Қандастар Ассамблея

Астанада XIII Еуразия Медиа Форумы өтуде

21.04.2016 2588
Медиа Форум

Бүгін елордада XIII Еуразия Медиа Форумы басталды. Биылғы Еуразиялық медиа форумның негізгі тақырыбы әлемдік экономика және Шығыс пен Батыс арасындағы босқындар проблемасына арналды.

Жиынға келген әлемге танымал экономистер, саясаткерлер мен журналистер, қоғам қайраткерлері әлемдік экономиканың келешегі, араб әлеміндегі өзгерістердің геосаяси салдары, Еуропалық одақтың болашағы, 21 ғасырдағы ақпараттық соғыс, мұнай өндіруші елдердің имиджі және теле-кино индустриясының қоғамға ықпалын талқылады.

Форусмның ашылу рәсімі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың делегаттарға жолдаған құттықтау сөзімен басталды.

Ұйымдастыру комитетінің төрайымы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева:   «Барлығыңызға алдымен керемет Астанамызға шын жүректен қош келдіңіздер деймін. XII Еуразиялық Медиа форумына да екі жыл уақыт өтті. Осы екі жылғы үзіліс кезінде жақсы өзгерістер болды. Астанамыз қалай өскенін өздеріңіз де көрген боларсыздар. Біз осымен 13-ші рет жиналып отырмыз. Әрине, аз уақыт емес. Форум әр түрлі саладағы сарапшылар ашық және тең дәрежеде сұхбаттасатын алаң бола білді. Біз кейде басқа көзқарастағы пікірді де қолдаймыз. Жыл сайын қонақжай Қазақстанға жиналып, әлемдік мәселелерді талқылаймыз. Біз-бірімізді тыңдап үйренгенбіз», – деді.

Форумға әлемнің 50 елінен 30 спикер мен 400 делегат келді.

ХІІІ Еуразиялық Медиа Форумының басты спикерлерінің бірі – Ауғанстан Ислам Республикасының бұрынғы Президенті Хамид Карзай ХIII Еуразия Медиа Форумы барысында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа ауған студенттеріне Қазақстанда бiлiм алуға мүмкiндiк бергенi үшiн алғыс айтты.

–Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, қазақ халқы 1 мыңға жуық стипендия  бөлгенін атап өткiм келедi, – деді Хамид Карзай. – Бiздiң студенттер осының арқасында Қазақстанда бiлiм алуға мүмкiндiк алды. Олардың 180-i медицина саласында оқып жүр. Бұл – жастарына бiлiм беру мүмкiндiгiнен айырылған ел үшiн үлкен қолдау. Қазақстан Президентi Ауғанстандағы тұрақтылық және бейбiт процестер саласына үлкен үлес қосып келедi.

Хамид Карзай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік жолындағы күш-жігеріне зор баға беретінін айтты. Ол: «Қазақстан Президенті сондай-ақ Ауғанстанды тұрақтандырып, бейбітшілікке бастау үшін де көп еңбек сіңірді. Н.Назарбаевтың жуырдағы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің маңызы қандай болса, біздің елдің тұрақтануына қосқан үлесі де сондай зор. Сондықтан, Н.Назарбаевтың осы бағыттағы жұмыстарына табыс тілегім келеді. Н.Назарбаевтың бітімгершілік жолындағы күш-жігерін қолдап, оның қажырлы еңбегіне үлес қосуымыз, көмектесуіміз қажет», - деді.

Бағдарлама бойынша 4 мәжіліс өткізу жоспарланған. Бүгін конференция шеңберінде үш шеберлік сабағы өткізілді. Ұлыбританиялық экономист, саяси мәселелер бойынша кеңесші Саймон Анхольт елдің имидж саясатын қалыптастыру мен брендті танытудың тиімді стратегиясын дайындау жөнінде әңгімеледі. Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро үлкен саясатта аман қалудың құпиясын ашып берді. BBC WORLD NEW аймақтық коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин «Экономика тақырыбы – БАҚ-тың коммуникациялық тұғырнамасының негізі» атты тақырыпта шеберлік сабағын өткізді.

Спикерлер бірінші мәжілісте «Әлемдік экономиканың бүгіні мен ертеңі. Көш басында кім? Ғаламдық дағдарыс. Мұнайсыз әлем соғыссыз дүние ме?» атты тақырыпта ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Осы орайда  «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов: «Жаһандық экономиканың технологиялық тұрғыдан белсенді бола түсуі Қазақстан үшін шикізаттық тәсілдерге негізделген модельден экономиканы әртараптандыруға көшуге мүмкіндік береді. Мұнай бағасының төмендеп бара жатқаны – қағылған дабыл екеніне келісемін. Бұл өте қысқамерзімді құлдырау болғанын көрдік. Құлдыраудың қысқамерзімділігі мен оның тиісті елдерде нақты құрылымдық реформаларды ынталандырмағандығының арасында айырмашылық бар. ОПЕК-тің қойған шектеуі, меніңше, тақтатасты өндірумен алмастырылды. Қазір барлығы Париждегі конференция талаптарына сәйкестендірілмекші. Көптеген елдер инфляциялық шектеу, аса икемді бағам саясатына қосылды. Біз ресейлік тәжірибе бойынша қадағалау жасап, икемді айырбас бағамына көштік. Колумбия, Мексика, Ресей және Қазақстан секілді елдер валюталық шектеу  және валюталық бағам бойынша қатаң саясат ұстанатын елдерге қарағанда мұнай нарығындағы құбылмалылыққа біршама дайындалғанына көзіміз жетті», – деді.

Спикерлер екінші мәжілісте «Таяу Шығыс: трансформация әлде мүдделер соғысы? Аймақтағы қайта өзгеру үрдісінің геосаяси салдары» тақырыбы талқыланса, үшінші мәжілісте «Мұнай елдерінің жаңа имиджі. Бренд тиімділігін жаңа жағдайда қалай арттыруға болады?» деген сауал төңірегінде ой өрбітті.

Форум барысында сарапшылар «Ақыл-ой мен жан-дүние үшін күрес. ХХІ ғасырдағы ақпарат соғысының ерекшелігі. БАҚ-тың бейбітшілік орнату мен жанжал туғызудағы рөлі» тақырыбын қозғайтын болады.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ  

Ұқсас материалдар