Қандастар Ассамблея

Астананы арқау еткен фильмдер

01.07.2016 4633
Елорданың туған күні

Қай елдің болмасын, шексіз, шетсіз даласын кесіп жатқан жолдар сол елдің астанасына келіп тіреледі. Кинофильмдерде, арнайы тележобаларда барлық іңкәр жүректерді ел астанасында табыстыратын айнымас «қағида» да бар. Киноның өзі қып-қызыл саясат қой.

Елорданың он сегізінші туған күні қарсаңында Астанаға арналған фильмдер мен сериалдарға бір шолу жасағанды жөн көрдік. 2012 жылы ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловский «Жан-жүрегім, Астана!» деп аталатын альманах түсірді. Бұл – 10 новелладан құрастырылған картина. Жалпы алғанда, Астанада тоғысқан тағдырлар мен Астанада өсіп-өнген ұрпақтың өмір тарихын бейнелейтін дүние. Альманах (отандық киноөндірістегі тың дүние) әлем елдерінің астаналары жайында түсірілген новеллалар қатарына енді. Бұдан бұрын әлемдік киноөндіріске «Нью-Йорк, мен сені жақсы көремін!», «Париж, мен сені жақсы көремін!» және «Мәскеу, мен сені жақсы көремін!» фильмдері жаңа леп әкелген-ді. Күллі әлем жұртшылығы ғұмырында бір көруге құмартатын, шын мәнінде асқақ бұл үш астана хақындағы картиналар сол қалалардың тыныс-тіршілігін кейіпкерлер арқылы көрсетті. «Жан-жүрегім, Астана!» солардың ізін жалғады.

Нью-Йорк, бұл – бір басына пәленбай фильм («Нью-Йорк таксилері», «Нью-Йорктегі түн», «Нью-Йорк оқиғалары», т.б) арналған қымбат қаланың бірі де бірегейі. Жер шарының ең романтикалық нүктесі  деп саналатын Париж де («Париж мерекесі», «Париж тарихы», «Париж! Париж!», т.б) соның о жақ-бұ жағы. Кеңес заманында «көз жасына сенбейтінін» дәлелдеп, «Оскарды» алған Мәскеу де («Мәскеу – Мәскеу емес», «Мәскеу шаттанады», «Мәскеу көз жасына сенбейді», т.б) мәртебелі астана ғой. Ал, біздің Астана туралы, «Жан-жүрегім, Астана!» туралы не айтуға болады?

Байқағанымыз, әрқайсысының түсірілім жұмыстарына 4 күндік мұрсат берілген 10 новелланың қайсысы болмасын, астананы дәріптеу ісіне айтулы еңбек сіңірген. Астананы аз көрсеткесін бе, әлде 10 минуттық фильм ішінде кейіпкерлерді 3-4 мәрте аймаластырғаннан ба екен, Асқар Ұзабаевтың «Сақина» атты новелласы бұл жинаққа енбей қалған. Әлеуметтік желілерде картинадан кейін бөлек жарық көрген «Сақинадан» тұшымды нәрсе көрмедік. Рас, Асқар Ұзабаев түсіргесін болар, туындының ракурстары сәтті және әуені үйлесімді шыққан. Десе де, Астананы насихаттайтын фильмге алаңсыз аймаласу сәттері аздық етеді. Режиссердің бір сәт «Мұнымен көрерменге не берем?» деп ойланғаны жөн бе еді?!

«Жан-жүрегім, Астана» «Дарина», «Онлайн», «Сағат», «Нарғыз», «Тосын сый», «Квест», «Бека», «Легионер», «Әке мұрасы» және «Жүрек» атты  10 хикаядан құралған. Барлығында идея біреу – кейіпкерлердің сезімі, толғаныстары Астанамен байланыстырылады. Бір қуанарлығы, соңғы кезде қазақ киноөндірісінде жиі бой көрсетіп жүрген режиссерлердің көпшілігі Астананы насихаттауға атсалысқан. Режиссерлер арасында әуесқой деген Еркін Рақышев та, «Дидардан» топ жарып шыққан Жасұлан Пошанов та, тіпті экс-депутат Ғани Қасымовтың қызы Джулия Ғани да бар. Картинасы шет қалған Асқар Ұзабаевпен қосқанда, түсірілім жұмыстарына жалпы саны 11 режиссер «жегілген». Ал, арнайы шақырылған Ақан Сатаевтың ол кезде «Мың баладан» қолы босамапты.

Егор Кончаловский бұдан бұрын Мәскеу туралы альманахты шығаруға үлес қосқан-ды. Рас-өтірігін қайдам, «жиен бала» өзіне «Мәскеу, мен сені жақсы көремін» хикаяларынан гөрі Астананы түсіру әлдеқайда қызықты болғандығын айтады. Сондай-ақ, кіші Кончаловский «Бізді ешкім деректі фильм түсіруге міндеттеген жоқ. Біз мүмкіндігімізше романтикалық ертегі түсіруге тырыстық» дейді. Романтика ретімен ғой, ал, хикаялардың деректі фильмге ұқсап кететін жасанды тұстары жетерлік. Мәселен, Нью-Йорк, Париж, Мәскеу туралы картиналарда қаланың сірескен қабырғалары мен зәулім ғимараттары басты нысан етіп көрсетілмейді. Мұнда камера алдында кейіпкерлер көбірек көлбеңдейді. Ал, «Жан-жүрегім, Астана» олармен салыстырғанда, құдды бір астананың мерейтойына арнап шығарылған деректі фильм секілді. Себебі, соңғы жылдар бедерінде салынған жаңа ғимараттардың бәрі кадрдан тыс қалмаған.

Киноновеллада Саят Мерекенов, Наталья Орынбасарова, Төлеубек Аралбай, Гүлжан Әспетова, Евгений Жұманов, Санжар Мәдиев, Қарлығаш Мұхамеджанова және т.б әртістер ойнайды. Бірі – әке аманатын арқалаған, бірі – махаббатын Астанадан тапқан, енді бірі – Астананы көруге ынтызар кейіпкерлер. Барлығы да – күйініш-сүйініші, естелік, сағынышын осы қала арқылы көрсететін кейіпкерлер. Актерлік шеберлігімен  Саят Мерекенов, Төлеубек Аралбай, Гүлжан Әспетова сынды тісқаққан әртістер тәнті етті деуге болады.

Әлемдік киноновеллалар желісін жалғады десек те, «Жан-жүрегім, Астана» көрермен арасындағы екіұдай пікірдің шетін шығарды. Бірінші пікір – аядай ғана қаланы айналып келіп түсіре беру шет мемлекеттерге ел ахуалын айнадай етіп көрсете ме, мұндай фильмдердің қажеттілігі қандай дейді. Ал, бұған кереғар пікір Астананы әлемге таныту үдерісін жақтайды: рухани және ресми астанасы бар елдердің қайсысын алып қарасаңыз да (мәселен, АҚШ), киноөндірісте кейінгі астанасын көбірек насихаттайды және бұл – дұрыс шешім.

Енді осы күнге дейін Астана негізгі өзегі болған және Астана туралы үзік-үзік кадрлар кей жерінде «жылт еткен» фильмдерді санамалап көрелік. «Астанаға көктем кеш келеді» (Еркін Рақышев), «Арман қала» (Е.Әбдіжапаров, Г.Ефимова, А. Дайырбеков), «Астана – махаббат жағалауы» (Мұрат Бидосов), бұрынғы «Жаным», қазіргі «Астана» телехикаясы (Бақтияр Сейтқазиев, Абай Құлбаев), «Бәйтерек» балалар фильмі (Данияр Саламат), Түркиямен бірігіп түсірген  «Астана – махаббатым менің» телехикасы (Ермек Шынарбаев) және т.б. Сондай-ақ, Астананың бүгінгі бейнесін «Балалық шағымның аспанынан» (Рүстем Әбдіраш), «Жерұйықтан» (Сламбек Тәуекел), «Алтын алқадан» (Мұрат Бидосов) көре аласыз. Басты кейіпкерлерін (Әсел Сағатова, Алексей Чадов)  тұлпарға теріс мінгізетін «Ирония любви» фильмінде де (Қазақстан-Ресей) Астана көшелері менмұндалайды.

РЕЖИССЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, жазушы, кинорежиссер:

Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады

Астана туралы фильмдер сырт көзбен қарағанда тым көп болып көрінуі мүмкін. Әсіресе, біздегі сынның өзге емес, өзімізге келгенде көбейіп кететіні бар. Сын жақсы, бірақ кейде біз асыра сілтеп сынап жатамыз. Киноны тек өзіміз үшін ғана емес, басқа жұртқа көрсету үшін де түсіретінімізді ұмытпауымыз керек. Бізде еліміздің бас қаласын басқа шет мемлекеттер көрсін деген айқын мақсат бар. Өйткені, Астана – бірегей, феномен қала.

Өзімізге кейінгі кезде Астананы дәріптейтін өнімдер көбейіп кеткен сияқты болып көрінеді де тұрады. Бірақ, бұл – иллюзия. Объективті түрде алып қарағанда, қазіргі қарқынымыз дұрыс. Тарихқа үңілетін болсақ, Мәскеу де, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор)  қалалары да ықылым заманнан бері насихатталып келе жатыр. Бірақ, одан жалығып жатқан көрерменді көрмедік.

Рүстем ӘБДІРАШ, режиссер:

                  Алматы – мәуелі ағаш, Астана – жас шыбық

Бүгінде түсіріліп жатқан Астана туралы фильмдердің барлығы да болашақта жасалатын жобалардың тек бастамасы ғана деп ойлаймын. «Жан-жүрегім, Астананы» түсіруде уақытымыз тым тығыз болды. Біз, режиссерлер, онда тек легионер ретінде қатыстық, яғни, картиналардың ішкі кухнясына араласқан жоқпыз. Уақыт тапшылығы болмаса, образдарды аша түсуге болатын еді, әрине.

Мысал ретінде бір ғана қаланы айтайын. Париж – бүгінгі киноөндірісте көп түсірілетін қалалардың бірі, насихаты күшті. Ол қаланы жарнама, телеөнім арқылы танып, барып жатқан туристер мен қонақтар санында есеп жоқ. Астана көшелерінде жүріп келе жатып, болашаққа нық қадам басып жатқаныңды сезінесің. Біздің алдымызда Астананы өзге елдерге жас мемлекетіміздің беткеұстар қаласы ретінде таныту миссиясы тұр. Алдағы уақытта Астананың имиджін көркейту үшін түрлі жарнама роликтерін түсіруге күшіміз жетеді. Сондай-ақ, Астанадағы тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын да әбден зерттеп, жап-жақсы кино жасауға болады.

Егер біз Алматы туралы фильм түсірер болсақ, ол  – мыңжылдық тарихы бар қала. Бұл ретте Алматыны мәуелі ағашқа, ал Астананы жас шыбыққа теңеуге болады. Астана жап-жас, тіпті он екіде бір гүлі ашылмаған қыздай (күлді). Оның образы өскен сайын, жас қосылған сайын ашыла түседі. Кейінірек Астананың салиқалы келбетін таспалайтын өнімдер де мазмұндырақ, күрделірек болатын шығар.


Роза ӘРЕН

Суреттер ғаламтордан алынды

 

Ұқсас материалдар