Қандастар Ассамблея

Қарабура әулие

06.09.2014 6165
Қарабура әулие туралы

Қазақ даласынан топырақ бұйырған Қорқыт Ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб-Баба Ата, Әбжал баб-Хорасан Ата, Үкаша Ата әулиелер қатарында халық Қарабураны да Пір тұтынады.  

Бүгінде Созақ топырағында Қарабура әулиенің кесенесі мұсылман қауымының киелі қорымына (пантеон) айналған.

Қарабура әулиені қоршаған орта, оның пікірлес, сырлас адамдары қасиетті әулиелер, сопылық (Яссавия) ілімінің негізін қалаушы ғұламалар болғанын, атап айтқанда Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Хакім Ата Сүлеймен Бақырғани, Зеңгі Аталарды көруге болады. Осы ортаның құрметті адамы болған Қарабураны (Бограханды) қасиетті әулие, сопылық ілімнің негізін салушылардың бірі немесе осы ілімнің дамуына жан аямай көмектескен мемлекет қайраткері деуге әбден болады. 

Қасиетті әулиенің көп қырлы да, көп сырлы өмірінің бір қырын, яғни Қарабура әулиенің әзірге дейін - бізге деректер мен аңыздар арқылы аты-жөні жетіп, белгілі болып отырған ұрпақтары – Әмбар Бибі мен Бегім Ана жайлы және олардың өмір жолдастары болған адамдар жайлы деректерімізді Қарабура әулиені пір тұтқан Мухлис (ықыласты) пірадарларына сауға ретінде ұсынбақпыз.

Әмбар Бибі өте сұлу, әрі ақылды, көріпкел әулие болғанға ұқсайды. Әмбар Бибінің алғашқы өмір серігі – Хакім Ата Бақырғани болады.

Хакім Атаның шын аты Сүлеймен болып, кейінгі аты түрік мұсылмандарының арасында Сүлеймен Бақырғани атымен кең танымал болады. Хакім ол кісінің лақап аты болған. Сүлеймен Бақырғанидің тегі Хорезмдік, Қарабура әулиенің ажайб сұлу қызы Әмбар Бибіге үйленеді. Ол Қожа Ахмет Ясауидің ең сүйікті, әрі талантты шәкірттерінің бірі болып, «Яссавия» ұйымының маңызмақсатын түрік халқының арасында өсиеттеуде көп еңбек сіңіреді. Атақты «Машайхтардың» бірі болады. Сүлеймен Бақырғанидан қалған мынадай қанатты сөздер бар екен: «Барлығы жақсы - біз жаман, барлығы бидай – біз сабан», «Әр кімді көрсең Қызыр деп біл, әр түнді көрсең Қадір Түні деп біл».

Ұстазы Қожа Ахмет Ясауидың кітаптарын шығаруда, өзінің өлеңдер жинағын шығарып, ел арасында кең танымал болады. Хакім Ата шомылып жатқанда Әмбар Бибі оны көріп қалып «Атақты Қарабураның қызы бола тұра, осындай адамға қалай тұрмысқа шыққанмын» деген ойға келіпті. Сонда Хакім Ата оның ойын сезіп қойып, «Әлі саспай қоя тұр, жақында менен де өткен қара өңді адамға тұрмысқа шығасың» депті.

Ұзамай Хакім Ата қайтыс болады. Оның шәкірттерінің бірі, түбі араб, ірі денелі, қара өңді Зеңгі Атаға тұрмысқа шығады. Сөйтіп, Хакім Атаның айтқаны келеді. Зеңгі Ата түркі-ислам әлемінде исламды уағыздаушы данышпандардың бірі болған. Зеңгі Ата 1258 жылы дүниеден өтеді. Ұлы машайықтардың бірі болды. Зеңгі Баба деген атпен әлемге белгілі болды. Зеңгі Атаның кесенесін Әмір Темір салдырып, оған құлпытасты Мырза Ұлықбек 1420 жылы орнатады. 

Кесенесі Тараз қаласында орналасқан Айша бибі Әмбар Бибінің қызы, яғни Қарабура әулиенің немересі екен. Айша бибі арманына, сүйгеніне жете алмай өледі. Қарахан қайғырып, қан жұтып, сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез оратады. Оның жастайынан күтушісі болған, соңғы сапарға шығарып салған, одан кейін өзі өмірден кеткенше бейіттің шырақшысы болған Баба әжі-қатынның басына адал қызметі үшін Қарахан күмбез орнатады.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма