ҚАШАҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ: ТАРИХИЛЫҚ. ДЕРЕКТІЛІК. КӨРКЕМДІК - 3

03.03.2014 3000
Қашағанның Нұрым, Ізбас сияқты «дүбірлі дүлдүл шайырлармен» сайысында оның ақындық-азаматтық тұлғасы, діни-мұсылмандық дүниетаным тереңдігі, жаратылыс құпиясына зеректігі жарқын көрініс тапқан. Қашаған ақынның:

Қашағанның Нұрым, Ізбас сияқты «дүбірлі дүлдүл шайырлармен» сайысында оның ақындық-азаматтық тұлғасы, діни-мұсылмандық дүниетаным тереңдігі, жаратылыс құпиясына зеректігі жарқын көрініс тапқан. Қашаған ақынның:

Көп болды сондай тасқандар,

Әлдерін білмей асқандар.

Пиғылынан солардың,

Қабыса жазды аспан, жер

Әйтпесе:

Етпеді шүкір қанағат,

Тап болмай қайтсін ғаламат,-

дейтін баяндауынан халықтың басына зұлмат төніп келе жатқанын сезінесің.

Ұлт тарихындағы аңыз-шежірелерге жетіктігіне «Адай тегі» аңыз-хикаясы айғақ. Жыршы тыңдармандарын қызықтыру мақсатында композициялық, сюжеттік құрылымын, архитектоникасын ұсталықпен өріп тоқыған. Әр кейіпкердің өзіне тән дербес сөйлеу мәнерін, ой толғауын,  шынайы көзқарасын көрсете білген.

«Атамекен», «Топан» атты дастандарына тарихилық пен деректілік тән. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күресі және ХІХ ғасырдың 90-жылдарында Каспий теңізінің ғаламат тасқынына душар болған елдің трагедиясы тегеуірінді жырланған. Эпикалық құлашы кең, көркемдікті сезіну қабілеті кемел «Топан» дастанында ақын дамытудың озық үлгісіне сүйенген. Үш қиянның қайырлы, құтты қоныс, дария дәулеттің, шалқыған сәулеттің ордалы мекені («Баққан қойы бүркіттей, Дулығасы үйген іскірттей») екендігін, сонау бір Орманбет ханның уақтысында арша ағашына бозторғай қонып, «құтырған құртты қағып жеп» бүркітке сес көрсетеді. Содан торғайды қылғытқан бүркіт Еділдің жайын балығына қанды шеңгелін салады. Сөйтіп, Балық құтырады. Балықты жеген ел дүрлігеді. Содан құтырынған қара құйынның кесепатынан сұрапылдың желі зулап, теңіз тулап, мөңкіп, ел екпіндеп соққан мұздардың соққысына ұшырайды...

Қашаған Күржіманұлы ақпа-төкпе жыршылық өнердің алтын тамыры іспеттес, Сыпыра жырау дәстүрін жалғастырушылардың бірегейі, әсіресе, жыршылық өнердің туын жоғары ұстаған гулеген ақындықтың телегейі. Шабыты шалқыған Абыл, Нұрым, Ақтандардың тәлімгерлігін көрген, «тарихтың ескі ақпарын» («Атамекен» дастанынан) ақтарған, «қағида болып қалынған, шежіре болып жазылған» («Адай тегі» аңыз-хикаясынан) көне эпикалық дастандарды туындатқан. Атап айтқанда, «Топан», «Қарасай, Қази», «Адай тегі», «Атамекен» атты дастандарында ел мен жер тағдыры, «қанжығасы қан заман, таралғысы тар заманның» қилы-қилы суреттері, ата-баба шежіресі, «дабылы күшті», «қайраты қалың», «күндік жерге оқ атқан» ерлердің ерлік-қаһармандық қимылдары суреттеледі. Бұл жырлардың тарихилық-көркемдік және аңыздық қырлары айрықша. Телағыс, Орақ, Мамай, Ер Қосай, Ер Тарғын, Асан қайғы, Қазтуған, Едіге сынды тұлғалар бейнесі қылаң береді. Сонымен қатар байтақ даласы бар қазақтың қаласы, астанасы барын, жазу өнері, әскери өнері, дамығанын, ұлттық тәрбие-тәлімі берік сақталғанын, иіні келгенде, ойына оралып отырады. Қашағанның тарихи зердесі, дүние тану даралығы, замана құбылыстарын көркемдік қабылдау қабілеті, ассоциациялық ойлау жүйесі, суреткерлік қолтаңбасы шығармаларының сөздік-лұғаттық, мазмұндық байлығын, бейнелілік, әуезділік табиғатын айқындайды. Сондықтан да ақын шығармаларында рух, сезім, тіл байлығы ересен.

Қашаған жырау шашақты қара домбыраның үнімен, дауылпаздың дабылындай дауысымен құйқылжыта шырқап-толғағанда сырлы сөздері одан сайын түрленіп құлпырады екен. Поэзиялық ой-суреттеулерін музыкалық күй тербелістеріне айналдырған. Қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүрігов «Көбік шашқан» поэмасында:

Қашаған, Құрманғазы қосылғанда,

Адайлар төңкерілген жыр мен күйге;

Я болмаса:

Қашаған қамшысына бүйірін таяп,

Шер толғап әлсін-әлсін жыр толғайды,-

деуінде аталы, баталы, өнерлі жұрттың абыз жырауы екендігін ерекше серпінмен елеп ескертеді. Ақын соншалықты жасампаздықпен қолданған сөз-ұғым, сөз-образ, сөз-символдар я болмаса сөз тіркестері, сөйлемдері жаңа энергиямен, рухпен қуаттанып, қанаттанып, алуан түрлі буырқанған бояуларға, реңктерге иеленіп отырады. Ақын, жыршы, импровизатор Қашаған Адай елінің тарпаң мінезді марқасқа ерлерінің болмысын былайша келісті өрнектейді:

Ебейдей төсі салынған,

Егеудей тісі жанылған,

Шеңбердей белі бүгілген,

Еңіреудей көзі үңілген,

Қоғадай жалын төгілтіп,

Шортандай баурын жаратып,

Жорықпен тойда жасанып.

Немесе Қашаған жырлауындағы «Қарасай, Қази» нұсқасында Қарасайдың қарындасы Қибат сұлудың «айдан ару шынардай» келбетін, жауқазындай балғын болмысын:

Маңдайым күндей балқыған,

Ажарым нұрдай шалқыған,

Қастарым қама құндыздай,

Көздерім Шолпан жұлдыздай,-

деп әсерлеп-мәнерлеп келісті жеткізеді.

            Қашаған ақын Қарасайдың батырлық құдіретті кейпін:

Мен – бір қайнаған қара бұлтпын...

Мен – бір жез бұйдалы нар тайлақ...

Және

Мен – жез шынжырлы құнан піл,-

дейтін мөлдір мағыналы ой-толғаныстармен сәулеттендіреді.

            Туған жердің топырағын тұмар еткен, туған жұртын шалқыған жырымен құмар еткен Қашаған Күржіманұлы жыраулық, жыршылық, ақындық өнер тарихында алғабасымпаз, өркендемпаз, жасампаз дәстүрлерімен жайнап жасай бермекші.

...басы

Ұқсас материалдар