Ата жолын жалғаған

05.05.2016 2476
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні

Сыздықов Сәбит, 10216 «В» әскери бөлімінің командир орынбасары, капитан:

— Отан қорғау қызметі қалай өтуде?

— Қызметіміз ойдағыдай. Бейбіт күнге не жетсін? Әскери қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді.  Өйткені біз тек қана өз өмірімізге ғана емес, әскери борышын өтеушілердің өміріне де жауаптымыз. Сондықтан өз басым әрбір оқу-жаттығу жиынына үлкен жауапкершілікпен қараймын. Біздің бөлім бес жыл қатарынан радиотехникалық бригадалар арасында өткізілетін әскери сайыста жеңімпаз атанып келеміз. Түрлі халықаралық жарыстарға қатыстық...

— Әскери қызметті таңдауыңызға не түрткі болды?

— Менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері. Жастайымнан сол кісінің соғыс туралы әңгімелерін тыңдап өстім. Елінің тыныштығы үшін жанын берген азаматтар туралы естігенде бейбітшіліктің қадірін түсінеді екенсің. Жалпы әскери қызметке келуіме атам себепші болды деп айтуға да болады.     

— Әскери өмірдің қандай артықшылықтары мен қиындықтары бар?

— Әскери қызмет атқару үшін еліңе деген шексіз сүйіспеншілік болуы тиіс. Өйткені отанын сүймейтін жан бірінші қиындықтан кейін-ақ қолын бір сілтеп, кетіп қалады.  Ал қиындықтарға төзе білген адам үлкен тұлға болып шығады. Шын мәнінде әскер адамды шыңдайды. Мен өзімнің қарамағымдағы сарбаздардың отбасымен тығыз байланыстамын. Тіпті, олардың туысы секілді болып кеткенмін. Ерте тұру, күнделікті физикалық жаттығулар, сынақтар... Мұның барлығы жауынгердің мінезін қалыптастырады. Сондықтан әскер — қызығы мен қиындығы қатар жүретін сала дер едім.

— Әскери адамның бойында қандай қасиет болуы керек?

— Тәртіп. «Тәртіпке бағынған құл болмайды»  деген сөз бар емес  па? Осыны мен өмірлік принципіме айналдырдым.


Алмас САУДАНБАЙ 

Ұқсас материалдар