Қандастар Ассамблея

ҚАШАҒАН ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ СЫНШЫЛДЫҚ НАЗАР - 3

03.03.2014 3344
Ақын адам бойындағы міндерді, тоғышарлық көріністерін әрқашан өлтіре сынап, күлкі етіп отырған. Қашаған шығармаларында күлкімен сынаудың түрлі реңктері кездеседі.

Ақын адам бойындағы міндерді, тоғышарлық көріністерін әрқашан өлтіре сынап, күлкі етіп отырған. Қашаған шығармаларында күлкімен сынаудың түрлі реңктері кездеседі. Оның өлеңдерінде ащы сықақ, зілді кекесін де, уытты мысқыл мен ізгілікке шақырған ойлы сын да жиі ұшырасады. Бір топ өлеңдерінде («Оразалыға», «Байларға», «Бекес байға», «Көптілеу байды тілдеуі», «Қарашұбар ала ешкі», т.б.) сараң, дүниеқоңыз байлардың жиынтық бейнесін жасайды. «Томпы байды тілдеуі», «Мұстахқа», «Қуаңдаған қу Бисен», «Бекес байға», «Сараң сұпыға» секілді өлеңдерінде де сыншылдық сарын зілді сықақ, мысқыл түрінде беріледі.

Ақынның «Топан» шығармасы өзі көрген, куәсі болған оқиғаның желісіне құрылған. Дастан Каспий теңізінің ғаламат тасқынға ұшырауы салдарынан орын алған халықтық трагедияға арналған. Төрт бөлімнен тұратын дастанда Каспий теңізінің бұрынғы бейнесі, теңіз жағалауын жайлаған елдің тасқынға дейінгі жағдайы, ертеректе өтті делінетін құтырған құрт себеп болған бір оқиға-мысал, тасқын оқиғасы мен ақынның қорытынды пікірі беріледі. Ерекше назар аударатын бір нәрсе – ақын менмендіктің, ысырапшылдықтың, мастанушылықтың соңы үлкен кесапатқа соқтырады деген концепцияны алға тартып, тасқын оқиғасын сонымен байланыстырады, әділетсіздік пен зорлықты сынайды. Яғни, ақынның ұсынайын деп отырған негізгі концептуальдық түйіні – адамның иманасының тасуын, астамшылық індетке жолығуын сынау.

Тәкаппарлар көп еді,

Төгілуге, сірә, дөп еді.

Бұл арада мал тапқан

Бір шүкірлік қылмады.

Бір азамат ерде дәулет кем болса,

Қабаннан жаман Қарынбай

Жан екен деп оны білмеді,

Көзіне тіпті ілмеді.

Алайда ақын халықтың келешегіне үміт артып, ақыл-парасаттың жеңетініне, жаңа ұрпақтың талапты, еңбекқор боларына сенеді оларға үміт артады, сондықтан дастанды:

Кейіндегі бозбалалар,

Налымаңыз, шырағым,

Күндердің күні болғанда,

Көк дария көл болса,

Бай мен жарлы тең болса,

Суда – балық, қырда – егін,

Диқаншылық көп болса,

Бәле-бәтер жоқ болса,

Талаптың күші сел болып,

Кетерсіз-дағы ел болып,-

деген өмірсүйгіштік, оптимистік пафоспен аяқтайды.

            Қорыта айтқанда, Қашаған жырларының сыншылдық өрнегі адам болмысын терең пайымдау мен өмір-тұрмыстағы орынсыздықтарды, жөнсіздіктер мен толымсыздықтарды білімдарлық зердемен, ақындық шеберлікпен өрнектеудің айқын үлгісі болып табылады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР 

1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра, 1999.

2. Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. 10-т. Алматы. Өлке, 1999.

3. Кекілбаев Ә. Сыр десте. V том. Алматы. Нұрлы әлем, 2009.

4. Cыдиықұлы Қ. Ақберен. Алматы. Нұрлы әлем, 2007.

5. Сыдиықұлы Қ. Ақын-жыраулар. Алматы, 1974.

...басы

Ұқсас материалдар