Қандастар Ассамблея

Ғасырлар аңсаған азаттық

04.12.2014 4546
Бабалары аңсап, ұрпақтары қол жеткізген, дана басшының жетегімен Мәңгілік елге жол тартқан егемен республика санаулы күндерден кейін Тәуелсіздігінің 23 жылдығын тойлайды.

... Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл – ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл – тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. Бүгін Мәңгілік Еліміздің жаңа ғасырдағы жаңғыру жолы –  «Қазақстан 2050» стратегиясы дүниеге келген күн.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті

Бабалары аңсап, ұрпақтары қол жеткізген, дана басшының жетегімен Мәңгілік елге жол тартқан егемен республика санаулы күндерден кейін Тәуелсіздігінің 23 жылдығын тойлайды. Осыған орай АстанадаТәуелсіздік күні қарсаңында Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті және Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ бірлесіп желтоқсанның 1-і мен 3-і аралығында «Ғасырлар аңсаған азаттық» атты деректі фильмдер күндерін өткізді.

 

Алыстан «Алаш» десе – аттанамын,

Қазақпын – «Қазақ» десе мақтанамын.

Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

Міржақып Дулатов

 

«Ғасырлар аңсаған азаттық» атты деректі фильмдер күндері «Мемлекет басшысы» және «Елбасы» фильмдерінің көрсетілімінен басталды. Бұл фильмдер Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған  «Қазақстан жолы: Тәуелсіздік Хроникасы» атты филмьдер циклінен алынды. Режиссері Рәшид Сүлейменов.

«Қазақстан жолы: Тәуелсіздік Хроникасы» атты көпсериалы деректі фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы айрықша қызметін саралайды.

 

«...Қазіргі біздің басты байлығымыз – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік алдымен қазаққа керек. Қазақтың болашағы – қазақтың қолында. Қазақтың жерінің де, тарихының да, дәстүрінің де иесі – өзіміз. Әрине, ортақ мүддеге біріккен көпұлтты мемлекет екеніміз де рас. Дегенмен, қазақ алдымен өзін-өзі тануы керек, менталитетін, кісілігін түсінуі қажет. Біз опық жесек, алауыздықтан опық жеген халықпыз. Мұны біз тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан да, ең алдымен, бізге керегі – ағайынның ынтымақ-бірлігі...

...Тәуелсіздікті баянды еткен, байтағын бүкіл дүниеге танытып, мойын­дат­қан; Елордасын да, Ақордасын да салып, елдігінің байрағын көкке желбіреткен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де әлемдік тұлғаға айналды.

...Бәрін де ақылға салуымыз керек. Қай істе де мемлекетіміздің баяндылығын, тәуелсіздігіміздің орнықты болуын ойлауымыз керек. Елдік істе Елбасының қасынан табылып, өткен ұрпақтың жетпеген биігіне жеткенімізді қадірлейік. Кейінгіге үлгі-өнеге көрсетейік. Соның бәрінде қазақ екенімізді, қазақ ұлтының ұланы екенімізді ұмытпайық...»

Мырзатай Жолдасбеков, thenews.kz сайтына берген сұхбатынан

 

Тәуелсіздік күніне арналған аталмыш шара аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған: «Шәкен Айманов: аңыз адам» (режиссері Болат Нүсімбеков), «Мың жылдық жолаушы» (режиссері Жаңабек  Жетіруов), «Нұрлан Оразалин» (режиссері Данияр Саламат) сынды туындылар ұсынылды.

Көрсетілімдер фильмнің қоюшы режиссерлері мен шығармашылық топтың қатысуымен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің №5 «Студенттер үйі» кинотеатрында ( М. Жұмабаев көшесі 14/1)  және Қазақ Ұлттық өнер университетінің Жамбыл атындағы залында өтті.

 

«... Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі – қазақ ұлтының маңына ұйысты.  Тегі бөлек болғанмен тілегі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір тұтас халық болды. Бірлік, береке – біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса еліміз тарих төрінен табылады...»

Нұрсұлтан Назарбаев, Тәуелсіз Қазақстанның Жеті қазынасы

Тәуелсіздігімізді баянды етіп, елімізді жасампаздыққа жетелеген арыстандай ағаларымыз аман болғай! Ел-жұрт аман, халқымыз сау болғай! Тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгілік жасап, жайнай бергін! Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Ұқсас материалдар