Қандастар Ассамблея

«Асыл бала» бүлдіршіндерді бір қуантты

02.06.2016 2979
Бүгін - Халықаралық балаларды қорғау күні

Бүгін елордадағы Орталық концерт залында «Асыл бала» қауымдастығының мерекелік концерті өтті. Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР бала құқықтары жөніндегі өкілі Зағипа Балиева, «Асыл бала» қауымдастығының төрайымы Анар Рахымбаевалар қатысты.

Алғашқы болып сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова ең алдымен, балдырғандарды бүгінгі мерекесімен құттықтады.

– Біздің елімізде егемендік алғалы бері көптеген маңызды істер атқарылды. Елбасы егемендіктің алғашқы жылдарында балаларды қорғау туралы конвенцияға қол қойды. Одан кейін  60-қа жуық әртүрлі конвенциялар қабылданды. Оның ішінде, 15 конвенция бала құқығын қорғауға арналды. Бүгінде еліміздің әр түкпірінде балаларға арналған жаңа орталықтар, гимназиялар, зияткерлік мектептері, дарынды балаларға арналған мектептер, спорт ғимараттары салынып жатыр. Мұның бәрін еліміздегі тыныштық пен келісімнің нәтижесі деп білеміз.

Халықаралық балаларды қорғау күні – қоғамның, мемлекеттің, ата-аналардың балалар проблемасына айрықша назар аударуын талап ететін айтулы дата. Қазір бізде 140 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 60 мыңы ғана инклюзивті білім алуға қол жеткізіп отыр. Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасылардың балалары, апатты жағдайда тұрған және үш мезгілдік оқу жүйесімен білім беретін мектептерде оқитын оқушылар бар. Сонымен қатар, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жетім балалардың тағдыры бәрімізді алаңдатады. Әр сәбидің жанында ата-анасы болғанға не жетсін? Бұл проблемалардың бәрі біздерді, ересектерді ойлантпай қоймайды, – деді мемлекеттік хатшы.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Зағипа Балиеваға «ҚР бала құқықтары жөніндегі өкілі» куәлігін салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ, Дариға Нұрсұлтанқызы онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған «Ғұмыр үшін» жобасының аясында Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына 59 миллион теңге табыс етті.

– Әрбір ата-ана өз баласының дені сау болғанын қалайды. Перзентіміз өскенде біздің мақтанышымызға, қуанышымызға айналса дейді. Дарынды азамат болса деп армандайды. Бүгінгі кішкентай бүлдіршіндер кейін ержеткенде, өзге балаларға көмектесетін қайырымды азамат болса – біздің арманымыздың орындалғаны, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.

Концертте Қазақстанның әр түкпірінен келген дарынды өнерпаздар ән-биден шашу шашты.

2015 жылдың мамыр айында құрылған республикалық «Асыл бала» қауымдастығы бір жыл ішінде көптеген қайырымдылық акцияларын өткізді. Балаларға спорт, медицина, мәдениет және халықаралық қатынастар бағытында қолдау көрсетіп келе жатқан ұйымның ауыз толтырып айтар жетістіктері көп. Қауымдастық құрамындағы 10 құрылтайшы – еліміздегі қоғамдық кеңестердің мүшелері. Сондай-ақ, мұнда 160 коммерциялық емес ұйымдардың бірлестігі кіреді.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Ұқсас материалдар