəулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаев өздеріне ұстаз тұтқан екен. Сағынтай болса, Ықыластың көзін көрген. «Кер толғау» күйін бізге жеткізген күйші. Сағынтайдың күйлерін көзі тірісінде Пернебай Дүйсенбин магнитофонға жазып алып қалыпты. Сол кісінің қолындағы таспаны көшіріп алып «Мəңгілік сарынға» кіргіздім. 2007 жылы қобыз бен сыбызғы күйлері алты дискке жинақталды. Ал 2009 жылы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза бүгінгі таңда мен қызмет жасайтын Мемлекеттік орталық Кино-фотоқұжаттар жəне дыбыс жазбалар мұрағатына келіп, 1000 күйді түгендеуге тапсырма берді. Осы жұмыс нəтижесінде Арқа мен Қаратау күйлерін, қобыз күйлерін ел аралап, мұрағаттан іздеп бір жүйеге түсірдім. Біздің алдымыздағы ағаларымыздың қобызды зерттемеді емес, зерттеді. Еңбектер жазды. Бірақ ешқайсысы үн-таспа, диск шығармаған. Жоғарыдағы жобалар жалғасын табады деген сенімдемін. «Қазақтың дəстүрлі 1000 əні» жобасы аясында да көптеген халық əндерін тауып беруге тырыстым. Іздесек, əлі талай мың əн, мың күй табылады. Менің қолымда да бірталайы баршылық. Өкініштісі, аталмыш жинақтар əзірге сатылымда жоқ. Антология шыққалы телефонымнан тыныштық кетті. Елдің бəрі «Қайдан аламыз» деп сұрайды. Оны ел-жұрт тыңдамаса, мұрағаттан шыққан дүниені мұрағатқа қайта салып тастағаннан не пайда екенін түсінбеймін.

Мұрағат қызметкері ретінде қандай мəселе көтерер едіңіз?

– Мұрағатты ақтарып отырып кейде «мынадай да күйші бар екен-ау, мынадай да əнші өтіпті-ау» деп таң-тамаша боламын.

Мұқағали ағамыздың «Том-том боп дүкендерде тұрмасақ та, шаң басқан архивтерден табылармыз» деген өлеңі еріксіз есіме түседі. Мəскеудегі мұрағаттарды көріп келдім. Ол жақтағы жəдігерлердің сапасы керемет сақталған. Біздің қолымызда жоқ үнтаспалар Мəскеу мен Санкт-Петербург мұрағаттарында жатыр. Менің Франциядағы досым Парижде жеке қолда сақталған Əміренің дауысы бар екендігін айтқан еді. Дауысы Санкт-Петербургтегідей үзік-үзік емес, таза шығады екен. Бір адамның сатып алуға шашы жетпейді, ал мемлекеттің мүмкіндігі бар. Біздің ел басшыларына, Мəдениет министрінің құлақтарына алтын сырға, сол құнды деректерді осында алдырса, кəдемізге жаратар едік.

Дəстүрлі қобызшы, домбырашы ретінде не айтасыз?

 – Қазақтың дəстүрлі музыка орталығын ашу керек. Əйтпесе дəстүрлі орындаушылардың жылына бір концерті болады. Бұл не деген сұмдық? Айтпайын десең, ашынасың. Нұрғисалар тартып кеткен домбыра сахнада неге шертілмейді? Дəстүрлі орындаушыларымыздың барлығы ел араламай, неге үйлерінде жатыр? Қазақтың классикалық концертін көретін күн туа ма, жоқ па? Сол орталық мемлекеттің қаржыландыруымен экспедиция жасап, дисктер шығарып, əр қалаларды аралап, концерт берумен айналысса... Сонда ғана жұмысымыз алға басады.

Қобыз ұстап жүрген жастардың өнері көңіліңізден шыға ма?

 – Бізге дейінгі буын қобызды Еуропаша стильмен оқып кеткен. Консерваторияға келгенде оқу жүйесіне таңғалғанмын. Сол жүйемен шəкірт тəрбиелей беретін болсақ, ертең ұлттық орындау дəстүрімізден айырылып қаламыз. Сондықтан қанша ұсыныс айтып жатса да консерваторияға оқытушылыққа барғым келмейді. Қазір Республикалық А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған қазақ орта мамандандырылған музыка мектеп-интернатында қобыз класынан сабақ беріп жүрмін. Менің оқыту əдісім бөлек. Мұнда келген балаларға кішкентайынан ескі күйлерді тыңдатып, қобызда өзім ойнап беріп, құлақтарына құйып отырамын. Бізде қобызда күй шалу үрдісі жойыла бастады. Кішкене Еуропаланып, виолончельге еліктеп кетті. Жастар жағы өздерін «күй тартып отырмыз» деп ойлайды. Бірақ тартыстарында ешқандай ұлттық орындау дəстүрі, бақсылардың сарыны, стилі жоқ. Өйткені олар күйдің астарына үңілмейді. Ескі таспаларды тыңдамайды. Бізде қобызды мықты тартатын, шетелге танымал Сматай Үмбетбаев деген ағамыз бар. Көрмеген бақсысы жоқ. Оншақты ұстаздың алдынан өткен адам. Сматай Үмбетбаевша, Дəулет Мықтыбаевша, Жаппас Қаламбаевша күй тарту үрдісі, Құдайға шүкір, біздің мектепте жалғасып келеді. Балалар сахнаға шығатын болса «Саянның оқушысы ғой» деп бірден біледі. Дəстүрден алшақтамаймыз. Қобызда ылғи таза нота болмайды. Қобызға аңыраған, ыңыранған керемет ескі дыбыстар керек. Жаппас Қаламбаевтың «Жезкиігін» тура соның деңгейінде тартқан тірі орындаушы жоқ. Бұрын бір нұсқасы болатын мен мемлекеттік мұрағаттан екінші нұсқасын таптым...

– Сіз де тарта алмайсыз ба?

– Мен бала кезімнен талпыныс жасадым. Аталарымнан аттап кете алмаймын. Сматай басқаша ойнайды. Ол өзінің алған белесі бар адам. Мен Сматайша да, Жаппасша да тартпаймын. Сол дəстүрден ауытқымай отырып орындайтын өзімнің «Жезкиігім» бар. Қуанарлығы, биыл екі шəкіртім консерваторияға ең жоғары бал алып түсті. Мақпал Манасбаева мектеп қабырғасында жүріп-ақ бүкіл конкурстардың лауреаты атанды. Оралбаева Фариза мен Нүсіпбек Күмістің де болашағы зор. Шəкірттерімнің көпшілігі – қыз балалар. Биыл ғана бір бала виолончель класынан ауысып келді. Ер бала болса, басқаша дайындар едім. Қыз балалардың қолында бəрібір ер балалардағыдай күш болмайды. Жаңа оқушымның қолының салмағына риза боламын. Оны тəрбиелеуді жаңадан бастап жатырмын. Жоғары класқа барғанша жақсы қобызшы етіп шығарамын. Бірақ, шіркін, қаланың баласы ауылдан келген қазақи балаға жетпейді ғой... Нұрғиса Тілендиев «Асфальтта өскен бала бөлек болады» деп айтып отыратын. Қаланың баласы қазақилыққа келгенде сыр беріп қояды. Алдағы уақытта ауылдарды аралап, жусанның исін иіскеп, шаң-топырақта аунап өскен, кең даланы, тылсым табиғатты көріп жүрген талантты балаларды əкеліп оқытсам деймін.

– Ағаңыз Дулыға М.Əуезов атындағы театрдың белді актерлерінің бірі. Іні боп еркелеп, арқа сүйейтін кезіңіз көп пе?

– Əрине. Ағасы бардың, жағасы бар. Сəл қиналсам, ағаларыма хабарласамын. Көмектерін аяған емес. Жалпы, Дулығаның премьерасы болады десе, үй-ішімізбен қалмаймыз. Студент кезімде «Ағам спектакльде ойнайды» деп рөлдерін көріп жүріп, театрға бауыр басып кеттім. Бір қойылымды 14-15 рет көруден жалықпаймын.


Әңгімелескен -  Қаншайым Байдәулет

2010 жыл

Сурет: adyrna.kz

 

 

Ұқсас материалдар