Қандастар Ассамблея

Астаналықтар қазақтың үшінші ғарышкерін салтанатты жағдайда күтіп алды (ФОТО)

12.09.2015 3568
Жерге аман-есен оралған Айдын Айымбетов Қазақстан Президенті мен халқы өзіне зор сенім артқаны үлкен бақыт екенін айтты.

Бүгін үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтің Жерге оралуын қазақстандықтар ерекше қуанышпен қабылдады. Жерге аман-есен оралған Айдын Айымбетов Қазақстан Президенті мен халқы өзіне зор сенім артқаны үлкен бақыт екенін айтты. Осыған орай бүгін Астана қаласының әуежайында салтанатты шара ұйымдастырылды. Назарларыңызға аталған шарадан арнайы фоторепортаж ұсынамыз.

Жоспар бойынша 06:51-де Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 146 км қашықтықта Жерге сәтті қонған ғарышкерлер Астанаға тікұшақпен жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 40 минутта жетті.

Әуежайдан күтіп алу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп, ғарышкер Айдын Айымбетов пен "Союз ТМА-16М»экипажының мүшелері Геннадий Падалкаға (Роскосмос) жəне тұңғыш даниялық астронавт Андреас Могенсенға құрмет көрсетті.

Бұл үлкен оқиға, сіздер аман-есен Жерге оралып отырсыздар. Барлығыңыз үшін алаңдадық, күттік. Әрине, қазақстандықтар біздің үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов үшін алаңдады. Сіздермен бірге қуанып жатырмыз.
Ал Қазақстан осындай мүмкіндікке ие мемлекеттердің қатарында. «Роскосмостың» қолдауымен біз ғарышкерімізді дайындап, ғарышқа жібердік. Тұңғыш ғарышкеріміз – Тоқтар, екіншісі – Талғат, ал үшіншісі – Айдын. Біз өте қуаныштымыз, сіздерді туған Жерге оралумен құттықтаймыз
, - деді Мемлекет басшысы.

Президент мырза, Сіздің және ел халқының Қазақстан атынан халықаралық экипаж құрамында болуға сенім артқаны мен үшін үлкен қуаныш. Қазақстандық ғылыми бағдарлама сәтті іске асырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің жетекшілігіңізбен ғарыш саласы дамып келе жатқаны мені қатты қуантады, - деді Айдын Айымбетов.

Астана әуежайынан күтіп алу рәсіміне Айдынның анасы Жұмагүл апай мен жары Лилия және қызы Диана келді. 

Мен де әкем сияқты ұшқыш болғым келеді. Ал ол үшін жақсы білім алып спортпен айналысу керектігін білемін, - дейді ғарышкердің ұлы Әмір.

Айдын біздің отбасымыздағы екінші ұл. Отағасым, Айдынның әкесі осыдан 8 жыл бұрын дүние салды. Айдынның ағасы Айдан әскери салада, інісі Алимир әуе компаниясында қызмет атқарады. Қызым Дана үй шаруашылығымен айналысады. Айдын отбасымыздың ғана емес, бүкіл елдің үмітін ақтады, - дейді Айдынның анасы Жұмагүл апа. 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкерлерге алғысын жеткізіп, Айдын Айымбетовтің ғылыми жұмыстармен айналысқанын жеткізді. 

Сонымен қатар, Т.Мұсабаевтың айтуынша, бүгін Айдын Айымбетов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның мемлекеттік Туын тапсырады.

Ал,  Айдын Айымбетов салтанатты рәсімнен соң Мәскеу қаласының Королев орталығындағы емханада ем қабылдауға аттанады. Емдеу шаралары аяқталған соң Қазақстанға оралып, "ҚазҒарыш" мекемесінде қызмет ететін болады. 


Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

Бауыржан ЖУАСБАЕВ (фото). 

Материал Baq.kz ақпараттық порталынан алынды

Ұқсас материалдар