Қандастар Ассамблея

Астанада «Ел мақтаныштары» фотокөрмесі ашылды

19.05.2016 4481
Фотоөнер

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ел мақтаныштары» атты фотокөрме ашылды.

 

«Ел мақтаныштары» деп аты айтып тұрғандай көрменің тақырыбына арқау болған жандар – тәуелсіз еліміздің дамуына ерен еңбек сіңірген танымал тұлғалар. Көрмеге 90-ға жуық белгілі тұлғалардың фотобейнелері қойылыпты. Олардың арасында  Халық қаһарманы, Қазақстанның Еңбек Ері атақтарына ие болған тұлғалар, Олимпиада чемпиондары, мәдениет пен экономика салаларындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаттары сондай-ақ өнер майталмандары мен зиялы қауым өкілдері бар.

 

Фотокөрмеге Мәдениет және спорт министрлігі, Астана, Алматы қалалары, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктері қолдау көрсетіпті. Кітапхана залында жарқырап тұрған әрбір кейіпкермен бетпе-бет жүздесіп, олардың жарқын бейнелерін суретке түсіріп, немесе осы тұлғалардың бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттерін жинастырып, фотошежіре жасаған шығармашылық топ – «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігі. Жобаның түпкі мақсаты – болашақ ұрпаққа арнап еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде болған мемлекеттік, қоғамдық және рухани маңызы бар оқиғалардың фотошежіресін жасау.

 

Көрменің өтуіне «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігіне мүше онға жуық кәсіби фотографтар мен фототілшілер үлес қосыпты. Мұнда фото өнерді серік еткен азаматтардың шынайы, еш боямасыз түсірген сәтті кадрлары қойылыпты.Осы фототілшілердің ішінде Оңғарбек Алхаровтың есімін ерекше атап өтуге болады. Себебі, ол – көрме залына қойылған 90-ға жуық бейнелердің 80-90 пайызын ел аралап жүріп фотоға түсірген автор.

 

Оңғарбек Алхаров:

Өткен жылы ел тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай еліміздің  мақтаныштарына айналған тұлғалардың фотосын жинастырып, елге көрсетсек деген ой туды. Осы ойымызды жүзеге асыру үшін Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов пен Алматы қаласындағы Қазақстан Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқаров ағамызға жолықтық. Ол кісілер мемлекеттік премия беру жөнінде әділ қазылар алқасының мүшесі болып табылады.   Сондықтан, осы ағаларымыздан  тізім сұрадық. Бізге іріктелген 100-ден астам адамның тізімін берді. Жоспарды жобалап, іске асырамыз дегенше 4-5 тау тұлғаларымыздан айырылып қалдық. Бұл іс-шараның тағылымы – арамызда жүрген ел мақтаныштарының суретін қарашаға, өскелең ұрпаққа таныстыру.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің ерекшелігі – барлық суреттер холост деген материалда басылғандығында. Холостың фактурасы адам денесінің фактурасына сәйкес келеді. Бұл – картина мен фотографияның арасындағы туынды. Автордың айтуынша, әрбір фотоның көлемін кең көлемді етіп алған, кең форматтағы фото шынайлығын, табиғи сипатын жоғалтпайды.

 

Төлен Әбдікұлы, Республикалық «Өркениет» қоғамдық әдеби-көркем журналының бас редакторы:

Көрмеге шынында да қазақтың ең белгілі азаматттарының суреттері қойылыпты. Суреттер кәсіптік деңгейде түсірілген, шеберлік байқалып тұр.  Жақсыны халыққа таныту, жастарға үлгі қылу, бұл өте керек нәрсе. «Ел мақтаныштары» деген сөз өте жауапты, күрделі ұғым. Себебі, әр кезде, әр заманда ел мақтанышы деген ат сол күйінде тарихта қала бермеген. Өзгеріске ұшырап отырған. Бір кездердегі елдің мақтанышы басқаша сипатта болған. Белгілі дәрежеде, дәуірге, саясатқа, режимге емес, халыққа қызмет ету керек. Сонда ғана адамның атағы да даңқы да тұрақты болып қалады.

 

Үмітхан Мұңалбаева, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы:

Егеменді еліміздің тарихын жасап отырған осы бүгінгі көрмеге арқау болған ұлы ағаларымыз бен апаларымыз.  Бүгінгі шара неге Ұлттық кітапхананың шаңырығында өткізіліп отыр деп ойлайсыздар? Себебі, әрбір кітаптың бетінде, әрбір кітаптың тарихында осы суреттер бұғып жатады. Егеменді еліміздің торқалы тойы құтты болсын.    

 

«ФОТОӨНЕР» қауымдастығына 70-ке жуық фотограф мүше ретінде тіркелген. Көрмені ұйымдастырушылар қаржылай көмек көрсеткені үшін «РБК» банкіне алғыс айтты.  Осы көрмеде қойылған әрбір кейіпкердің  суреті иелеріне тегін сыйға тартылатынын айта кеткеніміз жөн.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ

 

 

 

Ұқсас материалдар