Қандастар Ассамблея

Ассамблеяның алғашқы қарлығашы - «Ұлы Дала Елі» экспедициясы бастау алды

10.09.2015 3536
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай бірлік туын желбіреткен жаңа экспедиция жолға шыққалы тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай бірлік туын желбіреткен жаңа экспедиция жолға шыққалы тұр. Бұл ауқымды әлеуметтік-мәдени акция «Ұлы Дала Елі» деген атаумен Қазақстанның әрбір облысын қамтып өтетін болады. Бұл жөнінде бүгін, 10 қыркүйек күні Астана қаласында, аталмыш экспедицияның басталуына арналған баспасөз конференциясында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Наталья Калашникова мәлім етті.

Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» бағдарламасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған экспедиция 2015 жылғы 11 қыркүйекте Қазақстанның бірден үш қаласынан: Астана, Ақтау және Павлодар қалаларынан бастау алып, 2015 жылғы 9 қазан күні Тараз қаласында мәресіне жетеді.

Ұйымдастырушылар бір ай мерзімнің ішінде Қазақстанның бүкіл облысын, тарихи мекендерін қамтып шығуы үшін экспедицияны 4 бағытқа бөлді:

1. Солтүстік және Орталық бағыт (Астана қ. – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары, Жамбыл облысы – Мерке қ. – Тараз қ.)

2. Батыс және Оңтүстік бағыт (Ақтау қ. – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары – Мерке қ. – Тараз қ.)

3.Шығыс және Оңтүстік Шығыс бағыт (Павлодар қ. – Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары - Мерке қ. – Тараз қ)

4. Алматы – Қаскелең – Қордай – Мерке – Құлан – Тараз қаласы.

Экспедицияға Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысатын болады.

Экспедиция барысында өңір халқымен 100 нақты қадам Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыт бойынша «Мәңгілік Ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында кездесулер және  Қазақстан мемлекеттілігінің негіздері мен Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбы бойынша сұхбаттар өтеді, дейді ұйымдастырушылар.

Экспедицияның қорытындысы бойынша қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік жарыққа шығады.

Айта кету керек, Қазақ хандығының 550 жылдығы республика деңгейінде Астанада 11 қыркүйек күні және Тараз қаласында 9 қазан күндері тойланатын болады. Тарихи мерейтойға орайластырылып отырған «Ұлы Дала Елі» республикалық тарихи-мәдени экспедицияның қорытынды іс-шаралары да 9 қазан күні Тараза қаласында өтетін болады.

Дария Жұмалиева

Ұқсас материалдар