Қандастар Ассамблея

Астана жаңа автобустармен толықты

07.09.2015 4666
Астанада қоғамдық көліктердің саны артты

«Астана LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бөлімі қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктерде қатынау қолайлы әрі шапшаң болу үшін бірқатар кешенді шараларды атқаруда. Жақында ғана елорда автобустары тегiн интернетпен қамтылып, WI-FI Bus Astana жобасының тұсауы кесiлгенін жазған едік. Бүгін Астананың  ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер қатары 310 жаңа автобуспен толықса, тағы 48 автобус қазан айына дейін қатарға қосылмақ.

–Шілденің 11 күні «Iveco citylis» маркалы 241 автобусты пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Соның ішінде 34 автобус 18 метрлік, ал қалғанының ұзындығы 12 метр. Барлық автобустар кондиционерлік және бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген, - деді «Астана LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бейбіт Есжанов.

 

Оның айтуынша, 2017 жылға дейін автобустар тапшылығын болдырмас үшін, 958 автобус іске қосылмақ. Жоспар бойынша, 2015 жылы 358 жаңа автобус пайдалануға беріледі. 2016 жылы қосымша 200-250 қоғамдық көлік алынып, 2017 жылы елорданың автобус паркі тағы 350 автобуспен толығады  деп жоспарлануда.

 

Сондай-ақ бүгінгі таңда қалалық құзіретті құрылымдарда елордада қоғамдық көліктерге арналған қосымша жол жолақтарын жасау мәселесін талқылауда. «Астана LRT» ЖШС көлік бөлімінің директоры Рустам Халилевтің айтуынша, Бөгенбай батыр, Н. Тілендиев және Б. Момышұлы даңғылдарында үстіміздегі жылдың тамыз айында қоғамдық көліктерге арналған қосымша жолақтар жасалмақ. Шаһардың транспорт кешенін модернизациялау мақсатында жабық түрдегі 55 аялдама ашылатынын жазғанбыз.

 

Айта кетерлік тағы бір жәйіт, елордада ертеңнен бастап 26 қалалық автобус бағдарларының қозғалыс бағыттары өзгертіледі. Көлік жүйесін модернизациялаудың басты мақсаты – бағдарлар жүйесін жақсарту, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жоғарылату, қайталанатын қозғалыс бағдарларының санын азайту, автобус жүргізушілерінің ретсіз жол жүргізуін шектеу болып табылады.

Қазіргі таңда Астана қаласында 52 бағдар тіркелген, олардың 26-сы өзгертілді. Соның ішінде жетеуі екіге бөлініп, бүгінде 14 жаңа бағдарды құрап отыр. 

 

–Біз келесі бағыттардағы жағдайды жақсарту үшін кешенді жұмыстар атқарудамыз: біріншіден, маршруттық жүйені қайта құру, екіншіден, жылжымалы құрамды жаңарту, үшіншіден, жүргізушілер мен кондукторлардың біліктілігін арттыру, төртіншіден, жол жүру ақысын электронды түрде жүргізу, бесіншіден, электронды диспетчерлік қызмет, алтыншы, электронды ақпараттандыру қызметі, жетінші, көлік бақылау қызметі, - деді Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әбдіхамит Тамабаев.

 

Қоғамдық көлік қозғалысының жаңа сызбасы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді. Көлік жүйесін модернизациялау аясында автобустардың жылжымалы құрамы жаңартылып, көлік бақылау қызметі енгізіледі. Бағдарлар желісін модернизациялаудың тұжырымдамасы халықаралық ұйымдардың кеңесшілерінің қатысуымен әзірленген болатын. Сарапшылар қазіргі бағдарлар желісін терең зерттеп, жолаушылар ағымын байқап, қоғамдық көлікпен пайдаланатын адамдар санын анықтап, 35 мыңнан астам адам қатысқан ауқымды әлеуметтік сауалнама өткізді.

Болжамдарға сүйенсек, жаңа бағдарлар желісі қала тұрғындарының 85 % көңілінен шықпақ. Автобустар бағытының жаңа сызбанұсқасын мына сілтемеден көре аласыздар  

 Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Ұқсас материалдар