Қандастар Ассамблея

«Астана-Жылутранзит» тозығы жеткен жылу құбырларына модернизация жүргізуде

29.09.2015 2731
«Астана-Жылутранзит» тозығы жеткен жылу құбырларын 58%-ға азайтпақ.

Шаһарды жылумен қамтып отырған «Астана-Жылутранзит» АҚ өзiнiң инвестициялық бағдарламасы арқылы Астана қаласындағы тозығы жеткен жылу желiлерiн жаңартуды қарқынды жүзеге асыруда. 2014 жылы жылу энергиясының шығынын  1,3%-ға азайтқан. 2015 жылдың қазан айына дейiн мекеме елордадағы тозған жылу құбырларын модернизациялау арқылы 58%-ға азайтпақ.

Бүгiн БАҚ өкiлдерiн жинап, баспасөз турын өткізген «Астана-Жылутранзит» АҚ өндiрiстiк қызметiнiң басшысы Мәжит Шонаев жылу беру мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында магистральдi жылу желiлерiн ауыстыру жүзеге асып жатқандығын айтты.

 

–Үш жылға арналған инвестициялық бағдарламаның аясында ұзындығы 425 метр болатын  «М1» магистралi, ұзындығы 1553 метрлік «ТМ-11» магистралi жаңартылды, – дейді  Мәжит Шонаев. – Инвестициялық бағдарламаға 3 457 544 мың теңге бөлінді. Астана қаласындағы жылу желiлерiнiң жалпы ұзындығы (2015 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша) 571 шақырымды құрайды. Бұның iшiнде 198 шақырымы магистральдi желi.

 

«Астана-Жылутранзит» АҚ мамандарының айтуынша, 2013 жылы басталған инвестициялық бағдарламаның алғашқы сатысында – 1 006 319 мың теңгеге, 2014 жылы – 1 240 818 мың теңгеге жылу желiлерi жаңартылып, толықтай ауыстырлған. Құрал-жабдықтар: жылу құбырлары, құбырдың сыртына орайтын арнайы материалды отандық зауыттардан сатып алған. Мәжит Шонаевтың айтуынша, бүгiнгi жағдайда Астана қаласы бойынша жылу желiлерiнiң 59,2% тозған. Инвестициялылық бағдарламаның шеңберінде жаңартып жатқан жылу желiлерiн сапалы әрi ұзақ жылдарға шыдайтындай етiп төсейді. Жаңартылған жылу желiлерiн дұрыстап монтаждаса, олар шамамен 20-25 жыл қызмет етеді.

 

Қазіргі таңда Астана – жылу желiлерiнің ең аз бөлігі тозған шаһар. Әрi жоғарыда айтқан жыл сайынғы жылу желiлерiн жаңарту  1%-дық жаңарту отырып, оның көлемі мен қиындығы тұрғысынан қарағанда – өте жақсы көрсеткiш.

Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін «Астана-Жылутранзит» АҚ-ның өндіріс орынына апарып, қызметімен жақынырақ таныстырды. Мекемемедегі алып қондырғылардың көпшілігі жаңартылып,  қашықтықтан басқартын замануи технологиялар іске қосылған. Сондай-ақ, жылу құбырларын жаңарту барысында қазба жұмыстарын жүргізетін техникалардың бірқатары соңғы үлгідегі ағылшын фирмасы өндірген жаңа техникалармен толыққан. Мекемедегі механик мамандар замануи техника тек жұмыс уақытын үнемдеп қана қоймай, сапалы қызмет көрсететінін айтты.

 

Жыл соңына дейін 533 933 мың теңгені игеру арқылы жылу желілерін жаңартып, 154 832 мың теңгеге жаңа құрал-жабдықтар сатып алу көзделіп отыр. 3 жылға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде жылу ысырабын төмендетуді 1,3 %-ға жеткізу жоспарланған.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суретке түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар