Астанада этнобұйымдар көрмесі өтті

11.10.2016 4835
С. Бәшіров коллекциясына тиесілі XX ғасырдың ортасындағы қазақ түскиізінің сирек нұсқалары мен киіз үй жабдықтары, өзге де тұрмыстық бұйымдар қойылды.

Өзіндік қолтаңбасы бар зергер Сержан Бәшіров қазақ халқының көне зергерлік әшекейлері мен тұрмыстық бұйымдарын жинап жүрген жеке коллекционер ретінде белгілі. Астанада өткен көрмеде С. Бәшіров коллекциясына тиесілі XX ғасырдың ортасындағы қазақ түскиізінің сирек нұсқалары мен киіз үй жабдықтары, өзге де тұрмыстық бұйымдар қойылды.

Дәстүрлі материалдар – ағаштан, киізден, металдан жасалған 1920 жылдардан былайғы бұйымдардың бір парасы ретінде түскиіздер мен түкті кілемдерді айтуға болады.

Сән үшін төсектің тұсына ілінетін жабдық – түскиіздің шеті түрлі-түсті жіппен өрнектеліп кестеленген бір түсті матамен көмкеріледі. Ортасына жібек, мақпал, қымқап сияқты мата салып, меруерт, маржанмен де тігіледі. Көрмеге қойылған түскиіздер мен кілемдер қазақ халқының өмір тіршілігінде айрықша орын алатын ою-өрнектермен көмкерілген. Жалпы халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде ою-өрнек қатыспайтын саланы табу қиын.

Қабырғаға тұтылған түскиіз бен кілемдегі кестелер мен өрнектер шеберлердің қиялынан сыр шертеді. Халық аңызы желісі бойынша, ертеде алысқа ұзатылған қыз артында қалған ауылына кестеленген бет орамалды сәлемдеме ретінде беріп жібереді. Орамалдың бетінде ұшқан құс пен жаңа бүршік атып келе жатқан гүл бейнеленіпті. Мұны көрген әке-шешесі:

– Қызымыз әуедегі құстай емін-еркін өмір сүріп жүр екен,– деп мәз болысқан екен.

Сержан Бәшіров қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен дүниетанымына, әдет-ғұрпы мен шаруашылық дәстүріне бала кезден қызыққан. 1986 жылдары ежелгі күміс тиындарды жинаудан бастаған. Уақыт өте келе жеке коллекциясы өзге де құнды жәдігерлермен толыға түскен.

– Қазақ тарихына деген қызығушылығым ерте басталды. Алғашқыда күміс тиындарды жинап жүретінмін. Біртіндеп қазақ этнографиясына бет бұрып, тоқыма кілем, кесте, киіз үй жабдықтары қызықтыра бастады. Аумалы-төкпелі заманда қазақ шеберлерінің еркін жұмыс істеуіне қолайлы жағдай болмай, қол үзіп қалды. 1920-1930 жылдары тұрмысымыз мүлдем өзгеше кейіпке енді, – дейді зергер.

Ал ШҚО, Марқакөл өңірінен табылған мына сәукеле XIX ғасырға тиесілі. Сержан Бәшіровке сол өңірдің тұрғыны тапсырған. Ұзақ жылдар бойы сандық түбінде сақталған көне бас киім тарихы ұмтылып қалғандықтан сәукеле туралы нақты мәлімет жоқ. И.Георги, Ш.Уәлиханов, И.Ибрагимовтың жазбасы бойынша «сәукеле – күміс және алтын ақшалармен, інжумен, сондай-ақ маржанмен әшекейленген, биік конус тәрізді бас киім». Осы бас киімді келін күйеуге шыққан алғашқы күндерінен бастап, бір жылға дейін киген. Сәукеленің негізін жұқа ақ киізден сырып тігеді де, сыртын қызыл шұғамен тыстап, қымбат, бағалы аң терісімен әдіптейді. Ұшы жіңішкере келген төбесіне үкі қадап, бергегіне бетті көлегейлейтін желек бекітеді.

Көрмеге ат әбзелдері мен жасалу ерекшелігі жағынан әр түрлілікке ие айыл-тұрмандар да қойылды. Ат тарақ, құйысқан, өмілдірік сияты ер-тұрманның қосалқы жабдықтары 1930 жылдардың көзі.

Киіз үйдің ішінен жабылатын тақтай есік сықырлауық сүйектеп, оймышталып жасалған. Ал киім-кешек, әртүрлі зат ілуге арналған адалбақанның жоғарғы жағынан күмістелген төрт-бес темір сақина кигізілген. Халық ұғымында адалбақан қасиетті, таза мүлік деп есептеледі. Ол ұзатылатын қыздың жасауына қосылады және бөгде адамға тарту етілмейді. Бағалы құнды зат орнында жүретін адалбақанды шеберлерге арнайы ақы беріп тапсырыспен жасатқан.

Әлемдік авангардтың, халықтық өнердегі ғарышнамалық абстрактылық идеялар айқын көрінетін және дәстүрлі ұлттық символикамен қанықтырылған авторлық әшекей бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Суретші шығармашылығының негізгі тақырыбы болып келетін ғарыш, табиғат және тарих дүниетанымы бейнеленген жарқын туындыларымен ерекшеленеді.

С. Бәшіров 1964 жылы  Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Алматының Гоголь атындағы Мемлекеттік көркемсурет училищесін, 1991 жылы Алматы Мемлекеттік театр-көркемөнер институтын тәмамдаған. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Оның туындылары әлемнің көптеген елдерінде өткен көрмелерде келушілердің жүрегінен орын алған. 2005 жылы ол ЮНЕСКО-ның «Сапа белгісі» сертификатына ие болды.


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Ұқсас материалдар