Астанада қоғамдық көліктердің болашағы талқыланды

27.10.2016 4414
Астанада өткен «Астана қаласының көлік кешенінің даму үрдісі» конференциясында ASTRA көлік басқару компаниясының жаңа форматы таныстырылды.

Қазір Астанада миллионнан астам тұрғын болса, соған сәйкес 340 мыңнан астам көлік тіркелген. Жыл сайын бұл көрсеткіш 6-8 пайызға артып келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, автокөлік санының күрт өсуі қаланың көлік инфрақұрылымына кері әсерін тигізеді. Осы себепті Астанада жаңа технологиялық көлік үдерісін кезеңімен модернизациялау бағдарламасы іске қосылып, елорданың көлік басқару саласында жаңа дәуір басталды. 

Астанада өткен «Астана қаласының көлік кешенінің даму үрдісі» конференциясында ASTRA көлік басқару компаниясының жаңа форматы таныстырылды. Кездесу аясында 10-нан аса елдің жетекші сарапшылары мен көлік холдингтерінің басшылары көлік саласындағы стратегиялық жоспарлау қағидаларын, жеңіл рельсті көліктің құрылыс технологияларын, электронды төлем енгізудің әлемдік тәжірибесі, оқушыларды тасымалдау қызметтерін енгізу жайын талқылады. Астанада жаңа технологиялық көлік үдерісін модернизациялау Елбасының Жолдауында айтылған көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытудың кешенді жоспары негізінде жүзеге асырылуда. 

Астана транспорттың әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы ТМД елдеріне үлгі

Барлық қоғамдық көлік сегментін біріктіретін әлемдегі беделді ұйымдардың бірі – Халықаралық Көлік Одағының бас хатшысы Алан Флауш шақырылып, әлемдік тәжірибедегі қоғамдық көліктерді қаржыландырудың баламалы үлгілеріне шолу жасады. Флауш мырзаның айтуынша, Астана транспорттың әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы ТМД елдеріне озық үлгі көрсетіп отыр.

«Жаңа технологияларды енгізу қоғамдық көлік тиімділігін арттыра түспек. Естуімше, күн сайын астаналықтардың 33 пайызы қоғамдық көлік қызметіне жүгінеді. Астана халқы артқан сайын, мүмкіндіктер де көбейе бермек. Көлік кешені сапасын жақсарту бағытындағы жобаға қатысып отырғаным үшін қуаныштымын. Қолға алынып отырған бұл жобаны түгелдей іске асырып, халыққа пайдалануға беретін болсаңыздар, қала көліктен толық азат болады. Астана қаласының жеке бюджетінің барлығы көп нәрсеге ықпал етеді» дейді бас хатшы. Оның сөзінше, алдағы 30 жылда әлем халқының 70 пайызы қалада тұрақталған көлік жүйесінің қызметін пайдаланады. Дегенмен, қоғамдық көлік жүйесінде мәселеге айналып отырған – қаржыландыру ісі әлі де өз шешімін таппай отырғандығын айтады.

– Біз халықтың бақытты, әрі қуанышты өмір сүргенін қалаймыз. Соңғы үш жылда қоғамдық көлік жүйесін қаржыландыру ісі мәселеге айналды. Қаржылық дағдарыс әлі жалғасуда. Әлемде бұл мәселе бойынша табысты елдер бар. Бірақ қаржы жетіспеушілігі мәселесін шешуге мықты мамандар тартылуы керек. 2008 жылы әлем дағдарысы кезінде АҚШ-та барлық қызмет бір күнде тоқтап қалған болатын.  Тіпті балаларды мектепке таситын автобустар да жүрмей қалып, қиналып қалған едік,-дейді Алан Флауш. Қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар екендігін айтқан ол, субсидияның басым бөлігі жол мен қызмет сапасына жұмсалу керектігін атап өтті.

– Еуропада субсидияның 66 пайызы инфрақұрылымға, жол сапасына жұмсалады. Мысалы, Болгария, Польшада көлік жүйесі қызметі өте нашар дамыған. Олар қазіргі күні қоғамдық көлік кешенін дамытуға үлкен көлемде қаржы бөлуде, – деген Алан Флауш жол-көлік қызметі жағынан Астанаға ұқсайтын Копенгагеннің жобаны енгізудегі сәтті тәжірибесіне де тоқталып өтті. – Копенгаген тұрғындарының 35 пайызы велосипед тепсе, 25 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Қалада халықаралық қоғамдық көлік одағы кеңсесін ашу туралы келісім күшіне енгелі бері, жобаның экономикалық тұрғыда пайдалы екендігін қаржы ағыны мен салық алымдары ашықтығынан көруге болады.

2017 жылы қаладағы автобустардың 60 пайызы  жаңартылады

Конференцияда сөз сөйлеген қала әкімі Ә.Исекешов қаладағы көлік қозғаласын бір ретке келтіру кешенді жүргізіліп жатқандығына, сонымен бірге қоғамдық көлік жүйесін дамыту ісіне баса назар аударды.

«Астана – туристер үшін және қонақтар, тұрғындар үшін қолайлы қала. Осы себепті қазіргі күні халық саны 1 миллионға жуықтады. Тұрғындар санының көбеюімен қатар автокөлік саны 500 мыңға жетті. Мұндай қарқынмен Астанада өзге қалалардағыдай көлік кептелісі сағаттап орын алуы мүмкін. Қала мегаполис деңгейіне жеткенде көлік кешенін сапалы басқару мақсатында 2011 жылдан бері «Astana LRT» ЖШС құрылған болатын», - деді Ә.Исекешев. Әкімнің сөзінше, қаладағы жол қозғалысы кезінде алдымен жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге, қоғамдық көліктерге басымдық берілмек.

«Әлемдік тәжірибелерді сараптай отырып, көлік саласындағы стратегиялық жоспарлау қағидаларын бекітуге тиіспіз. Ондаған жылдар бұрын қала тұрғындары іскерлік ауданнан алыс тұруы себепті, жеке көлікті пайдаланатын еді. Қазір астаналықтардың үштен бір бөлігі қоғамдық көлікпен қатынайды. Бұл межені одан ары арттыруды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті қала әкімі Ә.Исекешов.

Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта Астанада 25 жол, 6 көпір, 9 жолайырық, 50-дей инфрақұрылым нысаны салынбақ. Қазір Астанада 1134 автобустың  35 пайызы жаңартылған. 2017 жылы бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

«Bus Lane» жобасы көше қозғалысын жеңілдетеді

«Астана LRT» ЖШС Астана қаласының жолаушылар көлігін диспетчерлендіру орталығының филиал басшысы Бауыржан Сейітов, қоғамдық көлікке бөлінген жолақтарды енгізу кезең-кезеңімен іске асырылып жатқандығын айтады. Мұндай реформа өз кезегінде автобустар жиілігі мен көлік кептелісін азайтуға көмектеседі.

«13 магистраль, Абай, Кенесары, Б.Момышұлы, шоссе Алаш, Н.Тілендиев сияқты бірнеше көшелерде біржақты қозғалыс пен автобус жолақтары енгізілді. Қазіргі уақытта жеке меншік көліктер мен қоғамдық көлік ара қатынасын сақтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылы көше қатынасын реттеу мақсатында тағы бірнеше көшелерге осындай жолақтар енгізіледі. Бүгінгі күні келісім жұмыстары біржақты етілуде» дейді ол.

Астананың қоғамдық көлік бағдарлар жүйесінің жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Қалада 1223 аялдама пункттері бар. 2015 жылдан бері 38 шақырымнан астам арнайы автобус жолағы бөлінді.

Астанада күн сайын 40 мыңнан астам ата-ана балаларын мектепке апарады

Конференцияда көтерілген жобалардың бірі – «Shool bus» бағдарламасы мынадай мәселелерді шешуге көмектеседі:

-         Оқушы тасымалының бірыңғай стандарты мен технологиясын құру;

-         Оқушылардың қоғамдық көліктегі қауіпсіздігі;

-         Қала және аудан мектептерін қамту;

-         Уақыт дәлдігі;

«Астана LRT» ЖШС-ның Жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бейбіт Есжановтың айтуынша, жоба Астана қаласының көлік кешенін модернизациялау бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.

«Оқушыларды білім мекемелеріне тасымалдаудың қауіпсіз жүйесін жасау қолға алынып отыр. Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде анықталғандай, 40 мыңнан астам ата-ана күн сайын балаларын мектепке апарып, алып келеді. Бұл көше қозғалысы жүйесіне әжептәуір салмақ. Қазір жобаның бірінші этапы бойынша, қаладағы 10 мектепке 24 автобус беріліп, балалар сабаққа тегін қатынауда» дейді Бейбіт Есжанов. Қазіргі кезде Астанада мектеп автобусының жетіспеушілігін жою үшін өндіруші зауыттармен келіссөздер жүргізілуде. Ал, жол ақы құны тариф саясатына сәйкес белгіленетін болады.

Электрондық жүйе – жол ақысын төлемеуді 10 пайызға дейін азайтады

Астана қаласында қоғамдық көліктердегі төлем жүйесін электронды түрге көшіру 2016 жылдың соңына қарай жүзеге асыру жоспарланған. Осы бағытта қолға алынып отырған «ASTRA PLAT» жобасы - жол ақысын төлеудің электрондық жүйесі. Бұл төлемнің басты ерекшелігі 60 минут ішінде бір автобустан келесі автобусқа тегін отыруға болады. Сондай-ақ автобус ішінде отырып-ақ, картаны сатып алуға және карта шотын толтыруға мүмкіндік бар. Әрі автобус қозғалысының аралық уақытын реттейтін және қоғамдық көліктің жылдамдығын арттырмауын бақылайтын арнайы тетігі жұмыс істейді.

Сергей Попов, «Астана LRT» ЖШС ІТ-технологиялар және байланыс бөлімінің жетекшісі:

«Біздің компания қазіргі уақытта Астана бойынша ІТС жүйесін енгізумен айналысуда. Бұл – интеллектуалды көлік жүйесі. Соның нәтижесінде қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету сапасы жақсарады деп күтілуде. Қазіргі уақытта автобустарда Еуропадан сатып алынған арнайы валидаторлар орнатылуда. Сонымен қатар, электронды төлем жүйесін іске қосардың алдында қала бойынша арнайы автоматтар орнатылмақ. Аталмыш автоматтар арқылы тұрғындар бір реттік және ұзақ мерзімді жол жүру билеттерін сатып ала алады. Сонымен бірге электронлы жүйе жолаушылардың жаппай жол ақысын төлемеу деңгейін 10 пайызға азайтады». 

2017 жылы Астанада тағы 55 жылы аялдама орнатылады

Халықаралық конференция аясында өткен көрме барысында жабық типтегі жылы аялдама көпшілік назарына ұсынылды. Беларусьте жасалған бұл аялдама үлгі мақсатында жасалған. «Астана LRT» ЖШС Басқарма төрағасының айтуынша, алдағы уақытта кең көлемдегі аялдамалар экранмен, жылумен қамтылып, соны технологиялық жабдықтармен толыға түспек.

«Астана LRT» ЖШС Басқармасының төрағасы Талғат Ардан:

«Қалада орнатылған жылы аялдамалар халыққа ұнады. Дегенмен былтыр аялдама құнына байланысты халық тарапынан әр түрлі сын болғаны есімізде. Егер байқаған болсаңыз, қалада орналасқан 27 аялдама қысы-жазы кіріп-шыққан адамдарға толы. 2017 жылы тағы 55 аялдама орнатылады, қала бойынша мұндай аялдама саны 82-ге жетеді».

Жүрдек трамвай күн сайын 150 мыңнан астам жолаушыны тасиды

Басқарма төрағасының айтуынша, Астанадағы жеңіл рельсті көлік 2018 жылдың соңында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

«Жеңіл рельсті көліктердің нақты қай уақытта, қай минутта іске қосылатынын тап басып айта алмаймыз. Іске қосылып жатса, жол жүру уақытын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Ал, жол жүру ақысын 200 теңге деп белгіледік», — деді «Астана LRT» ЖШС басқармасының төрағасы Талғат Ардан.

Көшелерден тыс және көше тораптарында да пайдалануға арналған жылжымалы құрамды жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылыс жұмыстары сәтті жүріп жатыр. Жүйеге эстакадалық жол, 18 заманауи станция, 19 вагон және 1 депо кіреді. Астана тұрғындары мен қонақтарының игілігі үшін жасалып отырған жеңіл рельсті көлік LRT Астананың ауа-райына толықтай бейімделіп Астана әуежайын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесімен, сондай-ақ жаңа теміржол вокзалымен байланыстыратын болады.

«Аталған жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы индустрияландыру және инвестициялар жөніндегі бағдарламалар шеңберінде іске асырылуда. Жоба реализациясы басталып кетті. Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі ТМД елдерінде теңдессіз көлік кешені болмақ. Күн сайын 150 мыңнан астам жолаушы тасымалданады» дейді басқарма төрағасы Талғат Ардан.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Қазақстан Халықаралық қоғамдық көлік Одағының кеңсесін ашу туралы келісімге қол қойған болатын. UITP, яғни халықаралық қоғамдық көлік одағының құрамына 96 елдің 1500-ге жуық компаниясы мүше болып тіркелген. Олардың дені – көлік саласындағы үздіктер.


 Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Ұқсас материалдар