Астанада Еуразия кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр

09.11.2016 2121
«Eurasian Book Fair-2016»

Астана қаласы, «Көрме» орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Eurasian Book Fair-2016» кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке Еуразия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғылым, білім беру және полиграфия компанияларын бір интеллектуалды алаңға біріктіріетін ірі мәдени-ағартушылық іс-шара.

Тұрлынова Раушан, «Foliant» баспасының бас редакторы, ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

— Бұл іс-шараны «Foliant» баспасы  Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Жәрмеңкеге он төрт мемлекеттен сексен ұйым қатысуда. Басты мақсат — баспаларды біріктіру,  іскерлік қарым-қатынас орнату, тәжирбе алмасу. Жәрмеңке төрт күнге созылады. Көрмеден бөлек іс-шара аясында түрлі презинтациялар, конференциялар, жазушылармен кездесулер жоспарланып отыр.  

Лукянова Наталья, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті баспасының бөлім меңгерушісі:

— Біздің баспамыздың 190 жылдан астам тарихы бар. Астанаға алып келген кітаптар тізімінде шығыстану іліміне қатысты еңбектер өте көп. Сонымен қатар, тарих, техникалық ғылымдар және менеджмент тақырыбында жазылған еңбектерді ұсынып отырмыз. Бұл кітаптардың арасында бұрын-сонды көпшілік назарына ұсынылмаған жаңа еңбектер де бар. Сондықтан қазақстандық оқырмандарға өте қызық болады деп үміттенеміз.  

Досбаева Рахила, Қорқыт ата мемлекеттік университеті, ғылыми-техникалық кітапханасының бөлім меңгерушісі:

— Біз бүгін көпшілік назарына сирек кездесетін кітаптарды ұсынып отырмыз. Кітаптар XVII ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың аяғында жазылған.  1937 жылдары қиын-қыстау заманда біздің өңірімізге қоныс аударған кәрістер өздерінің кітап қорларымен келген.  Осы кітаптар біздің университетімізде сақталып қалды және бүгінде филология  факультетінің студенттері осы еңбектерді күнделікті дәрістерінде пайдаланады. Сондай-ақ, ескі славян тілінде жазылған Екатерина патшайымның кітаптарын да көрмеге қойып отырмыз. Барлық еңбектерді Қорқыт ата университетінің студенттері пайдаланатынын атап айта кеткен жөн.  

Көрме-жәрмеңкесінде сонымен қатар, жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы мен Рақымжан Отарбаевтің бірнеше кітаптарының тұсаукесері өтті.


Рүстем ӘЛПИ

Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ  

Ұқсас материалдар