Қандастар Ассамблея

Астанада қазақ тазысы мен қазақы төбеттің көрмесі өтті (фотобаян)

12.10.2015 9348
Көрмеге Қазақстанның 14 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан бас-аяғы 50 шақты тазы мен 20 төбет ит қатыстырылды.

«Еттің бәрі қазы болмас, иттің бәрі тазы болмас», деп құмай тазының қасиетін ерекше бағалаған қазақ үшін бұл жануардың орны бөлек. Тіпті өзі аш болса да, үйдегі еттің иісін де иіскемейтін тазының «Жеті қазынаға» кіруі тегін емес.

Кезінде қазақ даласынан мүлдем жоғала жаздап, қайта жаңғыртылған тазы тұқымының саны бүгінде еліміз бойынша шамамен 500-ге жуық. Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – саятшылық өнерін қайта жаңғыртуда «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы орасан жұмыстар атқарып жатыр. Соның бірден-бір дәлелі – 6 қыркүйек күні Астана қаласының маңындағы Жібек Жолы ауылында осы ұйымның бастамасымен өткен «Қазақ тазысы мен қазақы төбеттердің I республикалық көрмесі».

«Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай өткізіліп отырған шараға Ақмола облысының әкімдігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Жасыл Орда» ЖСШ-нің қолдау көрсеткенін атап өту қажет.

Көрмеге Қазақстанның 14 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан бас-аяғы 50 шақты тазы мен 20 төбет ит қатыстырылған.

«Жетектеген тазы түлкі алмайды», «Жетектеген төбет қораға үрмес» демекші, арнайы баптап-күтусіз оларды шынайы тазы, я төбет деу қиын. Сондықтан, көрмеге шақырылған арнайы мамандар иттерді рингте сараптады.

Одан соң иттердің жылдамдығын тексеру мақсатында 250 метр қашықтыққа жарысқа салды. Соңғы сынақ – иттердің аңшылық қабілетін анықтау болды. Бұл жолы тазылар борсықты қалай алатынын көрсетумен, ал төбеттер бөріге түсумен сыналды.

Мамандар тордағы қасқырға таяу келген төбеттердің жыртқышқа реакциясын бақылады. Үш кезеңнен тұратын сынақта үздік нәтиже көрсеткен иттерді және олардың иелерін арнайы сыйлықтармен, титулдармен марапаттады.

Шара барысында қазақы тазының күшігін асыраймын деушілерге, аукцион ұйымдастырылды. Олардың құны 50 мыңнан басталса, бір жастағы төбеттердің құны 200 мыңға дейін барды. Сатып алушыларға күшікті қалай күтіп-баптау керектігі жайлы нұсқаулық берілді.

Шараға келген мәртебелі меймандардың көрмеге қатысты пікірін тыңдадық.

«Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының Басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов:

Тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымыз қатар жүретін егіз ұғым. Қазақ хандығының 550 жылдығында қазақтың аңшылық пен саятшылық дәстүрінде орны бөлек тазы мен төбеттің бүгін міне бірінші республикалық көрмесі өтіп жатыр. Бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртудағы үлкен жетістік деп санаймын. Қазақы төбет пен тазыны бабалар аманаты ретінде сақтап қалу ендігі кезекте бүгінгі буын мен ұрпақтың еншісінде.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков:

Тазыны жеті қазынаның бірі деп тектен-тек атамаған. Өйткені олар ежелгі заманнан бері біздің көшпенді ата-бабамыздың тұрмысында үлкен септігін тигізген жануарлар. Сондықтан да, біздің міндетіміз біріншіден, осы иттерді сақтап қалу, екіншіден, оларды ары қарай дамытып, асыл тұқымды селекцияларын жүргізіп, осыны жандандыру. Заман алға ілгерілегенімен, бұл иттердің қазіргі уақытта да мал шауаршылығында орасан зор маңызы да, үлкен көмегі де бар. Сондықтан, бүгінгі іс-шараның маңызы зор, оған бастамашы болған Оралбай Әбдікәрімов бастаған үлкен қауымдастық бар. Біз оған қолдау көрсетеміз. Былтыр тазы итінің стандарты белгіленсе, биыл төбет иттердің стандарты бекілді.

Ақмола облыстық маслихат хатшысы, Дулат Нұрмолдин:

Алаштың ұлдары мен қыздары үшін бүгінгі күн - айрықша маңызды мейрам. Түбімізді, тегімізді, өсіп-өнген ортамызды анықтайтын сәт. Сондықтан да, халқымызбен бірге жасаған, аңын аулап, малын күзеткен тазы және төбет иттердің көмерсін өткізіп жатсақ, оған таң қалудың керегі жоқ. Сол заманнан келе жатқан бағалы мұра бүгінде қайта жаңғырып, жоғалғанымыз табылып жатса нұр үстіне нұр.

Шараға көршілес Қырғызстан, Әзірбайжан республикаларынан қонақтар қатысты.

«Кавказ тұқымдас иттер әуесқойлары» Қоғамының Төрағасы, Ильхам Гасымзаде:

Бұл қазақы төбеттер мен тазылар ежелден бері қазақ тұрмысында келе жатқан жануарлар. Әзірбайжан елінің атынан мен осы шараға екінші рет қатысып отырмын. Бізде өзіміздің әзірбайжандық бөрібасар тұқымы бар. Кеше халықаралық қоғамдастық құру туралы отырыс өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Ресей кіреді. Біз өз арамызда ұлттық асыл тұқымды иттерді мойындағымыз келеді. Өйткені Еуропа әзірге біздің ежелден келе жатқан асыл тұқымды иттерімізді түсіне алмайды. Олардың стандарттары басқа. Біз өзіміздің ата-бабаларымыздан қалған асыл тұқымды иттеріміздің қайта жаңғыртқымыз келеді. Бұл құрылғалы отырған ұйым Оралбай Әбдікәрім ақсақалдың басшылығымен жұмыс істейтін беделді қоғамдастық болғалы тұр. Ал бүгінгі шара туралы айтатын болсақ, бұл көрменің тәрбие тұрғысынан маңызы зор. Бұнда кішкентай балаларын алып келген отбасыларды көріп отырмыз. Балалар жануарларды жақсы көреді ғой. Сондықтан, бала кезіндегі естелігі олар үшін өте маңызды. Мен осыларға қарап, Қазақстанда өзімді үйдегідей сезініп отырмын. Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын.

Қырғызстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы мемлекеттік агенттігінің Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану департаменті директорының орынбасары, Құмар Мамбеталиев:

Ең алдымен, сіздерді мерейтойыңызбен, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуымен құттықтауға рұқсат етіңіз. Бүгінгі шара өз деңгейінде өткізіліп отыр. Оған бас-көз болып отырған «Қансонар» қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне алғыс айтқым келеді. Бізде де қазақ тазысына ұқсас тайганы деген бар, қазақы төбетке ұқсас бөрібасарымыз бар. Енді олардың айырмашылықтары мен ұқсастықтары туралы айту қиын, себебі қазақы төбеттер мен тазының ерекшеліктерін толық білмеймін ғой. Осы шаралар біздерді жақындастырады. Әрі қарай, оның масштабы ұлғаяды деп сенеміз. Өйткені бізде де бекітілген стандарттар бойынша осындай көрме, жарыстар өткізіліп тұрады.

«Алтын тамыр» журналының бас редакторы, ақын Несіпбек Айт:

Қазір ұлттық спорт түрлері, аңшылық, саятшылық дәстүрі жақсы дамып келе жатыр ғой. Рас, Кеңес заманында бұл біраз сиреп кетіп еді. Қазір енді асыл тұқымды ат, бүркіт, тазы мен төбет ұстайтын жігіттер бар. Осының бәрі қызығушылық тудырады.

Қазақстандағы Қытай Елшілігінің қызметкері, Доу Чжао Бин:

Мен иттерді жақсы көремін. Бұндай шараға бірінші рет келіп отырмын. Тазы, төбет сынды қазақы асыл тұқымды иттер туралы бұрынырақ естіген едім. Бірақ өз көзіммен бірінші рет тамашалауым. Қатты таңқалып тұрмын. Олар батыл, иесіне адал деп естідім.

Қарағанды облысы, Ақадыр ауылының тұрғындары Төлеутай Арыстанбек және Асхат Ақселеу:

Тазы иесіне өте адал, таза жануар. Өзі жүйрік әрі өте ақылды боп келеді. Бұл киелі жануар. Тазы, бүркіт, жүйрік ат ұстаған үйге пәле жоламайды деген ырым бар қазақта. Олар аштық кезінде түгел бір ауылды асыраған. Біздің тазымыз ерке, үйде босағада өз орны бар, содан аспайды. Жануар болса да, тазының адалдығынан біздер, адамдар үйренуіміз керек.

Қазақстандағы Венгрия елінің дипломаты, Нандо Картес:

Өте қызықты шара екен. Венгрияда пуми, комондор деген иттер бар. Олар да Қазақстандағыдай күнделікті тұрмыста мал бағуға көмектеседі. Иттердің сыртқы сымбатынан жүйрік екені байқалып тұр, енді жарыстағы өнерін көретін боламыз.

ҚР Зоолия институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі, Моңғолия ҰҒА академигі, Австрия ұлттық университетінің (Вена) құрметті профессоры, Әлихан Мелдебеков:

Енді, бұл шараны Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырып өткізіп отыр ғой. Ал, түптен келгенде қазақтың төбеті мен тазысы ежелден келе жатқан жануар. Бұл бұрыннан ұйымдастырылуы қажет дүние. Себебі біздің мына төбетті, қазақтың төбеттерін түрікмендер "алабай" деп өздеріне тіркеп алған. Ал, төбеттің екінші түрін Ресей Федерациясы "азиатская овчарка" деп өздеріне жаздырып алған. Аздап кешігіп жатырмыз дегенім сондықтан. Біз өзі қазақ асықпайтын халықпыз ғой. "Шүкір" деп соңынан жүреміз. Мынау шара орнымен өткізіліп отыр. Біреудің көзіне түсейін, я болмаса атымды шығарайын деп емес, орнымен өткізіліп отырған шара. Бұны Орекеңнің (Оралбай Әбдікәрімов) басшылығымен «Қансонар» аңшылар қауымдастығы ұйымдастырып отырғанына 3-4 жыл болып қалды. Қазір енді бізге аналармен таласып жүру ұят шығар, сондықтан өзіміздің төбеттің стандарттары жасалды. Одан кейін мына тазыны білесіздер оған ешкім таласып жатқан жоқ. Ертеректе бір тазыға қазақ 40-45 жылқы берген. Ол енді мықты тазылар ғой. Ол не деген сөз? Тазыны қастерлеген. Тазы қиын замандарда бір ауылды асыраған. Мына тазылардың әлі де сол тазылармен ұқсастығы бар. Бәлкім сол замандардан қалған таза қандылары да бар шығар. Тазының тағы бір қасиеті, сол кезде тазыны үйде ұстаған ғой. Сонда үйде ет не болмаса басқа тағамның беті ашық қалса, тазы аш болса да соны жемек түгіл, иіскемеген. Бұрынғы тазылардың қасиеті сондай болған. Сондықтан, бүгінгі іс-шара бұл - қажетті шара. Оны одан әрі кеңінен тарату қажет. Қазір енді осында бүкіл облыстан келді деп жатыр ғой, бірақ әлі естімей қалғандары бар шығар. Себебі, менің үлкен баламның үйінде үш төбеті бар. Оның денесі мында көргендерден әлдеқайда дәу. Оның өз қағаздары да бар. Бірақ оларды үйрету де керек қой. Бәлкім содан қатыспай қалды ма екен. Сондықтан, осында келе алмай қалған бұдан мықты төбеттері бар, тазылары бар адамдарды құлақтандыру үшін осы шараларды жалғастыруымыз керек.

ҚР Сенат Парламентінің депутаты Мұхтар Алтынбаев:

Тазы, төбет жайлы көп естігенім бар. Тарихын жақсы білем. Өйткені менің Чехияда бір досым бар. Ол төбеттің ұрғашы күшігін асырап алған еді. Қазір үлкен төбет болды. Қазақша, орысша емес, чехша біледі. Өте тәртіпті. Өкінішке қарай, біз төбеттің тарихын онша жақсы білмейді екенбіз. Олар маған интернеттен тауып, көрсетіп, содан білетін болдым. Ол: "қаны таза төбет бар ма?" деп ылғи сұрайды, алғысы келеді. Ана итін ресторанға алып барады, үстелдің қасында жатады екен. Үстелге қарап, бірдеңе сұрайды деген жоқ. Өте тәртіпті. Бізде үйде овчарка ғой, бірақ енді төбет ұстаймын деген ойым бар.

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет бойынша, қазақ тазысын алғаш рет әлемге танытқан жазбалар орыс тілді деректер арқылы хатқа түскен екен. Соның алғашқыларының бірінде қазақ тазысын "Туркестанская борзая" деген атпен былайша сипаттаған:"... Это - туркестанская борзая, собака величайшей красоты. На своей родине собаки эти зовутся тази; ими травят зайцев. Они отличаются изящными формами и могучими мускулами; кроме того у них необыкновенно тонкая и длинная голова. Верхняя частв тела покрыта короткой шерстью. Большие и висячие уши убраны длинными шелковистыми волосами. Ноги покрыты очень длинной шерстью, словно они в широких панталонах. Собаки эти в первый раз являются в Европе; одна из них добыта от киргиз у реки Эмбы, две других родились в Самарканде. Эти две разновидности тази довольно резко отличаются одна от другой ..." Тазының алыс қашықтыққа жүгіру жағынан жылдамдығына Европада бір де бір ит жетпейді дейді басылымдарда.

Иә, келешек ұрпақтың бойына патриотизм сезімін дарытып, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін, жоғала жаздаған ата-баба мирасын қайта жаңғыртатын осындай шаралар көбейе берсін. Шара барысында қонақжайлық танытып, келгендерге қымыз ұсынып, ән-күйден шашу шашқан Ерементау ауданының әкімдігіне алғыс айтамыз.


Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Суреттер авторы - Арман Қалибекұлы

Ұқсас материалдар