Қандастар Ассамблея

Астанада студенттер Махатма Гандидің немересімен кездесті

02.09.2016 2118
Элла Ганди студенттерге әйелдер құқығы, білім және қайырымдылық тақырыбында дәріс оқыды

Бүгін аңызға айналған тұлға Махатма Гандидың немересі Элла Ганди астаналық студенттермен жолықты. «Діндер бейбітшілік үшін» ұйымының вице президенті Элла Ганди студенттерге әйелдер құқығы, білім және қайырымдылық тақырыбында дәріс оқыды. 

- «Зорлықсыз әлем» ұғымы – бұл жанды пайым. Жер ғаламшарында өмір сүретін әрқайсымыз осы ойды ұстанымға айналдыруымыз керек. Менің әлемдегі миссиям - жауыздық пен зұлымдыққа титтей де болсын тосқауыл қою,- деді Элла Ганди.

Делегация қатарында Оңтүстік Африканың Қазақстандағы өкілетті елшісі  Шириш Сони, Үндістанның Қазақстандағы өкілетті елшісі Харша Кумар Джайндар бар.

Жиын барысында сөз алған Харша Кумар Джайн М.Ганди, М.Кинг сияқты әлемдік тұлғалардың идеясын жалғастыруға мүмкіндіік беріп отырған Қазақстан Президентіне алғысын білдірді.

«Құрметті ұстаздар мен студенттер! Бүгін сіздермен және Элла Ганди ханыммен бірге кездесу - мен үшін үлкен мәртебе. Элла Ганди - әйгілі қайраткер Махатма Гандидың немересі. Ол көп жылдар бойы Оңтүстік Африка Парламентінің мүшесі болып қызмет етті. Осы күнге дейін жастардың дамуы, әйелдер құқығы туралы тың бастама көтеріп, іске асырып келеді» дейді өкілетті елші. 

Кездесу барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Дурбан технологиялық университеті арасындағы екіжақты ынтымақтастық келісімі сөз болды.

Элла Ганди 1940 жылы Оңтүстік Африканың Инанда ауданында туған. Қоғамдық белсенділігі үшін, балалар мен әйелдер құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділігі үшін жергілікті және халықаралық  марапаттарға ие болған. Сондай-ақ, ол -  «Основные ценности Махатма Ганди», «Встреча Гандиджи с четвёртым сословием» сынды бірнеше кітаптардың авторы.

Ұқсас материалдар