Қандастар Ассамблея

Аристотельдің дұрыс және бұрыс мемлекеттері

26.11.2015 14422
Ежелгі грек философы Аристотельдің түсінігінде мемлекет отбасы секілді табиғи даму нәтижесінде пайда болған.

Ежелгі грек философы Аристотельдің түсінігінде мемлекет отбасы секілді табиғи даму нәтижесінде пайда болған. Отбасы мен ауылдар – адамдардың өзара араласуының алғашқысы формасы. Мемлекет – араласудың жоғары формасы. Адам – саяси жануар және ол өзінің дамуын мемлекетке келіп тоқтатады. Ғалымның айтуынша, мұндай деңгейге барлық халықтар жете қойған жоқ. Мәселен, варварлар өмірдің саяси формасын жасауға қабілетсіз, өйткені олардың адами табиғаты жеткілікті деңгейде дамымаған еді.

Платонның идеалды мемлекет туралы жобасымен келіспеген Аристотель саяси құрылымдар түрлерінің өзіндік классификациясын ұсынды. Ол мемлекеттің 3 дұрыс және 3 бұрыс түрін ерекшеледі.

Аристотельдің мемлекеттерді дұрыс және бұрыс деп анықтау қағидасы  адамдарға бақыт сыйлау үшін мемлекетке не қажет екендігіне негізделген. Мемлекетте заңдар болады және ол заңдарды билік мемлекет пен оның азаматтарын қорғау үшін пайдалануы тиіс. Ал азамат болу үшін бірқатар азаматтық құқықтарға ие болып, өзі тұратын елдегі мемлекеттік құрылымның негізгі қызметтерін атқаруы қажет, яғни заң шығару, әкімшілік және сот қызметтерінде жұмыс істеп, мемлекетте бекітілген құдайға сыйыну.   

Дұрыс мемлекеттер

Аристотель дұрыс мемлекеттерге монархияны, аристократияны және политияны (республика) жатқызды. Оларды салыстырмалы түрде бағалай отырып, ол ең дұрыс мемлекеттік құрылым осы үш элемент үйлесім тапқанда ғана жүзеге асады деп қорытынды жасаған. Шектен шыққан жағдайда дұрыс мемлекет бұрыс мемлекетке, яғни монархия – тиранияға, аристократия – олигархияға, полития – демократияға айналады.

Өзі атаған 3 дұрыс мемлекеттің ішінен Аристотель политияны ең дұрысы деп санады. Бұл форма – басқа түрлердің тек жақсы жақтарын алған және екі шектің ортасында тұр.

Бұрыс мемлекеттер
 
Бұрыс мемлекеттерде билік халық үшін емес өзі үшін өмір сүреді. Билікті өзі үшін ғана пайдаланған монарх тиранға айналады. Бір топ бай адам билікті қолдарына алып, оны өзге азаматтар есебінен өз байлығын көбейту үшін пайдаланған аристократия олигархияға айналады. Сондай-ақ, билікті ешкімге бағынбайтын тобыр (охлос) басып алатын жағдайлар да болады.

Тирания – мемлекеттік құрылымның ең нашар түрі, ол қоластындағылардың мүддесін қорғауды көздемейді, керісінше оларға қарсы жұмыс істейді. Олигархия – аристократиядан туған жаңа форма, бай адамдардан құралған азшылық көпшілікті билейді. Демократия – кедейлерден тұратын көпшіліктің билігі. Аристотельдің ойынша, теңдіктің болмауы мемлекет ішіндегі көтерілістердің, толқулардың негізгі себебі.  


Дәурен Омаров

 

Ұқсас материалдар