Қандастар Ассамблея

Астанада «Жаңғыртылған жәдігерлер» атты көрме өтуде

19.05.2016 4811
Халықаралық музейлер күні

18 мамыр – халықаралық музейлер күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Жаңғыртылған жәдігерлер» атты көрме ашылды.

«Жаңғыртылған жәдігерлер» деп атауы айтып тұрғандай көрмеге кескіндеме, графика, қыш, киіз және тоқыма бұйымдары, ағаш, тері, сүйек және металдан жасалған мәдени құнды жәдігерлер қойылды.

 

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай мырза музей қызметкерлерін халықаралық музейлер күнімен құттықтап, озат қызметкерлерге арнайы төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етті.

«Жаңғыртылған жәдігерлер» көрмесіне қойылған құнды жәдігерлерді Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің консервациялау және қалпына келтіру қызметінің мамандары асқан төзімділік, кәсібилікпен жүзеге асырған.  Ұлттық музейдің консервациялау және қалпына келтіру қызметі 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сол уақыттан бері қарай  500-ден астам құнды жәдігерлер жаңғыртылды. Қызмет мамандары кескіндеме, графика, қыш, киіз және тоқыма бұйымдары, ағаш, тері, сүйек және металдан жасалған мәдени құндылықтарды консервациялау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.

 

Көрмеге қойылған жәдігерлердің ішінен зергерлік бұйымдарды, ағаштан, былғарыдан және металдан жасалған тұрмыстық заттарды; киім, кілем-киіз, қыш және фарфор бұйымдарын да көруге болады. Атап айтсақ, ж.с.д. XIII–XII ғасырларға жататын білезік, XX ғасырдағы астау, үккіштер, Құран Кәрім кітаптары, белгілі суретшілердің картиналары, зергерлік бұйымдар, аяқ қаптар, басқұрлар мен тұскиіздер бар.

 

Халықаралық музейлер күні туралы

Бұл атаулы күн Халықаралық музейлер кеңесінің Мәскеу мен Ленинградта өткен конференциядағы ұсыныстары негізінде 1977 жылдан бері аталып өтіліп келеді, деп жазады kazmuseum.kz сайты.

Қызық дерек: 

  • Музей күнін әлемнің 150-ден астам мемлекеті мереке ретінде атап өтеді. 
  • Бұл күні барлық музейлерде «Музей түні» шарасы аталып өтіледі. 
  • Қазақстанда қазіргі уақытта 230-дан астам музей бар. 
  • Еліміздегі 230-дан астам музейде 48 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. 
  • Қазақстандағы алғашқы музейлік бастаманы 1823 жылы Жәңгір хан көтерген. Сол жылы өз ордасында музейлік көрме залын ашты. Бірақ Жәңгір ханның бұл бастамасы музей ретінде танылмады. 
  • Ресми түрде Қазақстандағы алғашқы музей 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда ашылды. Кейін 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда ашылды. Жалпы, революцияға дейін Қазақстанда осындай 4 музей болды. 
  • Революциядан кейін 1920 жылы Қостанай мен Көкшетауда музей ашылды. 
  • Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстанда 24 музей болды. Онда 70 мыңнан астам жәдігер сақталды. 
  • Кеңестік Қазақстандағы музей ісінің дамуына Г.Потанин, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков зор үлес қосты. 
  • Қазақстанда "музейтану" мамандығы 1981 жылдан бері (ҚазМУ) оқытылып келеді. 
  • Музей түнін өткізу идеясы ең алғаш рет 1970 жылдары ұсынылды. Бірақ, идея қолдау таппай 1997 жылға дейін бұл шара өткізілмеді. 
  • Әлем бойынша бұл идеяны алғаш рет 1997 жылы Германия «Lange Nacht der Museen» («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атпен өткізді. Берлинде өткен шараға ресми Париж қызығушылық білдіріп, 2001 жылы Луврда музей түнін өткізді. 
  • Қазақстандағы алғашқы музей түні 2006 жылы Алматы қаласындағы Орталық музейде өтті. 
  • Әлемдегі музейлердің қызметі Халықаралық ИКОМ-ға бағынышты. ИКОМ (International Council of Museums, ағылшын. ICOM) 1946 жылы Парижде құрылды.

 Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Бауыржан ЖУАСБАЕВ

 

 

Ұқсас материалдар