ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ – ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ - 2

03.03.2014 2428
Кедейлік, тағы басқа себептермен өз орнын қоғамдық ортасынан таба алмағандар өздерін қоғамға қажетсіз сезеді.

Кедейлік, тағы басқа себептермен өз орнын қоғамдық ортасынан таба алмағандар өздерін қоғамға қажетсіз сезеді. Адамдар мұқтаждық пен керексіну сезімдерін қалай, қандай жолмен қанағаттандырады деген сұраққа жауап беру аса күрделі тақырып болғандықтан, ол – бұл мақаланың мақсаты емес. Бірақ  материалдық кедейлікті рухани байлық пен адами сана арқылы бақылауға ала білсе, ол адам қоғамдағы өз кетігін таба алады. Ал, керісінше жүйелі жолдар арқылы дұрыс бағытын тауып, қоғамдық орнына орныға алмаған адам адасу жолына түсіп кете береді. Екінші жағынан, қазақ баласы билік пен байлыққа тәуелді болып пенделік тәкаппарлық табиғатына сай қаншама қоғамға мұқтаж адам екендігін сезе алмаса, қазақ ұғымына сай «жетім» күйін кешеді. Ол халқының қалаулысы да елеулісі де бола алмайды. Ондай билер мен байлар әділсіз қоғамдық қарым-қатынастар арқылы қоғамның соры болып,  елді де жетім күйге түсіреді. Қашаған жырау ондай жағдайды:

Хакімі әділ болмаса,

Бұқара байтақ ел жетім»,-

деп жырына өзек етеді. Жалпы адам қоғамға мұқтаж. Қоғам да адамға мұқтаж. Адам өз қабілетінің шектеулі екенін ұмытпау үшін ұдайы Алла тағаланы естен шығармау керек. Өйткені тек қана Алла тағала ешкімге, еш нәрсеге мұқтаж емес. Ал, барлық жаратылыс Алла тағалаға мұқтаж. Себебі Алла тағала – бүкіл әлемнің жаратушысы. Құран Кәрімнің «Ықылас» сүресінде бұл жайы Алла тарапынан анық та айқын айтылған.

Осы тұста жырау адам мен табиғаттың да өзара байланысын ұмыт қалдырмайды. Жыраудың:

Қаптаған елі қонбаса,

Жайылған малы болмаса,

Көкорай шыққан балқашы

Жеусіз тұрып сорласа,

Ел қонбаған жер жетім.

Ішсең суы құрсағыңа жақпаса,

Адам менен мал түгіл,

Қаңғырған қарсақ татпаса,

Ащы дария көл жетім,-

деген жолдары адам мен табиғаттың болмысы бір-бірімен тоқайласып жатқанын нұсқайды. Қашаған жырау «Бұл дүниеде не жетім?» өлеңінде әуелі тіршіліктің үш тірегін қатарынан анықтайды. Олар: адам, қоғам, табиғат.

Одан кейін қазақ қоғамының өз заманына сай салт-дәстүріне орайластырып, қоғамның көңілін ардагер қарияларға аударады. Қариялардың қоғамнан оқшауланып, кейінгі ұрпаққа қажетсіз болып қалған жағдайын қазақтың психологиялық ұғымына сәйкес жетімдерге балайды. Жырау:

Жетпістен жасы асқанда,

Сексенге аяқ басқанда,

Жастар елеп келмесе,

Келіп сәлем бермесе,

Қайғысы келіп күңіренген,

Күнінде асыл десең де,

Қартайған күнде ер жетім,-

деп түйіндегені де адам өмірінің бір кезеңінде көрініс табатыны шындық. Сол себептен қазақ психологиясының өзгере қоймайтын бұл түйсігіне орай әр кезеңнің қоғамы қариялар үшін дұрыс көзқараспен қабылдаған шешімдері оларды жетімсіретпейді.

...басы

жалғасы...

Ұқсас материалдар