Қандастар Ассамблея

ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІ

31.08.2014 23641
ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІ – ортағасырлық мемлекет. Өмір сүрген уақыты мен шекарасы әлі дәл анықталмаған. 10 ғ-дың ортасы – 13 ғ-дың басы;

ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІ – ортағасырлық мемлекет. Өмір сүрген уақыты мен шекарасы әлі дәл анықталмаған. 10 ғ-дың ортасы – 13 ғ-дың басы; кейбір деректерде 10 ғ-дың 90-жылдарында болды деп көрсетіледі. Құрамына Шығ. Түркістан, Жетісу, Мауераннахрдың едәуір бөлігі кірген. Мемл. билеушілер әулетіне байланысты аталған (қ. Қарахан әулеті). Мемлекеті түркі тайпаларынан тұрған, әсіресе, қарлұқ, қаңлы, шігіл, яғма тайпалары үлкен рөл атқарған. Билеушілер яғма тайпасынан шыққан. Ол тайпалар Іле, Шу өзендерінің бойын, Тараз аймағын мекендеген. 992 ж. Харун боғра хан Бұхара қ-н басып алды, оның мұрагері Насыр І 996 – 999 ж. бүкіл Мауераннахрды бағындырды. 1108 ж. қаңтарда Қ. м. әскерлері Балх түбінде Ғазнауи мемлекетінің әскерінен жеңілді, сонан соң олар Әмудариядан әрі қарай жорыққа шыққан жоқ. Астанасы алғашында Қашқар, Баласағұн, Үзгент, кейіннен қайтадан Қашқар қ. болды. Орта ғасырлық тарихшы-шежіреші Б.Әбілғазының айтуынша, бұл кезде Қ. м-ндегі тайпалардың күштісі Ыстықкөл, Шу, Талас аймақтарын мекендеген қаңлылар еді. Шігілдер Жетісу жерінің едәуір бөлігі мен Ыстықкөлдің солт. жағалауын иемденді. Шігілдердің бір тармағы Іле алқабын, Құяс өңірін мекендеді [Махмұт Қашқари (11 ғ.)]. Ал бұрын Батыс Алтайда тұрған қарлұқтар бұл кезде Шу, Талас алқаптарын қоныстанды. 11 ғ-дың 60 – 70-жылдарында Қ. м. салжұқтармен қақтығысып, соның салдарынан бір орталыққа бағынуы әлсіреді, іштен алауыздықтар туып, салжұқтарға тәуелді болып қалды. Бұл, әсіресе, салжұқ сұлтаны Санжардың тұсында (1118 – 57) көбірек байқалды. 12 ғ-дың 30 – 40-жылдарының басында қидандар басып кіріп, Қ. м-н өздеріне бағындырды.

Қ. м. тұсында орт. өкімет билігі әлсіз болды. Қарахан әулетінің басшысы – тамғаш хан (хандардың ханы), ал оның Талас алқабындағы мирасқор әмірлері арслан хандар деп аталды. Қ. м. жер үлестеріне бөлініп, оларды Қарахан әулеті тегінен шыққандар – ілек хандар басқарды. Жер бөліп беру жүйесі иқта деп аталды. Көшпелі мал ш. басым аймақтарда иқта жер теліміне емес, көшпелі қауымдардың санына қарай берілді. Ал қауым мүшелерінен иқталардың (иқта ұстаушылардың) пайдасына салық алынды. Осы негізде билеуші ақсүйектер мен тәуелді адамдар тобы қалыптасты. Ақсүйектер егістік, жайылымдық жерлерді кеңірек қамтып, шағын жер иеленушілер солардың қол астына көшіп, тәуелділікте қалды. Бұрынғы қалаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар салынды. 10 ғ-да қазіргі Қазақстан жері арқылы маңызды сауда жолдары өтті. Солардың бірі Шу өз. алқабын бойлап, Іле Алатауының сілемдері мен Талғарға дейін жетті де, одан әрі тармақталып кетті. Бір тармағы Шелекті басып өтіп, Шығыс Түркістанға дейін, екіншісі Іле өз. мен Алакөлден өтіп, Моңғолияға дейін созылды.

960 ж. Қ. м-нде ислам ресми мемл. дін ретінде қабылданды. Мәдениеті дамыды. Түркі тілінде шығармалар жазылды. Солардың бірі – Жүсіп Баласағұнидың “Құтадғу білік” (1069), Махмұт Қашқаридың “Диуан-и лұғат ат-түрк” атты туындылары. Архитектура мен сән өнері өріс алды. Мыс., Үзгендегі айшықты ою-өрнекті, порталды кесенелер.

Әдеб.: Малов С.Е., Памятники древнетюркской письменности, М.–Л., 1951; Бартольд В.В., Соч., т. 2, М., 1963; Караев О., История караханидского каганата (Х – начало ХІІІ вв.), Фрунзе, 1983.

Б. Көмеков

"Қазақ энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар