Қандастар Ассамблея

«Ашық алақан»

02.06.2016 3803
Ұлттық музейде қайырымдылық көрмесі ашылды

Таяуда ҚР Ұлттық музейінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Persona plus» арт-орталығының «Ашық алақан» қайырымдылық көрмесі ашылды.

Көрменің ашылуында сөз сөйлеген «Persona plus» арт-орталығының директоры Гүлнара Батырғалиева шараның мақсат-міндеттеріне тоқтала келе, көрменің өтуіне қолдау көрсеткен ата-аналарға және Ұлттық музей басшылығына алғысын білдірді. 

– Бүгінгі шараға арт-орталық студенттерінің ең үздік көркем туындылары қойылды. Жас суретшілердің шығармашылығы көмекке мұқтаж балаларға қамқорлық жасауға бағытталған. Көрмеден түскен қаржы «Балам-Ай» қоғамдық қоры, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды әлеуметтік қолдау орталығына жіберіледі, – деді Гүлнара Батырғалиева. 

Көрмеде 200-ге жуық туынды қойылған. Оқушылар табиғаттың сұлу көріністерін, бейбітшілік және бақытты отбасы тақырыптарын қамтыған.

Шара аяқталғанға дейін шығармашылық жұмыстардың жартысына жуығын музейге келушілер сатып алып үлгерді.  

Көрме 10 маусымға дейін жұмыс істейді.


Әзірлеген Жансая ТӨЛЕГЕН

Суреттер Ұлттық музейге тиесілі