Қандастар Ассамблея

«Астана Арена» дауысын танисыз ба?

28.01.2015 3944
Ел.кз редакциясы Ұлттық құрама мен «Астана» клубының ойындары кезінде диктор болып қызмет ететін Риза Шабанаева есімді арумен сұхбат құрды.

Футбол ойынын стадионнан тамашалаған кезде ойындағы өзгерістерді хабарлап отыратын диктордың дауысын естиміз, бірақ көпшілік бұл диктордың кім екеніне, олардың қалай жұмыс істейтініне назар аудара бермейді. Ел.кз редакциясы футбол әлеміне басқа көзқараспен қарау үшін Ұлттық құрама мен «Астана» клубының ойындары кезінде диктор болып қызмет ететін Риза Шабанаева есімді арумен сұхбат құрды. 

Риза Шабанаева туралы қысқа ақпарат

Туған күні: 21.07.1987 ж.

Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар қаласы.

Кәсіби мамандығы: заңгер және аударма ісі.

Қызметі: «Астана» футбол клубының TMS (трансферлер бойынша) менеджері.

Сұхбат

– Дикторлыққа қалай және қандай жағдайда келдіңіз?

–Жанұямызда 3 қызбыз, ұл бала жоқ, ал әкем футболдың үлкен жанкүйері болатын. Мен үлкен қызы болғандықтан ұл баланың рөлін атқардым және әрқашан да әкеммен бірге ол кездегі «Есіл-Богатырь» футбол клубының ойындарына баратынмын. Футбол маған бірінші барғаннан-ақ ұнап кетті. Кейін бірде-бір ойын өткізбестен барып тұратын болдым. Футбол десе ішкен асымызды жерге қоятынбыз. «Есіл-Богатырь» футбол клубының фанклубының мүшесі болып, Астанаға жанкүйер ретінде келген жайым бар.

Оқу бітірген соң, 2009 жылы Астана қаласына келіп, Қазақстан жастар конгресіне жұмысқа тұрдым.  Бас қалаға келген соң жергілікті клубтың ойындарына бара бастадым. Тіпті жұмыстан да жиі сұранатын болдым.

Осылай жүргенімде бұқаралық ақпарат құралдарынан бір хабарлама естідім. Жаңа маусымның ашылуына байланысты БАҚ арасында аккредитация жүріп жатыр екен. Мен үшін бұл футболға жақын болуға таптырмас мүмкіндік еді және оны құр жібермеу үшін бәріне дайын едім. Бағыма орай, Қазақстан жастар конгресінің сайты болатын. Сол сайттың атынан екі адам болып аккредитациядан өттік, әріптесім – фотограф, мен – журналист.

2009 жылы мен ол кездері Қазақстан жастарының конгресінде қызмет етіп жүргенмін, менеджер болып.

Сөйтіп бірде-бір ойын өткізбей барлық ойынға барып жүріп, «Локомотив» футбол клубының (бұл қазіргі Астана командасының бұрынғы атауы) пресс-атташесімен таныстым. Есімі – Жамал Закреевич Тангиев. Маусым аяқталар сәт келіп, соңғы ойындар қалған кезде, Жамал Закреевич маған «дикторлық көмектесе аласың ба?» деген ұсыныспен шықты. Мен болсам, қуана-қуана келісе кеттім. Осылай, «Астана Аренада» екі ойынға диктор болдым.

Келесі жылы көктемде, жаңа маусым басталар тұста, «Локомотив» клубы тағы да маған шығып диктор болуымды сұрады және бұл жолы толық жұмыс та ұсынды, хатшылық қызметте вакансия пайда болған екен. Футболды сүйгенім соншалық, ойланбастан «иә» деп жауап бердім, жалақысын да, басқасын нақтылағым келген жоқ, тек ауысқым келді. Осындай қызық жағдайда үлкен футболдың ішінен бірақ шықтым. Дұрыс уақытта, дұрыс жерде болу деген осы шығар?!

– Ағылшын тілін меңгергеніңізді басшылық қалай білді?

–  Ұлттық құрамаға көмектесуге ұсыныс болды. Маған «қазақша-орысшасын өзің жүргізесің, ағылшын тіліне адам іздейміз» деді. Мен ағылшын тілінен де көмектесе алатынымды айтқан кезде, олар қуанып, маған ағылшын тілін де берді. Басында қазақ тілінде журналист әріптестерім сөйлеп жүрді де, кейіннен үш тілде де өзім сөйлейтін болдым.

– Үш тілде диктор болу қиын емес па бір ойында?

– Керісінше. Бас кезде қиындау болатын. Уақыт жағынан үлгеру, бәрін орнымен айту дегендей. Бірінші қазақша, сосын орысша, одан кейін ағылшынша. Үш тілге әбден үйреніп алған соң, кейде «Астана» клубының ойындарында ағылшынша айтып қойғым келеді (күлкі).

– Сіз дикторлыққа кәсіп ретінде, қызмет ретінде қарайсыз ба?

– Менің түсінігімде жұмыс істеген, белгілі бір қызметті атқарған адамға жалақы беріледі. Ал мен бұл жұмысым, қызметім  үшін жалақы алмаймын да және жалақы алуды жөн көрмеймін де. Дикторлық менің командама көрсететін қолдау ғана.

– Өмірде даусыңыздан танып қалатын жағдайлар бола ма?

– Иә. Ондай жағдайлар болады. Кейде, стадионға кешігіп жатқанда таксимен баруға тура келеді.  Сонда таксиде отырып, әңгімелесіп кетеміз. Астана Аренаға не себепті бара жатқанымды сұрағап, менің дауысымды естігенде кейбір такси жүргізушілері танып қояды (күлкі).

– Даусыңызды күтесіз ба?

– Шынымды айтсам, дауысымды мүлдем күтпеймін. Тамағым ауырып қалып, суық тиіп қалатын жағдайлар болады, бірақ оған қарамастан дәрілерімді алып, стадионға бара берем. Бірақ, әрине мұндай жағдайлар аз болады.

– Өзіңізді жетілдіруге тырысасыз ба?

– Бұл мен үшін өте өзекті сұрақ. Мен журналист әріптестеріме қатты қызығам, олардың сөйлеу мәнеріне, сөз саптауына. Таза кәсіби маман деп соларды айтуға болатын шығар. Мен олардан көп нәрсе үйренгім келеді. Менің бар артықшылығым – эмоциям мен жанкүйерлігім ғана шығар. Реті келіп жатса, міндетті түрде курс-семинарларға қатысқым келеді, білім алғым келеді. Ең бірінші кезекте дикциямды дамытқым келеді. Бірақ, әзірше мұндай мүмкіндік болмай тұр.

– Футболшылармен сөйлесіп, араласып тұрасыз ба?

– Иә, араласып тұрамын. Қызылжар қаласында жүргенде, бізге келген футбол жұлдыздарымен ылғи суретке түсетінмін. Кейін елордалық клубқа  келген кезімде Қайрат Нұрдаулетов, Марат Шаяхметов секілді футболшыларымызға кезінде бірге суретке түскенімізді айтқанда олар таңғалатын. Сол суретті көрсетпейінше сенбейтін. Олар мені әріптес ретінде таныған соң жанкүйер Ризаны елестете алмаған болар. Сондай-ақ, футболшылардың өзімен ғана емес, оларды жанұяларымен де жақсы араласамын.

Осында келгелі түсінгенім, футболшылардың бәрі өте қарапайым адамдар. Оны жұмыс барысында талай байқадым. Адамгершілігі мол, ақкөңіл жандар.

Бір оқиға айтып берейін. Мұны негізі айтқым келмеген, бірақ адамдар футболшылардың қандай екенін білуі тиіс.

Бір жолы менің анам науқастанып, нейрохирургия жағынан операция жасау қажет болды. Қызылжардан Астанаға ауыстырып, осында жасататын болдық. Бірақ операцияға өте көп ақша керек болатын. Дәл сол уақытта Виктор Дмитренко деген футболшының жарын Викторияны кездестіріп қалдым. Қай жаққа бара жатсың деп деді, мен нейрохирургияға дедім. Не болып қалды деген сұрағына анама сол жерде операция жасағалы жатыр, соған ақша керек, соны іздеуге бара жатырмын деп жауап қаттым. Ол мұны біреуге айтады деп мүлдем ойламаппын. Ал ол болса естігенін күйеуіне айтып қойыпты. Күйеуі алып Қайрат Нұрдаулетовке, Қайрат Нұрдаулетов командаға айтқан. Жаттығудан соң олар мен арнайы Аренаға шақырды. Мен не үшін шақырғанын білмей бардым, ойымның бәрі анаммен болды. Барсам, бар жайды айтып, көмек қолын созды. Мен жылап қалдым. Менің ақша алуға батылым бармай, алмаймын деп едім, олар бұл көмек саған емес, сенің анаңа екенін ұмытпа, егер тағы қажет болса, тағы жинап береміз деді. Анама  4 рет операция жасалды, қазір денсаулығы жақсы. Мен бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймын және осы үшін ең бірінші Аллаға, екінші осы футболшыларға алғыс білдіремін. Түсінесіз бе, мен олардан көмек сұраған жоқпын, өздері ерік білдірді.

Мәселе, ақшада емес, көңілде. Олардың анаңның жағдайы қалай деп сұрауының өзі мен үшін үлкен қуаныш. Мен оларға қатты ризамын. Олар тек маған ғана емес, көп адамға көмектеседі осылай. Әсіресе мүгедек жандарға, ата-анасынан айырылған жетім балаларға. Біз мұны айта бермейміз, бірақ бұл іс-жүзінде солай. Енді адамдар айтуы мүмкін, олардың мүмкіндігі мол, сол үшін көмектесті деп. Бірақ мен айтар едім, бүгінде әрбір адамда біреуге көмектесу мүмкіндігі бар, бұл жерде ақшасы көп болу міндетті емес, бірақ екінің бірі біреуге көмек қолын өздігінен созбайды.

– Футболды, біздер, ер адамдар, көп сынаймыз. Осы орайда, маған аяулы аруларымыздың пікірі қызық. Оның үстіне сіз өзіңіз дәл осы футбол саласында жүрсіз. Сіздің футболдағы негізгі мәселе неде?

– Футболда мәселе көп, бірақ менің ойымша, негізгі мәселе бұл жастайынан футболға баулу деген түсініктің жоқтығында. Мәселен, бізде, «Астана» футбол клубында жас балаларға арналған 9 топ бар және оның бәрі тегін. Кез келген ата-ана өз баласын осы топтарға әкеле алады. Бірақ бізде, осы баланы кішкентайынан кәсіби түрде спортпен шұғылдандыруға көңіл бөлмейді, бұл әсіресе қазақ отбасыларына қатысты. Біз ылғи футболшылар арасында қазақтың жоқтығын, бар болса, аздығын айтамыз, бірақ шын мәнісінде бұл жерде алалау жоқ, мәселенің бәрі өзімізде. Мәселен, өзге ұлт өкілдері өз балаларын кішкентайынан футболға береді. Олар футболға беріп қана қоймай, оның футбол сабақтарын барыншы дұрыс меңгеруін қадағалайды, қажет болса, келіп қолдау көрсетеді. Ал қазақ ата-аналары балаларын бізге берген күннің өзінде, тым аяушылық танытып жатады, сәл бір жері ауырып қалса, балаларын жібермей қояды дегендей. Қазір футбол әлемінде бәсеке өте күшті, егер сіз кішкентай кезіңізден бастап футболмен айналыспасаңыз бәсекеге қабілетсіз боласыз. Өйткені футбол деген тек доп пен алаң емес, футбол – техника және білім, тәжірибе. Соңғысы ұзақ жылдар бойы жалғасатын жаттығулар нәтижесінде келеді. Байқасаңыз, футбол әлемінің ең жарық жұлдыздары – Месси, Роналдо, Руни секілді ойыншылар 4-5 жасынан бастап футбол ойнап келеді.

– Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

– Егер балаңыз футболға қызықпаса қинаудың қажеті жоқ. Ал егер футбол десе ішкен асын жерге қоярдай қызығатын болса, онда барынша осы спортпен айналысуына жол ашу керек. Бүгінде мүмкіндік өте көп. Қазақстан бойынша ірі футбол клубтары аясында футбол мектептері, футбол орталықтары бар. Ол жерлерге баланы тегін қабылдайды. Мысалы, қазір бізде ең кішкентай дегеннің өзі 2007 жылғы балалар.

– Жанкүйерлерге көңіліңіз тола ма?

– Астана қаласы бойынша айтайын. Бас қаламызда бос уақытты өткізетін жерлер өте көп болғандықтан, адамдар футболға көп бара бермейді. Ал өзге қалаларда футбол бұл үлкен бір оқиға және оны жібермеуге тырысады.

– Шетелдік мықты құрамаларды, клубтарды көріп қалғаннан соң астаналықтарға қарапайым ойындар қызық емес дейсіз ғой?!

– Мүмкін (күлкі). Сондай-ақ, Астана қаласындағы тұрғындардың көпшілігі жан-жақтан келгендер, сол себепті «Астана» клубының тұрақты жанкүйерлері аздау. Бұдан бөлек, көбі стадионның алыс орналасқандығын айтады.

Дегенмен, менің айтарым, футболға бару керек, футболшыларға сіздердің қолдауларыңыз қатты қажет. Осы мақсатта біз билетті  де 200 теңге қылдық, менің білуімше ондай баға басқа жерлерде жоқ.

Енді, келесі жылы жанкүйерлер көп болады деп ойлаймын, себебі биыл «Астана» клубы чемпион атанды, алда Чемпиондар Лигасы.

– Сізді клубыңыздың чемпион атануымен шын жүректен құттықтаймын. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан – Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар