Қандастар Ассамблея

Қасым Шәріпов – майдангер журналист

20.10.2015 3673
Қасым Шәріпов – майдангер журналист

Қарумен бірге қаламын да қолынан тастамаған әскери жазушылар мен қаламгерлердің жазбалары бүгінгі қазақ журналистикасының тарихи құнды мұрасына айналып отыр. Ол кездің өзінде сарбаз қаламгерлер оқ пен оттың арасында жүріп, ұшқыр ойларымен өрнектелген ұранды сөздері арқылы қаруластарын алға жетеледі. Жауынгер қаламгерлер майдан даласынан елге жететін жаңалықтың жаршысы да бола білді.

Профессор С. Қозыбаевтың «Майдандағы Қазақстан баспасөзі» атты тарихи-публицистикалық кітабында мынандай деректер көрсетіледі: «Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен төрт журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен жеті журнал шығарылса, оның 16 газеті мен екі журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і – Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды».

Соғыс жылдарында  қазақ әскери журналистиканың негізін қалаған да майдангер жазушылар мен сарбаз журналистер еді. Олардың көш басшылары ретінде бүгінде Б. Бұлқышов, Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, Д. Снегин, М. Ғабдуллин, Қ. Аманжолов, Қ. Бекқожин, Ә. Нұршайықов, Б. Жұмағалиев, Т. Ақшолақовтар аталады. Әскери тақырыпқа қалам тербеген майдангер журналистердің арасында әлі де зерттелмей, танылмай жатқандары да баршылық. Солардың бірі – Қасым Шәріпов туралы деректерді ұсынамыз.

Үш жасында әкесінен, он жасында анасынан айырылған майдангер журналист Қасым Шәріпов Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді (1924 – 1929 жж.). Осында сауатын ашып, 6 сыныптық білім алады, комсомолға мүшелікке өтеді. Оқу-білімге деген ынтасы оны мектептен кейін бірден институт қабырғасына алып келеді. Ең алдымен, ол Орынбор қаласындағы Халық ағарту институтының дайындық бөлімін, кейін Мемлекеттік кинематография институты жанындағы рабфакты бітіріп, осы оқу орнының әдебиет факультетіне түседі.

Қасым Шәріпов өзінің болашақ мамандығы журналистиканы сол кезде ақ таңдап алды деуге әбден болады. Ол өмір жолын 1929 жылы «Лениншіл жас» газетінің хатшысы, «Социалистік Қазақстанның» тілшісі қызметтерінен бастайды. 1933 жылы жас тілші БКП (б) ОК Марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалына жұмысқа шақырылып, партия баспасының редакторы, 1935–1941 жылдары ҚКП ОК-і жанындағы Партия тарихы институтының аудармашы — ғылыми қызметкері жұмыстарын атқарады. Бұл жылдар оның қызметтегі ерекше бір жемісті кездері болатын. Өйткені Шәріпов айналысқан аудармашылық іс кез келгеннің қолынан келе бермейтін қиын да, тың және Республикамызда бір жүйеге түспеген жұмыстын.

Қ. Шәріповтың аудармашылық шығармашылығы алғашқы кезеңінен бастап-ақ осы қағидаға жауап берерліктей болды. Құжаттардағы: «Жолдас Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерін аударушы білгір маман ретінде әскер қатарына алудан босатуыңызды сұраймыз» [3] немесе КНИИМЛ дирекциясы отырысының «Қ. Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударуға қатыстыру туралы» хаттамасынан: «Жолдас Шәріпов марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару жұмысына толық қатыса алады, сондықтан оны аталған институтта қалдыруды өлкелік комитеттен сұраймыз. Лекеров» — деген ой пікірлер бұған дәләл. Әрине аудармашы қаламы әрі де шыңдала түсер еді, соғыс басталмағанда...

Ұлы Отан соғысының алғашқы айларынан ақ майданда Панфилов дивизиясы 8 ротасының саяси жетекшісі, батальон комиссары, әскери тілші, бірқатар дивизиялық газеттердің редакторы – бұлар Қ. Шәріповтың қанжар мен қаламды ұштастыра ұстаған жауынгерлік және журналистік жолы. Ол жоғарыда аталған міндеттерімен қатар тілегі бір, тілі басқа жауынгерлердің арасындағы біріне бірін бауырластыратын, түсіністік танытатын алтын көпір де болды. Өйткені Қ. Шәріпов газеті екі тілде қатар сөйлеген-ді. Ол өзінің күнбе-күнгі жұмысы туралы «Жертөледе типографиялық мәшиненің қасында үш адамнан тұратын редакция «аппараты» келесі нөмірді дайындаймыз. Аса нақтылық пен тәртіп керек. Басынан-ақ қай материал орыс, ал қайсысы қазақ тілінде шығуы керектігін анықтап алу қажет. Біздің кішкене «амариканкамыз» тек қысқа емес, тез әрі жауынгерлерге түсінікті етіп жазуды талап етеді. Радиохабарларды қабылдап алысымен бірден аударып, жатқа жаздыртатынмын»  – деп еске алады.


Автор Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас материалдар