Қандастар Ассамблея

Ғасырмен құрдас "Ұран" газеті кітап болып басылды!

12.11.2014 6654
Қандай ауыр жағдайды бастан өткергенімен сол кездегі қазақ зиялылары өз ойларын «Ұран» газеті арқылы болашаққа өсиет етіп қалдырды.

Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғасыр бұрын жарық көрген газеттің құрметіне орай «Ұран» газеті. 1917-1918» кітабының тұсауы кесілді. Таныстырылып отырған жинаққа Республикалық Кітап музейінен табылған «Ұран» газетінің 9 саны, газет шығарушылар туралы мәліметтер және «Ұран» газеті туралы зерттеулер енгізілген.

Таныстырылым рәсіміне Оралдан арнайы келген «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин өз сөзінде: «Бұл жинақтың тұсаукесерін Астанада өткізудегі басты мақсат – «Ұран» газетін шығарған тұлғалар мен газет ішінде жарық көрген материалдар Алматы мен Астанадағы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналса деген үміт. Сонымен қатар, болашағымыздың діңгегіне айналатын жастарымыз бен студенттеріміз де ел тарихын біліп өссе, зерттесе бұл сала дами түседі. Сол себепті бұл таныстырылым Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де өткен болатын. Бұл кітапта «Ұран» газетінің он шақты санымен қатар, газеттің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің еңбектері жинақталып, беліріп отыр. Осы уақытқа дейін Ғабдолғазиз Мұсағалиев туралы терең зерттеу жасалған жоқ. Сол кісінің қазақ тарихы туралы, тіл мәселесі жөнінде, жер мәселесі жөніндегі материалдары бұрын «Айқап» газетіне шыққан болатын. Сонымен қатар, Кеңес өкіметі заманында Ғұмар Қарашты, Ғабдолғазиз Мұсағалиевті зерттеген Мұстафа Смағұловтың туылғанына жүз жыл толып отыр. Әрине ол кезде еңбектерін жариялауға мүмкіншілік болған жоқ. мінеки сол кісінің зерттеу жұмыстары бұл кітапта жарық көріп отыр», - деп атап өтті.

«Ұран» газеті – Бөкейлік қазақ зиялыларының 1917 жылғы сәуір сиезі шешімі нәтижесінде құрылған, «Ордалық мұсылман бюросы» атты ұйымның құрылтайшылығымен жарық көрген жартылай ресми газет.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары жер-жерде газет ашып, қараңғы қазақ қоғамын ояту, Ресей империясын түгел шарпыған аласапыран кезеңде қазақ мүддесін қорғау әрекетіне кіріседі. Орынборда шығып тұрған әйгілі «Қазақ» газетінің рухани інілеріндей болып Семейде – «Сарыарқа» газетi, Ташкентте – «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы», Керекуде «Жас азамат» т.б. газеттерi шығып, Алаш ұранын ту етеді. Осы басылымдардың қатарында «Ұран» газеті 1917 жылдың 28-шілдесінен бастап сол кездегі Астрахань губерниясына қарасты Ішкі ордалықта, Орда қаласында шыға бастайды.

Газеттің редакторы – Ғабдолғазиз Мұсағалиев болған. Сондай-ақ, газет жұмысына Ғұмар Қараш, Нұғман Манаев, Бақыткерей Құлманов, Бисен Жәнекешев, Ғабит Сарбаев сынды қайраткерлер белсене араласқан. Бейімбет Майлиннің өлеңдері жарияланған.

«Ұран» газеті туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды... Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» - Қ.Қ.) еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды» - деп жазады.

Қандай ауыр жағдайды бастан өткергенімен сол кездегі қазақ зиялылары өз ойларын «Ұран» газеті арқылы болашаққа өсиет етіп қалдырды. Сондай құнды материалдарды жинақтап, кітап етіп шығаруға бастау болған «Жайық Пресс» медиахолдингі қазақ баспасөзінің тарихын зерттеу бағытында осыған дейін «Қазақстан» газеті. 1911-1913» (2012) жинағын, «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай «Қос газеттің тарихы» (2013) кітаптарын шығарған болатын.

Биыл жарыққа шығып отырған «Ұран» газеті. 1917-1918» жинағы туралы газет мәтінін араб әліпбиінен аударып, жинақты құрастырған журналист Қазбек Құттымұратұлы былай дейді:

- Соңғы жылдары елімізде ұлттық баспасөз тарихына ерекше назар аударылып келеді. Бүгін, міне, «Ұран» газеті туралы жинақ та оқырман қауымға жол тартқалы отыр. Осының бәрі ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбегін тануға, сол заманның тынысын білуге үлкен көмек, кәсіби тарихшыларға әжептәуір қолғабыс деп ойлаймыз.

«Ұран» газеті туралы толығырақ газеттің мәтінін қазіргі әліпбиге аударған, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Қазбек Құттымұратұлының мақаласы мына жерде.


Әзірлеген – Қаламқас Нұрмақова.

Ұқсас материалдар