Қандастар Ассамблея

ҚАРАТАЙ ӘУЛЕТІ

31.08.2014 3843
– көрнекті, саясат, мәдениет қайраткерлері шыққан тұқым. Арғы аталары Әбілқайыр ханнан басталады.

ҚАРАТАЙ ӘУЛЕТІ – көрнекті, саясат, мәдениет қайраткерлері шыққан тұқым. Арғы аталары Әбілқайыр ханнан басталады. Әбілқайырұлы Нұралы хан баласы Қаратай сұлтанның бір ұлы Бейсәліден туған Бақытжан Қаратаев 20 ғ-дың басында ірі қоғам қайраткері ретінде танылған. Оның екі баласы Орал нақты білімдер (реалды) гимназиясын, Орынборда әскери уч-щесін бітіріп, өзара қарсы екі саяси топта қызмет етті: Мұрат Қаратаев алаш қозғалысына қатысты. Батыс Алашорда милициясы құрамында шайқасып, азамат соғысы жылдары қаза тапты; Шәміл Қаратаев кеңестік қазақ қосыны құрамында Бат. Қазақстанды ақтардан азат етісіп, көп жылдар Қазақ ұлттық атты әскер полкінің комиссары болды. 1929 ж. осы ұлттық әскери қосынның Қазақстанның ескі астанасынан (Қызылорда) жаңа астанасына (Алматы) дейін жасаған жорығын басқарды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Б.Қаратаевтың інісі Мағзұм Қаратаев Императорлық Санкт-Петербург ун-тінің заң ф-тін бітіріп, төңкеріске дейін Қазанда, Оралда құқық жүйесінде қызмет еткен. Кеңес дәуірінде ол да қуғын-сүргін құрбаны болды. Тағы бір туған інісі Арон Қаратаев Патшалық Ресей тұсында білім алып, жоғары қызмет істеген зиялы азамат атанды. Орал қ-ның полиция бастығы (обер-полицмейстер) лауазымына дейін көтерілген. Ескі тәртіптің құлауына байланысты қызметтен кетіп, жеке меншік шаруашылығымен шұғылданған. Атақты бай және бұрынғы патшалықтың қызметкері ретінде 1928 ж. тәркіленіп, Алматы округінің Ащыбұлақ (қазіргі Алматы қ. маңы) деген жерге жер аударылған. Қызы Шаһзада Аронқызы 20 – 30-жылдары қазақ зиялы қыздарының көрнекті бір өкілі болған, саяси қуғын-сүргін науқаны кезінде Алматы түрмесінде атылды (қ. Шонанова). Қ. ә-нен бірқатар өнерпаздар да шыққан. Қаратай сұлтанның Мерәлі деген ұлынан әйгілі әнші-сазгер, ақын Мұхит дүниеге келді. Оның ұрпақтарының да бірқатары өнерден өз орындарын алды: Лұқпан Мұхитов белгілі әнші, домбырашы, ұстаз болды; Ғұбайдолла Мұхитов (1896 – 1944) сазгер, әнші, Мұхит әндерін А.Затаевичке алғаш айтып, нотаға түсірткен тілші болды. Ол Батыс Алашорда қайраткері, Алаш әскерінің офицері ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Құбыш Мұхитов (1928 ж. т.) күйші, ұстаз, Құрманғазы атынд. ұлттық консерваторияның проф., Шайхы Қаратаев (1890 – 1922) әнші, сазгер, күйші болған, атасы Мұхиттың әндерін Ғарифолла Құрманғалиевке үйреткен. Қаратай сұлтанның Тілеу деген баласынан тараған ұрпақтан әнші-сазгер Шынтас Қаратаев (1884 – 1948), домбырашы, күйші Қамбар Медетов (1901 – 38) шыққан. Шынтас – Мұхиттың әндерін сазгердің өзінен үйреніп, ел ішіне таратқан, әйгілі “Он алты қыз” әнін шығарған өнерпаз. Қамбар қазіргі Құрманғазы атынд. ұлт аспаптары оркестрін құрушылардың бірі, респ. филармониясының әншілер мен бишілер тобына кеңесшісі, осы өнер ұжымы басшысының 30-жылдардағы орынбасары болған. Қ. ә-нің аталас ағайындары, Нұралы ханның тағы бір баласы Бөкей ханнан тараған ұрпақ ішінде де саясат, ғылым, өнер, мәдениет қайраткерлері көп; қ. Бөкей әулеті.

Б. Қойшыбаев

"Қазақ энциклопедиясы"