Қандастар Ассамблея

Арық атаулары

27.08.2014 9347
Арық – табиғи немесе жасанды су көздерінен егістікке, шабындыққа су жіберу үшін арнайы қазылған арна.

Арық – табиғи немесе жасанды су көздерінен егістікке, шабындыққа су жіберу үшін арнайы қазылған арна. Алматы мен Жамбыл облыстары өңірлерінде су жүретін жыраның үлкенін өстен немесе тоған, ал, кішісін арық деп атайды. Сыр бойы, Ырғыз, Ойыл өңірлерінде және Әмударияның төменгі сағасында су келетін басты күре арнаны жап деп, ал, одан егістікке тартылатын кіші арналарды арық немесе қарық, жеке атыздарға (егістік жердің су ішу ыңғайына қарай бөлінген алаң) су апаратын арналарды жүйек деп атайды. Сондай-ақ, суармалы егіні аз өңірлер су келетін арнаны арық деп жалпылай айтады.

 

Арық қазу. Павлодар уезі. СОСК 1910-11 жж.

ҚР МОМ қорынан (КП 10438/64)

Л.Чермак 1898 жылғы санақ мәліметтеріне сүйене отырып, Шу өзені алқабында 5 әкімшілік аумаққа (старшындыққа) бөлінген 190 ауылдың 616 шаруашылығы болғандығын, олар жүргізіп отырған шаруашылығына байланысты 16 тоған басына тұрақтанғандығын айтып, «Тоған деп Шу өзенінен су тартылатын бас арықты атаған...» – деп жазды. Осы тоғанды қазуға және игеруге байланысты адамдар ұжым болып ұйымдасқан.

Оңтүстік Қазақстанда XIX ғ.-дың аяғы мен XX ғ.-дың басында өзеннен тартылған негізгі арықтың ұзындығы есеппен 3,6 верст болған. Шымкент уезінде 1891-1892 жылдары ұз. 3 мың шақырымнан асатын 239 арық болған. Қазалы уезінде ұз. 1300 шақырымға дейін жеткен 200-ге жуық арық болса, Перовск уезінде магистраль және орташа 312 арық болып, жалпы ұз. 1625 шақырымға жеткен. Жалпы аумағы 12692 десятина жерді суландырған. Сондай-ақ, кейбір дерек көздерінде XIX ғ.-дың аяғы мен XX ғ.-дың басында Шымкент уезінде 130 басты арық пен 255 жанама арықтың болғандығы айтылады.

Кейде су жағасынан үй тұрғызу мақсатында алынған топырақтан ойылып қалған орындардың сорабы кейін арық жүлгесіне айналған. арықтың шартты түрде бас арық, жан арық, қол арық деген түрлері бар. Орта ғасыр жазба ескерткіші М.Қашқаридің сөздігінен егін кәсіпшілігіне, әсіресе ирригацияга байланысты 200-ге тарта (мойынтұрық, қазукәрік, қазылған арық, кәтман, атызлада, жон арық т.б.) атаулар кездеседі. Оңтүстік шығыс аймақта өзеннен шығарылған арықты көбінесе жон арық деп атайды. Тау бөктеріндегі қия беткейден жонның үстінен қазылған соң, оған жон арық деп атау – табиғи құбылыс. Аймақтың жазық жерлеріндегі үлкен арықтарды оман арық, өстен арық, қазына арық деген сияқты атаулар қалыптасты. Басты арықтан жан-жаққа таралатын кішігірім арықтар жанама, салма, атыз деп аталады. арықтан егістік ортасына тартылған арықтың атауы – оқ арық. Бау-бақша шаруашылығында өсірілген өнімдерге қауын арық, бау арық т.б. арықтармен су тартылады. Сонымен қатар, оңтүстік өңірде ұшырасатын арықтардың атаулары, көбінесе, сол төңіректе қоныстанған ата, тайпа, ру атта- рымен (Жолан арық, Арғын арық, Қоңырат арық, Тарақты арық деген сияқты) немесе арық қазуға жетекшілік жасаған кісілердің есімдерімен (Досалы арық, Майлы арық) байланысты қойылған. Таулы аймақта, әдетте, жон арықтар да көбінесе осы өңірді қоныстанған рулардың аттарымен аталады. Мұндай атау үрдісі әлгі арықтың сол руларға тиесілі екендігін білдіреді. Мысалы, үлкен Жолан арығы – жалпы Жолан руына тиісті болса, сол бас арық-тан басын алатын арықтар Жолан руынан таралған Оратан, Жайылмас т.б. аталарға тиесілі болған. Яғни бас арық бір атадан тарайтын барлық руларға тиісті болса, сол арықтан тарайтын арықтың әрқайсысының иесі тиісті ру болды.

Кейбір арықтар белгілі бір оқиғалардың аттарымен аталады. Мысалы, Сайрамсу өзенінен арық тартып, су апарғанда, салт бойынша Жанабай жұрты нар түйе сойып құрбандық берген екен. Кейін бұл арық халық арасында «Нар сойған» арығы деп аталып кетті. Ал, жекелеген қазына арықтың (Түйетартар арығы) атауынан арықтың жалпы сипатын (судың көлемін, тереңдігін) білуге болады. Яғни арықтарға таңылған халықтық атауларды бажайлау арқылы сол өлкенің тарихын, әсіресе, шаруашылық дәстүрін, салтын, әдет-ғұрпын, тіпті, наным-сенімін парықтауға болады.

Әдеб.: Кармышева Дж. Земледельческая обрядность у казахов // Древние обряды верования и культы народов Средней Азии. М.: Нау- ка, 1986; Чермак Л. Оседлые киргизы-земледьльцы на р.Чу // ЗЗСОИР- ГО. Книжка ХХVІІ. Омск, 1900; Дитков арық Киргизские нужды // ТС. Том 456. Ташкент, 1908; Мякутин арықИ. Юридический быть киргизов. Оренбург, 1910; Александров Н.Н. Земледелие в Сыр-Дарьинской области. Описание приемов земледелия преимущественно Ташкент- ского хлопкового и сухоземледельческого района. Часть 1. Общие приемы земледелия // Туркестанское сельское хозяйство за 1916-18 гг.; Нақысбеков О. Жергілікті халық тіліндегі арық-атыз түрлеріне байла- нысты қолданылып жүрген сөздер жайында // Қазақ диалектологиясы. Алматы: Ғылым, 1965; Алтаев Б.Ә. Оңтүстік Қазақстан қазақтарының егіншілікке байланысты дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Ғылыми жетекшісі Әлімбай Нұрсан. Тарих ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясының қолжазбасы. Алматы, 1994.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Ұқсас материалдар