Қандастар Ассамблея

Ассамблея жылы - Қазақ Елінің бірлігі жылы!

09.02.2015 5661
Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Шындығында, ел бірлігі болмаса, онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді.

Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Шындығында, ел бірлігі болмаса, онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді. Сондықтан да, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жарияласа, құтты мекенге тұрақтылықтың тамырын жайғызатын, бірлікке сызат түсірмеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылдың 1 наурызында құрды.

Содан бері бақандай 20 жыл өтіпті. Елбасының сол жылдары жасаған қадамы өз жемісін беріп, жұртшылықты жетістікке бастады, ең бастысы - Ассамблея татулық пен тыныштықтың тірегіне айналды. Осындай киелі құбылысты нығайта түсу мақсатында биылғы 2015 жыл - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланған болатын. Сондықтан да, табалдырықтан аттағаннан бастап Қой жылында елдің түкпір-түкпірінде осынау мерейтойға арналған шаралар бастау алса, бүгін ресми түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылып отыр.  

Осындай айтулы шараға орай өз құттықтауын жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблея Жылы - барша қазақстандықтардың ортақ мерекесі, барлық 17 млн қазақстандықтың iсi» екенін алға тартады. «Ассамблея Жылы бiздiң орасан нақты iстер мен жаңа жетiстiктердiң жылы болады. Ассамблея жылы Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секiлдi маңызды оқиғаларға бай. Биылғы жыл тарихи тағдыры ортақ халық бiрлiгiнiң жарқын көрiнiсiне айналуы тиіс. Қазақстан - бiр ел, бiр халық, бiр болашақ. Сондықтан Ассамблея Жылының басты идеясы - «Менiң елiм - мәңгiлiк ел!», - дейді Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өз құттықтауында.

Шындығында, Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдығы секілді мемлекеттік маңызды мерейтойлар қатарында аталып тұр. Қатарында аталып қана тұрған жоқ, тұтастай бір жылды осынау бірегей институтқа арнағалы отырмыз. Ендеше, бұндай органға  осыншама мемлекеттік мән беретін оның ерекшелігі нешік? Мәселені осы тұрғысынан алсақ та Ассамблеяның қоғамдағы орнының маңыздылығын мейлінше түсінер едік. Өйткені, Ассамблеяның басты ұраны - Ел бірлігі! Ал бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те  болмайтыны бесенеден белгілі, бұл жайында бабалардан қалған даналық ой, асыл сөздер де жеткілікті. «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!» демеп пе еді сондай даналықтың бірі. Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарынан беріге қарай жеткен әрбір жетістіктің, асқан әрбір асудың өзегінде - елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны да ақиқат.

Бұл жайында Елбасы Н. Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрынғы: «Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын тілеймін. Мұның, ең алдымен, миллиондаған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үй­лерінің алдында қасірет шегіп, жыламағанын қа­лай­­мын» деп мәлімдеуі институттың шын мәніндегі миссиясын ашып көрсетсе керек. 

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл миссиясын лайықты деңгейде атқарып та келеді. Оның бірден бір айғағы осындай қазақстандық үлгідегі институттың керектігін әлемнің көптеген елдерінде мойындалуында болып отыр. Нақтыласақ, Назарбаев айқындаған қоғамдық келісімнің қазақ­стандық үлгісін зерттеу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтқанда, Болгария, Ұлы­британия, Германия, Франция, Испания, Италия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Ресей, Түркия, Украина және Армения елдерінен шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, дипломаттар, журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері 60-тан астам өтініш білдіріпті. Түрлі деңгейдегі кездесулер барысында елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық үлгіні мойындап қана қоймай, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін де айтып жатады.

Бұдан бөлек, осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық қоғамның барынша дамыған бір саласына айналды. Институт еліміздегі қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттің өзара әрекеттестігіне қажетті басты сұхбат алаңы тұрғысынан да танылып келеді. Мәселен, ҚХА Төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік жұ­мыс істесе, Ассамблея мен этномәдени бірлестіктердің активі 67 мыңнан астам адамды қамтиды. «Елбасының тапсырмасы бойынша аймақтық әкімдіктердің жанынан ақылдастық-кеңес­тік орган ретінде құрылған Қоғамдық келі­сім кеңестері Ассамблеяның Елбасы айқын­дап берген жалпыхалықтық институт мәрте­бе­сін айшықтай түседі. Себебі, ауыл, аудандар­дағы әртүрлі ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыратын, қоғамда туындайтын негізгі сауал­дардың барлығымен айналысатын осы кеңестер. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында түрлі деңгейдегі 1035 қоғамдық келісім кеңесі табысты жұмыс істеуде. Ассамблеяның жанынан құрылған От­басында толеранттық тәрбие беру жөніндегі Аналар кеңесі еліміздің ең басты құндылықтары - татулық пен тұрақтылықты ұрпақ жадына сіңіру­дің тиімді тетігі ретінде өз жұмысын бастады», - дейді Ералы Тоғжан.

Сонымен қатар, Ассамблея «Мәңгілік Ел» мен Ел бірлігі саясатын насихаттау тұрғысынан да ерекшеленіп отыр. Мысалы, қоғамдық келісім мен бейбітшілікті насихаттаудың қуатты құралы ретінде Ассамблея қолдауымен әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық - Дружба» журналын, 4 телеарнада тұрақты түрде шығатын 5 телебағдарлама мен 8 радио бағдарламаны, 9 республикалық басылым­дағы 22 тұрақты айдарды, Қазақстандағы түрлі этностардың тілінде жарық көретін 37 мерзімді баспасөзді санап шықсақ та болады. Бұдан бөлек, Ассамблея қызметін халыққа таратуға 100-ден астам республикалық басылым мен электронды ақпарат құралы жұмылдырылыпты. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қаты­настар мәселелері жөніндегі журналистер мен сарапшылар клубы да ортақ іске өз үлестерін қосып келеді екен.

Бір сөзбен айтқанда, сонау жылдары Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Ендеше еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін Ассамблея сияқты айрықша институтқа бір жылымызды арнау құптарлық қана емес, қуанарлық та іс. Тіпті бұл жыл дәл осы тұрғыдан алғанда тарихи жылға айналуы да әбден кәдік. Өйткені, қанша дегенмен табыстың, тұтастықтың кілті - бірлікте. Сондықтан да, Ассамблея жылының - Ел бірлігі жылы ретінде есте қалатындай өткізуге жұмыла алсақ игі.


Қанат МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ

Ақпарат дереккөзі: inform.kz

Ұқсас материалдар