Қандастар Ассамблея

Астанада өз кәсібін бастау мен дамыту бойынша ең ірі V "Стартап Форум" өтті

12.03.2015 2753
Қаржылай сауатты, бизнеске икемі бар жас, дарынды жандардың басын қосатын «Стартап Форум» биыл бесінші рет өткізіліп отыр.

Қаржылай сауатты, бизнеске икемі бар жас, дарынды жандардың басын қосатын «Стартап Форум» биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Өз ісін бастауға қадам басқан жас іскерлерге арналған іс-шараға Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы, «КАЗКА» Қазақстан Кәсіпкерлер қауымдастығы және Астана қаласының әкімшілігі қолдау көрсетіп отыр. Жан-жақты білім, байланыс және ашық ақпарат шоғыры ұсынылған ауқымды ақпараттық жоба – тек іскерлік байланысты қамтып қана қоймай, сондай-ақ бизнесті дамытудың  конструктивті шешімін үйлестіретін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара қарым-қатынасының жаңа моделінің көрінісі болып табылады.

«Форумға Астана қаласымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан астам кәсіпкер қатысуға ниет білдірген. Соңғы жылдарда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында: 5000 қатысушы, 20 өзара тәжірибе алмасу, 30 бизнес-трениг, 10 000 астам екі жақты «Business to Business» кездесулері өткізіліп, ірі ортақ жобалардың пайда болуына ықпал етілген»,-дейді шара ұйымдастырушылары.

Аталмыш дереккөздің хабарлауынша, биылғы форум жаңаша серпіні мен өткен жылдардың сәтті тәжәрибесін ортаға салу, жас кәсіпкерлердің тырнақалды бағдарламалары мен жобаларын дамыту тетіктерін бірігіп талқылау және оларға қолдау көрсету, сондай-ақ бизнес кеңістігінде биік белестерді бағындырған көрнекті спикерлердің қатысуымен ерекшеленеді.

Форумның басты мақсаты – шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау жасау, олардың өз істерін бастау үшін, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болу үшін қажетті ақпарат беру.

Форум елорданың үздік кәсіпкерлерін марапаттау салатанатты рәсімімен басталды. Олар 14 номинация бойынша марапатталды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев форумның ашылу салтанатында шағын және орта бизнесті дамыту қалалық әкімдік жұмысының басты бағыты екенін атап өтті. Бүгінгі таңда Астана қаласында 61 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпкерлік жұмыс істейді.

Нұрәлі Әлиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі форум кәсіпкерлер мен жаңа жобаларды қолдауға бағытталған жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. Біз кәсіпкерлікті экономиканың бәсекеге қабілетті әрі тиімді дамуының негізгі бөлігі деп есептейміз. Форумның жекелеген секцияларынан кәсіпкерлердің сәтті тәжірибелері бойынша, бизнес-үлгілер жасау бойынша, бизнес құрудың құқықтың негіздері жөнінде, тиімді салық салу модельдері, кадрларды басқару, клиент тарту, әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау туралы қажетті ақпараттар мен кеңестер ала аласыздар.

Форум бағдарламасына мемлекеттік органдардың қатысуымен өтетін дөңгелек үстелдер, мемлекеттік қызметтер алу мәселелері бойынша презентациялар, табысты кәсіпкерлер өткізетін бизнес-треннингтер мен шеберлік сыныптары кірген. Сондай-ақ, «Шағын және орта бизнес қызметтері» көрмесі мен «Business to Business» форматындағы бизнесмендердің екіжақты кездесулері ұйымдастырылған. 

Материалды әзірлеген - Лейла НҰРПЕЙІСОВА

Суреттер авторы - Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар