Қандастар Ассамблея

"Астана" командасы клубтық рейтингте 11 сатыға көтерілді

06.08.2015 2481
Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Астана» командасы финляндиялық «ХИК» командасымен қарымта матч өткізді.

Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Астана» командасы финляндиялық «ХИК» командасымен қарымта матч өткізді. Хельсинкиде өткен алғашқы ойын 0-0 есебімен тең аяқталған еді.

«Астана» командасы «Астана-аренада» өткен қарымта матчта 4-3 есебімен жеңіп, іріктеу кезеңінің соңғы сатысына өтті. Енді жеңсе Қазақстан футболының тарихында болмаған Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне түседі. Қазіргі көрсеткіші бойынша Еуропа лигасының топтық кезеңіне тікелей жолдама алды.

«Астана» (Қазақстан) - ХИК (Финляндия) - 4:3

Голдар: Джаллоу, 4 (0-1), Баа, 41 (0:2), Твумаси, 43 (1:2), Каньяс, 47 (2:2 , пенальти), Шомко, 57 (3:2), Зенели, 85 (3:3, пенальти), Постников, 90+3 (4:3).

«Астананың» келесі қарсыласы боуы мүмкін командалар мыналар: Базель (Швейцария), Селтик (Шотландия), АПОЭЛ (Кипр), БАТЭ (Беларусь), Динамо (Загреб, Хорватия).

«Астана» командасы «Марибордан» басым түскенде 2015-2015 жылғы маусымдағы клубтық рейтингте 23 сатыға жоғарылап, үлкен нәтиже көрсеткен еді. Ендігі ретте «ХИК» командасын 4-3 есебімен ұтып, тағы да клубтық рейтингте 11 сатыға көтерілді. Астананың қалған қарсыластары Еуропаның үздік 150 командасына кіреді. Ал, «Астана» болса 222 орында тұр.

7 тамыз күні Ньон (Швейцария) қаласында жеребе тарту шарасы өтеді. «Астана» командасы қарсыласы анықталған соң 18/19 және 25/26 тамыз күндері іріктеу сындарындағы соңғы матчын өткізеді.

«ХИК» командасының бас бапкері Мика Лехкосуа:

– Мен болған жағдайға сенгім келмейді. Әлі де сене алар емеспін. Біз соңғы минуттарға дейін келесі кезеңге өтетінімізге сенімді болдық. Біз де, қарсылас команда да жеңіске жақын болды. «Астана» командасын құттықтаймын.

«Астана» командасының қорғаушысы Бранко Илич:

– Біз 95 минут бойы қарсылас командаға қысым көрсеттік. Мұндай жоғары деңгейдегі матчтарда өрескел қателіктер болады. Қазір қателіктерді тізіп отыру артық, өйткені біз ұттық.

«Астана» командасының шабуылшысы әрі капитаны Таңат Нөсербаев:

– Біз бүгін үлкен іс атқардық. Команда мінез көрсетті, нағыз ерлік жасады. Жанкүйерлердің қолдауы өте керемет болды. Біздің мақсатымыз – жоқ дегенде Еуропа лигасының топтық кезеңіне өту болған, қазір бұл жоспарымыз орындалды. Ендігі мақсат – Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтіп, қазақ футболында бұрын-соңды болмаған жетістікке жету.

«Астана» командасының қақпашысы Ненад Эрич:

– Пенальти орындағанда қай бағытқа тебетінін дәл таптым. Бірақ, Эрфан Зенели өте сәтті орындады. Ең бастысы жеңдік, қуанышымызда шек жоқ. Келесі кезеңде қалай болатынын ойын көрсетеді, бізге тек дайындықты күшейту керек.


Әзірлеген: Досжан Мейірім. 

Ұқсас материалдар