Қандастар Ассамблея

Қарумен серттесу немесе әскердің соғыс алдындағы әрекеті

29.06.2015 1824
Қарумен серттесу – шайқас алдында орындалатын әскери қаруды арбау магиясының бір элементі.

Қарумен серттесу – шайқас алдында орындалатын әскери қаруды арбау магиясының бір элементі. «Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясынан әскердің соғыс алдындағы әрекетін оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық.

Қару жасаушылар. Суретші Ə.Қастеев.

Қару-жарақты жанды объект ретінде қабылдау магиялық ойлау жүйесінде түрлі әскери және тұрмыстық магиялық ырымдарды қалыптастырды. Соның бірі – «қаруды арбау». Дәстүрлі мәдениетте «арбау» (заговор, заклинание) – материалды дүниеге табиғаттан тысқары жолмен әсер ету үшін қолданылатын магиялық ырым. Арбау нақты өмір мен қиялдағы өмірдің өзара байланыстығы туралы түсінікке, сол байланысты іске асыратын сөз магиясына сенуге негізделген. Арбау – белгілі бір затты қолданғанда магиялық сөздік формулалардың көмегі арқылы заттың жанды рух пен адам арасындағы шарттасу. Арбау сөз негізінде поэтикалық формада – тақпақ немесе өлең түрінде болып келеді. Қазақтың қаһармандық эпостарында кездесетін батырдың қарумен серттесу сөздері – әскери магиялық ырымдарда қолданылған жауынгерлік қаруды арбау сөздерінің бізге жеткен үлгісі. Бұл қаруды арбау сөздері эпосқа ырымдық фольклордан енген. Арбау сөздің толық композициялық бітімі мынандай бөліктерден тұрады:

1. кіріспе;
2. мақтау, жалыну, жалбарыну;
3. зеку, қорқыту;
4. атын атап бұйырумен аяқтау;

Бірақ нақтылы жағдайларға баланысты арбау сөздің кебір элементтері түсіп қалуы немесе оның жекелеген бөліктері ғана қолданылуы мүмкін. Әскери магиялық ырым ретінде жауынгерлік қарумен серттесу б.з. дейінгі ІІ-І мыңжылдықтардан қолданыла бастаған. Жауынгерлік қаруды арбаудың, қарумен серттесудің ең көне үлгілерін б.з. дейінгі VІІ-VІ ғасырларда пайда болған «Авестадаң (Митраға арналған гимндарда), «Ригведадаң (қаруға арналған гимндарда) және «Атхарваведадаң (арбау гимндарында) кездестіреміз. Бұл көне арбау гимндарында заттың өзінің атауының орнына жанама, эвфемистік магиялық атаулары қолданылған. Көшпелі түркі-монғол халықтарының батырларлық эпостарындағы эпикалық қаһармандардың өзінің жауынгерлік қарумен серттесуінде айтылатын сөздік формулалардың ұқсастығы, олардың элементтерінің біркелкілігі бұл әскери магиялық ырымның көшпелі халықтарда І-мыңжылдықтың басынан күнделікті әскери өмірде кең қолданылғанын куәләйді. Фольклорлық деректерде қазақ батырларының да шайқас алдында, жекпе-жек алдында өздерінің оқ ататын садағымен, қылышымен, найзасымен, айбалтасымен серттесетіні айтылады. Серттесудің сөздік формулаларында қарудың әр түріне мадақ айтылып, оларда жасау кезінде орындалған магиялық ырымдар еске түсіріліп, қолдану кезінде қаруға дұрыс, нәтижелі әрекет ету бұйырылып, дұрыс қолдана алмаса жауынгерге, әрекеті нәтижесіз болса қаруға жаза болуына серттескен. Магиялық арбау ырымын жасау барысында көне арбау гимндарындағыдай қарудың өз аты аталмай, оның орнына магиялық жанама атауы аталады. Бұрынғы кезде қазақтарда батырлар асынған жауынгерлік қарудың әр түрінің белгілі бір әулие-пірлері бар деп түсінілді. Сондықтан кейде қаруды арбауда әр қарудың өзінің пірлеріне (қолдаушыларына) жүгінген. Қазақтардың кейбір батырлық дастандарында ер қаруларының пірлері ретінде түркі, иран халықтарына ортақ мифтік қаһармандар – Рүстем, Дастан есімдерімен бірге Ер Дәуіт, Ибраһим– Халел сияқты мұсылман пайғамбарлары аталады. Арбау сөздер магиялық ғұрыптың маңызды компонентінің бірі, сондықтан арбау магиясында сөз қашанда ғұрыптың тағы бір негізгі компоненті болатын магиялық іс-әрекетпен қабыса жүреді. Магиялық ырым – белгілі бір ғұрыптық әрекетті орындау арқылы заттарға, құбылысқа адамның өз күшімен әсер ету. Әскери магиядағы қаруды арбау сипаты жағынан протропеикалық магияға жатады, яғни осы ырымды орындау арқылы қаруға белгілі бір нәтижелі әрекетті істету. Айқас алдында арбау сөз арқылы қарумен серттесуден кейін қаруды қолдануда жасалған әрекеттің өзі магиялық әрекет болды да, арбау сөз бен магиялық әрекеттің қосылуы арқылы қару-жарақты айқаста қолдану магиялық ғұрыпқа айналды. Әсіресе бұл ғұрыптық сипат бүкіл әскер қатысқан жаппай айқастан гөрі, кәсіби әскерилер жігінің соғыстағы басты міндеті саналған батырлар жекпе-жегіне тән болды.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар