Қандастар Ассамблея

ҚАРАНОҒАЙ-ШАЛА ОҚИҒАСЫ

31.08.2014 2260
ҚАРАНОҒАЙ-ШАЛА ОҚИҒАСЫ – 1922 жылдың соңында Шу бойында болған озбырлық. Халық арасында Байсейіт-Мұқыш әңгімесі деп те айтылады.

ҚАРАНОҒАЙ-ШАЛА ОҚИҒАСЫ – 1922 жылдың соңында Шу бойында болған озбырлық. Халық арасында Байсейіт-Мұқыш әңгімесі деп те айтылады. Қазақ халқының екі кеңестік автономияға бөлініп, терістігі – Қазақ АКСР-іне, оңт. – Түркістан АКСР-на қарап тұрған кезеңде Шу өз-нің алқабын қыстап, Сарыарқаны жайлайтын бірнеше көшпелі болыс 1922 ж. күзде әкімш. жағынан Түркістан Республикасының қарамағына өтуге тырысты. Олардың тілектерін нақтылап, ауыл-ауылдарда жиындарын өткізіп, тиісті қарарлар шығарып әкелу ісін Сырдария обл. атқару к-ті Д.Әділовке тапсырды (оны ел ішінде Мұқыш атаған). 1918 ж. С.Сейфуллин, Байсейіт Әділовпен қатар алғашқы Ақмола совдепіне енген Ғалым Әбубәкіров деген большевик 1922 жылдың күзінде көрші Қарқаралы уезімен екі арадағы барымташылыққа байланысты туған дауларды реттейтін комиссияның Ақмола жағынан тағайындалған төрағасы ретінде іссапарға шығады да, оны тиянақтамай, қарамағындағы 8 милиционерімен бірге салық жинау желеуімен Ақтау, Ортау болыстарын аралайды. Милиция қатарын ел ішіндегі ұрылармен толықтырған Әбубәкіров (Қараноғай) Шу өңірінде зорлық-зомбылығын үдетеді. Халықты талан-таражға түсіріп, қыз-келіншектерді қорлау, адамдардың ар-намысын аяққа таптау бейбастақтықтарына жол берген бұл өкімет өкілінің қылықтары елдің ашу-ызасын тудырды. Жергілікті халық Д.Әділов пен оның ел ішіндегі беделді ағасы Б.Әділовтен араша сұрайды. Байсейіт Қараноғайды тұтқындатып, Мұқыш бұзақыларды өлім жазасына кескен халық үкімінің орындалуын ұйымдастырады. Байсейіт пен Мұқыш ерлігі аңызға айналып, халық арасында жыр туды. Алайда 1923 ж. Қазатком (Орынбор) жеделхат арқылы Түркаткомнан (Ташкент) Әділовтерді ұстап беруді сұрайды. 1924 ж. Қазақ АКСР Бас милиция басқармасы (Орынбор) “Әділовтердің салық жинауға кедергі келтіргені”, яғни Қ.-Ш. о. жайында материал жинады. 1927 ж. Б.Әділов тұтқынға алынып, ұзамай кепілдікке шығарылды. 1928 ж. өткізілген тәркілеу науқанына байланысты Қ.-Ш. о-на жаңа саяси мән берілді. 1928 ж. желтоқсанда, “тәркілеуге қарсылық білдірген” Әділовтерді тұтқынға алу үшін ГПУ-дің қарулы жасағы жұмсалды. Б.Әділов оққа ұшып, Д.Әділов тұтқындалды. Содан әйгілі “Алаш ісі” қозғалды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, т.б. алаш зиялылары қызметінің “контрреволюциялық” сипатын қоюлата түсу мақсатында іске қиыстырылған “Әділовтің бандасы” деп аталатын жасанды саяси қылмыстық топты ойлап табуға 1922 жылғы Қ.-Ш. о. қолайлы сылтау болды. Оқиғаға қатысқан Байсейіт-Мұқыш серіктері (барлығы 16 адам) түгел қамалып, Мәскеуде тергелді. 1930 ж. Д.Әділов (Аймауытов, А.Юсупов, Ә.Байділдинмен бірге) атылды, өзгелері әр түрлі мерзімге  жазаланды. Бұлардың бәрі де 1988 ж. 4 қарашада Қазақ КСР Жоғ. Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ұйғарымымен ақталды.

Әдеб.: Қарабура. Ғылыми-танымдық жинақ, А., 1997.

Б. Орынбекұлы

"Қазақ энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар