Астана Жастар театрының бір күні

17.02.2016 7419
Жастар театры 2007 жылы 5 шілдеде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылған.

Астана Жастар театры 2007 жылы 5 шілдеде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылған. Жас театрдың шымылдығы Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен түрілді. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері  – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Ал, директоры – Ернар Жұматаев.

Ұжым 2015 жылдың 1 наурызында жаңа ғимаратқа ие болып, IX театр маусымы осы шаңырақта ашылды. Бүгінде ұжымда жалпы саны 182 қызметкер бар. Олардың 45-і – әртістер. Театр әртістерінің барлығы – Нұрқанат Жақыпбайдың курсын бітірген талантты қыз-жігіттер.

Реквизитор Индизар Ержанованың негізгі мамандығы мұғалім болғанымен, ол 7-8 жылдан бері өнер саласында істеп келе жатыр. Индизар бізге жас театрдың реквизит бөлімінде 3 миллионнан астам зат бар екенін айтты.

– Менің міндетім – спектакль алдында әртістердің керек-жарақтарын қолдарына тапсырып, кейінірек оларды тізім бойынша қабылдап алу, – дейді реквизитор.

Ал, киім суретшісі Меруерт Құсмолдаева – Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі.

– Біз әр қойылымға 40 шақты костюм тігеміз. Егер, спектакльді екі құрам ойнаса, сәйкесінше екі есе көп киім қажет. Ең алдымен, режиссер маған сценарийді береді. Соны оқып шыққан соң, қойылымға қажетті костюмдердің эскизін сызамын. Ол режиссерге ұнаса, тігу үшін цехқа жіберіледі. Әртістердің киімі кинода жақыннан, ал театрда алыстан көрінеді. Сондықтан, костюмдерді алыстан да жақсы көрінетіндей етіп тігеміз, кейде тіпті желімделген қағаздан да жасаймыз. Театрда күнде қарбалас. Мұндағы процесс ұжымдық жұмыс болғандықтан, өте қызық. Сондықтан болар, жұмысқа асығып жетеміз. Әртістермен қалжыңдасып, әрқашан көңілді жүреміз, – дейді Меруерт.

Мына қызықты қараңыз, әртістер жүгіріп, секіретін күрделі спектакльде ойнайтын күндері тігінші қыздар сахна сыртында ине-жіптерін дайындап, сақадай сай отырады екен. Абайсызда киімі жыртылып қалған қыз-жігіттер бірден осыларға қарай жүгіреді. Былайша айтқанда, «жедел жәрдем»!

Костюм бөлімінің меңгерушісі Айнагүл Байділдинаның хикаясы тіпті ерекше. 20 жыл бойы учаскелік медбике болып істеген Айнагүл апай жасы жер ортасына жақындағанда жанының қалауы театр екенін түсінген.

Біздің «бұл салада қайдан адасып жүрсіз?» деген сұрағымызға:

– Жанымдағы қызметкерлер жұмысқа 4 ай бұрын ғана орналасты. Оның алдында 4 жыл бойы костюмдерді жалғыз өзім жуып, үтіктеп, тігіп жүрдім. Қазір «осы күнге дейін адасып жұмыс істеген екенмін» деп ойлаймын. Сүйікті ісіме кеш те болса қол жеткізгеніме қуаныштымын, – деген жауап алдық.

Костюм бөлімінде істейтін Айнагүл, Сәкеш апайлар мен Әйгерім әртістердің сахналық киімдерін спектакльден 2-3 күн бұрын дайындап қояды. Өйткені, аяқ астынан қойылым кестесі өзгеріп кетуі мүмкін. Қойылым аяқталған соң, костюмдерді жуу, жыртылған жерін тігу және үтіктеу – осы кісілердің міндеті. Қазір костюм бөлімінде ұсақ-түйекті санамағанда, 5 мыңнан астам сахналық киім бар. Олар күйе көбелек жемес үшін және жағымсыз иіс шықпауы үшін арнайы салқын бөлмеде сақталады.

Дәурен Серғазин – жас ұжымның беткеұстар әртістерінің бірі. Ол бас режиссер жоқ кезде әртістерге бас-көз болады, барлық репетицияларға жауап береді. Бүгінде ұстазы Нұрқанат Жақыпбайдың ақылымен режисссерлікке бет бұрған Дәуреннің қоржынында үш қойылым бар. Олар: «Жер мен көктің арасы» (авт. Марк Леви), «Алғашқы махаббат» (авт. Қ.Жүнісов), «Іздеп таптым сені» (авт. Т. Миңнуллин).

Дәурен Серғазин соңғы жылдар бедерінде «Қара шаңырақ», «Алдар көсе», «Жас ұлан» сериалдары мен «Жаужүрек мың бала», «Елбасы жолы», «А-ға оралу» фильмдері арқылы да көрерменге жақсы танылды.

Cахна машинистері Ғалым Қарағұлов пен Нұрсұлтан Шайлан

Сахна суретшісі Ерлан Тұяқов театр саласында 18 жасынан бері істеп келеді. Оның әкесі Есенгелді Тұяқов – Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас суретшісі. Ерлан әкемтеатрда әкесінің қасында жүріп көп нәрсе үйренген.

– Театрдың декорациясын шынайы затқа ұқсатып жасаймыз. Бірақ, гастрольдік сапарларды да ескеріп, олардың салмағын жеңіл әрі құрастырмалы етіп дайындаймыз. Олар жұмсақ не қатты болып бөлінеді. Мысалы, қарсы алдыңызда тұрған мына арба қатты декорацияға жатады. Ал, сахнада ілініп тұрған кенеп мата – жұмсақ декорация, – дейді суретші.

Грим бөлмесінде

Режиссер Бекболат Құрманғожаевтың Жастар театрында қызмет еткеніне биыл үшінші жыл. Қазірге дейін «Наурыз-Ару» ертегісі мен Мольердің «Ақымақ болған басым-ай» комедиясын сахналады. «Алдағы уақытта сахнаға аударма емес, өзіміздің төл шығармаларымызды шығарсам деймін» дейді ол.

"Тырау-тырау, тырналар" драмасынан көрініс

Бутафор Нұрсұлтан Қабен  – ұжымдағы ең жас қызметкерлердің бірі. Ол қазір қойылымға қажетті реквизит - қақпан жасау үстінде 

Жарық және дыбыс бөлімінде 4 қызметкер бар. Олардың екеуі жарыққа, екеуі музыкалық әрлеуге жауап береді. 

Театрдың жарық және дыбыс бөлімінің бас суретшісі Бақытжан Батыров жарық жағынан «Сұлу мен суретші», дыбыс жағынан «Махаббат миниатюралары» ең күрделі қойылым екенін айтады.

Көрермендерге қызмет көрсету менеджерлері

Ернар Жұматаев, Астана Жастар театрының директоры:

– Бұл қызметке биылғы жылдың қаңтар айынан бастап тағайындалдым. Кезінде осы театрдың негізін қалаған актерлердің бірі едім. Студент кезімізде «жеке театрымыз болса екен» деп қатты армандағанбыз. Араға жылдар салып, бірге оқыған достарыма, өзімнің қарашаңырағыма қайта оралғаныма қуаныштымын. Менің ендігі міндетім – осыған дейін өзіндік бет-бейнесі қалыптасып үлгерген театрдың одан әрі дамуына үлес қосу, шаруашылық жұмыстарын дөңгелету. 

Бүгінде Астана Жастар театрының репертуарында 30-ға жуық спектакль бар.  «Ревизор», «Жан азабы», «Шыңғысхан», «Меккеге қарай ұзақ жол», «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы», «Асауға тұсау», «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық», «Жер мен көктің арасы», «Тырау-тырау, тырналар» қойылымдары көптеген республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болды. Олардың басым бөлігі – бас жүлде.

Театр тынысынан сыр шертетін суреттермен танысқыңыз келсе мына сілтемеге өтіңіз!

Ал, IX театр маусымының ашылу рәсімін мына жерден тамашалай аласыздар! 


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Ұқсас материалдар