Қапаста тұншыққан тағдырлар

31.05.2016 7727

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсан күні құрылған. Деректерге жүгінсек, 1930 жылдың мамыр айында КСРО ХКК «Қазақ еңбекпен түзету лагерлерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы қабылданды. Құжатта: «саяси-шаруашылық және аграрлық-мәдени, Қазақстандағы ОГПУ-дың ерекше мақсаттағы лагерлері  Қарқаралы окургіндегі мәжбүр ету арқылы жұмыс істету лагерлері жанындағы үлкен аралас құрылатын кеңшарларды ескере отырып, Халық комиссарлар кеңесі келесідей бөлімдерді қаулы еткен: бірінші Жер Халық Комиссариатының қорытындысына және ОГПУ-дің ерекше мақсаттағы Қазақстандағы лагерьлер басқарамасының Қоянды жәрмеңкесі аумағы мен құрылыстарынан басқа 110.000 гектар алаңды мерзімсіз тегін пайдалануға деген өтініші қанағаттандырылсын. Екіншіден Қазақ КСРО Жер Халық Комиссариатына аталмыш лагерьлерге бөлінетін жерді дереу бөліп, жұмыс жүргізетін техникалық қызметкерлерді іріктеу тапсырылсын. Бүкіл жұмыстар Қазақстандағы ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлер басқармасы күші мен қаражаты арқылы жүзеге асырылсын» деп айтылады.

Осы қаулыға сәйкес 1930 жылғы 13 мамырда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қарқаралы округінің Бесоба мен Қоянды жәрмеңкесі арасындағы 110.000 гектар жерді бүкіл құрылыстарымен ОГПУ ерекше мақсаттағы лагерьлерінің қарамағына беру туралы шешім қабылдайды. Алайда, бір жылдан кейін, яғни 1931 жылғы 19 желтоқсанда басқаша шешім қабылданады онда: «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бірінші бөлімшесі – «Гигант» кеңшары осы күннен бастап қысқартылған түрде «КарлагОГПУ» деп аталатын, ГУЛАГ-қа тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайта құрылатыны, лагерь басқарамсы Долинка селосында орналасатыны» айтылған.

Долинкадағы музей

Осылайша, лагерьдің орталығы  Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосы болды, оған 120 000 гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабындық жер бөлініп берілді. Карлаг аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты. Оған қоса осы аумақтан сыртқары лагерьден 350 шақырым жерде Ақмола және 650 шақырым жерде Балқаш бөлімшелері құрылды. Карлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – сол кезде қарқыныды дами бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейініне, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды. Оған осы өнеркәсіп салаларын құрып, дамытуға жұмыс күші де қажет болатын.

Лагердің мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану еді. Сол 1,5 миллион тұтқынның дені «халық жауы» деген айыппен сотталғандар немесе солардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылғандар. Тұтқындардың арасында әлемдік деңгейдегі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері, шала сауаттылар мен әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыздар да болыпты.

Осы азап лагерінің тарихын алғаш зерттеуші тарих ғылымдарының докторы Дүйсетай Шаймұхановтың зерттеу еңбегінде: «Қарағанды лагері 1931 жылдан бастап 1956 жылға дейін КарЛАГ болып келді. 1956 жылдан бастап лагерлер қалды, бірақ, КарЛАГ деп аталмайтын болды. Ең алғашқы 1932 жылдың басында мұнда 22 мың адам болды. Олардың 87 пайызы қазақтар болды. Кейін КарЛАГ-тың тұтқындарының саны өсе бастады. 1931-1956 жылдар арасында КарЛАГ-та 1,5 миллион адам болып кетті. Мен өзім көп жерді аралаған адаммын. Бухенвальдті көрдім, Освенцимді көрдім. Бұлардың тәртібі осы КарЛАГ-тың тәртібімен бірдей болды ғой. Мысалы, қой бағып жүрген әйелдерді жинап әкеп, жаңағы әйелдерді солардың көзінше атып тастаған. Мінеки, бір қой үшін, екі қой үшін. Освенцимдегі, Бухенвальдтағы озбырлықтардың бір түрі деген сөз бұл», – деп жазады.

Карлаг аумағында 80 мың тұрғыны бар 4 мың қазақ киіз үйі, 1200 неміс, орыс, украин үйлері болды. 1930-1931 жылдары халықты зорлап көшіру басталды. Бұл операциялар үшін НКВД-нің әскері пайдаланылды. Немістер мен орытар, украиндар негізінен Қарағанды облысының Тельман, Осакаров және Нұра аудандарына қоныс аударды. Қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болды: лагерьлерге берліген жердің солтүстік бөлігіндегі халықтың көпшілігі Қарағандыға, оған таяу жерлерге көшті. Бұның бәрі байлар мен кулактарды тәркілеп, олардың мыңдаған малын талан-таражға салумен тұтас келді. Тәркіленген малдың біразы «Гигант» кеңшарында арнайы ұйымдастырылған «Востокмясо» деген ұйымға берілді. Жергілікті халық көшірілгеннен кейін бос қалған жерлерді тұтықындардың сан мыңдаған топтары мекендеді. Олар лагерьдің бүкіл аумағына орналастырылды: теміржол салды, өздеріне барактар, мал қоралар, күзеттегі жауынгерлерге казармалар, бастықтарға тұрғын үйлер салды. Құрылысқа көбінесе ескі үйлердің материалдары пайдаланылды, «бейіттердің саман кірпіштерін пайдалануға тыйым салынды», алайда ол тыйым кейде сақталған жоқ. Бейіттердің бұзылу фактісі Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында кездесті. Бұл туралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж. Сүлейменов Қарағанды обкомының бірінші хатшысы Галайдинге арнаулы хат жолдады. Хатта былай делінген: «Аудан аумағында Карлаг бөлімшелерін салу кезінде Ортау, Алабас, Жайдақсу шатқалдарында Карлаг қызметкерлері қазақтың атақты адамдарының бейітін бұзды. Атақты Жидебай Сыздықтың және басқа да кісілердің бейіттері бұзылды, мал қораға айналдырылды». Карлаг басқармасы тек қана ОГПУ (НКВД) ГУЛАГ-қа, Москваға бағынды. Республикалық және облыстық партия, кеңес органдары лагерь қызметіне ешқандай ықпал ете алмады. Бұл өзі тізгіні Москадағылардың қолында болған отарлық үлгідегі құрылым еді. Мәні бойынша ол мемлекеттің ішіндегі мемлекет болды. Оның өзіндік шынайы өкіметі, қару-жарағы, көлік-құралдары, поштасы мен телеграфы болды. Көптеген бөлімшелері – «нүктелері» бірыңғай шаруашылық тетікпен байланыстырылды, олардың өзіндік мемлекеттік жоспары болды.

Карлагтың құрылымы да мейлінше күрделі еді. Оның көптеген бөлімшелері болды: әкімшілік-шаруашылық (ӘШБ), есепке алу, бөлу бөлімі (ЕББ), бақылау-жоспарлау бөлімі (БЖБ), мәдени-тәрбие бөлімі (МТБ), кадрлар, жабдықтау, сауда, жедел-чекистік, қаржы, көлік және саяси бөлімдер. Осы соңғы бөлім ГУЛАГ басқармасына ай сайын 17 түрлі есеп жіберіп отырды. Жоғары тиімділік (арзан жұмыс күші, оған қоса қорлар құнының, аммортизациялық шығынның төмендігі) өндірісті кеңейтуге жағдай жасады. Карлаг шаруашылығының негізгі бөлігі Қарағанды мен Ақмола облыстарының аумағында жатты. Егер 1931 жылы Карлаг аумағы 53 000 гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектар болды. Егер 1931 жылы Карлагта 14 бөлімше, 64 учаске болса, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы 26 бөлімше, 192 лагерь нүктелері болды. әрбір бөлімше өз кезегінде бірқатар шаруашылық бөлімшелеріне бөлініп, учаске, нүкте, ферма деп аталынды. Лагерьде 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 бақша учаскесі мен 10 егістік учаскесі болды. Бөлімшелер мен учаскелердің лагерь орталығынан қашықтығы 5 шақырымнан 650 шақырымға жететін. Карлаг аумағы 1950 жылы 2 087 646 гектар, яғни 20 876 шаршы шақырым болды, соның ішінде егістік – 111 886 га, шабындық – 337 670 га, жайылым – 1 378 999 га.

Лагерьдегі ауыл шаруашылығының үлес салмағы 58,5 пайызды, өнекәсіптікі -41,5 пайыз болды. Ауыл шаруашылғының екі бейіні болды: өсімдік шруашылығының үлес салмағы -51,8%, мал шаруашылығы -48,2 % болды. Карлаг тұтқындарының жалпы саны кейбір жылдар бойынша келесідей: бір кездері тұтқындар саны 75 мың адамға өсті. Бұл адамдар лагерьдегі барлық қиындықтарға төзіп бақты, моральдық және басқа да ауыртпалықтарды көтеріп, адамгершілік қасиеттерін сақтай білді.

Спасск – бауырластар зираты

ОГПУ-НВД-МТБ Спасск ерекше лагерь бөлімшесі Қарағандыдан 45 шақырым жерде орналасқан. Спасск – революцияға дейінгі Қазақстанға қоныстанған шетелдік ірі іскерлер компаниясының орталығы болған жер. 1931 жылға дейін Спасск Қарағанды ауданының орталығы болды. 1931 жылдың наурызынан Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің қарамағына берілді. Кейінірек мұнда Карлагтан бөлек «Песчанный» деген аса үрейлі, лагерь бөлініп шықты. Бұл жерден ешкім тірі қайтпайтын. Егер Қарабас Карлагтың қақпасы болса, Спасск оның бауырластар зираты болды. Сыртқаттанып қалған тұтқындарды өлу үшін Спасскіге жіберетін. Сондықтан да бүкілодақтық ерекше лагерьлердегі мүгедектер мекені деген атауға ие болды. Шейіт болған тұтқындардың төмпешікке айналған қабірлері әлі күнге дейін бар. 

 

КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары Чернышевтің 1941 жылғы 24 маусымдағы нұқауына сәйкес Спасскідегі соғыс тұтқындарына арналған арнаулы лагер ұйымдастырылды. Лагерь екі бөлімшеге – Орталық және екінші Көкөзек бөлімшесіне бөлінді. Соңғысы негізгі лагерьден бөлініп шығарылған, соғыс тұтқындарынан мүлде ажыратылған адамдардан құралды. Бөлімшелер арасының қашықтығы - 500 метр болды. Екі лагерь бөлімшелерінің қалыпты және барынша сыйымдылығы келесідей болды: а) әскери тұтқындарға арналған орталық бөлімшенің қалыпты сыйымдылғы 5000 адам, барынша сыйымдылығы - 6000 адам; в) «Көкөзек» бөлімшесі қалыпты сыйымдылғы - 650 адам, барынша - 1100 адам. Барлығы 19 әскери бекетте 259 әскери адам қызмет етті. Лагерьдің 100 шақырым айналысындағы елді мекендерде жергілікті іздестіру топтары болды. Жергілікті тұрғындар арасындағы белсенділерден қашқын тұтқындарды ұстауға көмектесетін бригадалар жасақталды. Осындай 46 бригадаға 214 адам топтастырылды.

Лагерьге 22 бөлімше қарады. Олар Қарағанды, Теміртау, Саран, Балқаш қалаларында болды. Сондай-ақ Қарағандыдан 360 шақырым жердегі Ақмола облысының Жолымбет кентіндегі бір бөлімше ұсталынды. Қалғандары Қарағанды қаласының ішіндегі: кірпіш зауытында, Майқұдықта, Пришахтинскіде, Үлкен Михайловка станицясында болды. Соғыс тұтқындарының алғашқы эшелоны Спасскіге 1941 жылдың тамыз айында әкелінді. Бұлар 1436 адам еді. Екі жылдан кейін соғыс тұтқындарының саны екі есе өсті. Лагерь өмір сүрген он жыл ішінде мұнда 26 ұлттың өкілінен құралған 40 мыңға жуық соғыс тұтқындары ұсталынды.

Лагерьлерге әкелінген әскери тұтқындардың саны 1944 жылдың екінші жартысында күрт өсті. Егер 1944 жылдың қаңтар айында лагерьде 2529 әскери тұтқын ұсталса, онда қазан айында олардың саны 11583 адамға жетті. 1945 жылдың қазан-қараша айларында лагерьге жапон армиясының 11608 әскери тұтқыны бес эшелонмен әкелінді. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде шахталарда, кірпіш зауыттарында, жөндеу-механика зауыттарында, құрылыс ұйымдарында пайдаланды.

«Қарағанды көмір», «Шахта құрылыс», «Тұрғынүй құрылыс», «Металлург құрылыс», «Теміржол құрылыс» тресттерінде және басқа ұйымдарда 1945 жылы 9537 адам, ал, 1946 жылы -18592 адам, 1949 жылы - 15 мың адам жұмыс істеді. Қарағанды көмір бассейнінде мысалы соғыс тұтқындарын шахта жұмысына даярлау жөнінде өте үлкен жұмыс жүргізілді. 1945 жылы 1162 адам курстық тәсілмен оқытылды, олардың ішінде: навалсоққыштар - 225 адам, тіреушілер - 452 адам, темір ұсталары-159 адам, қазба машинистері -85 адам, қазушылар - 11 адам және т.б. Бұдан басқа жеке-бригадалық тәсілмен 1753 адам оқытылды, оның ішінде: навалобойщиктер -800 адам, крепильщиктер - 200 адам, проходчиктер - 250 адам және т.б. күн сайынғы тапсырысты мүлтіксіз, артығымен орындау үшін лагерь басшылары мынандай нұсқау белгіледі: «егер әскери тұтқындар бригадасы 8 сағат ішінде тапсырманы орындамаған болса, онда олар қосымша үш сағат жұмыс істеуге тиіс». Нысандарға арнаулы күзет тағайындалды. Олар тапсырманы 100 пайыз орындалуын талап етуге құқылы болды. КарЛАГтағы сияқты, әскери тұтқындары да өндірістік жоспарларды артығымен орындаған үшін сыйақы алып отырды. 1946 жылдың қыркүйек айында 201 жұмысшы (150 сомнан 1200 сомға дейін), қазан айында -219 лагерь жұмысшысы сыйақы алды. Соғыс тұтқындары жұмыс істеген шахталарда тәртіп бұзушылықтар болды, еркімен жалданып істейтін жұмысшылар он күндік әскери тұтқындар есебінен жазып жіберу орын алды. 1945 жылдың 14 тамызында «Киров көмір» трестінің №3 шахтасында №2 учаскедегі ауысымдық тапсырма жоспары көмір шығару 88 тоннаны құрады, іс жүзінде 135 тонна немесе 153,4% шығарылды. 5 адам еркімен жалданып істейтін жұмысшы, 17 әскери тұтқын, олардың ішінде 10 навалсоққыштар жұмыс істеді. Бұл күні еркімен жалданып істейтін навалсоққыштар ауысымда болмаған. Десятник рапортты жұмыс істемеген еркімен жалданып жұмыс істегендер есебіне жазған. Осы шахтаның №7 учаскеде десятник 22 әскери тұтқын, 9 еркімен жалданып жұмыс істейтіндер еңбек еткен, көмірді шығару жоспарының орындалуын еркімен жалданып жұмыс істейтіндер есебіне жазған. Әскери тұтқындар арасында өлім жоғары болды.

Толық емес деректер бойынша 1942-46 жылдар арасында 7 мыңнан астам адам өлген. Тек 1945 жылы 2430 адам өлген. 1945-49 жылдары жапон тұтқындары арасындағы өлім былайша: 1945 жылы -49, 1946 жылы-228, 1947 жылы – 149, 1948 жылы – 92, 1949 жылы – 38, барлығы 556 адам. Негізгі қойылған диагноздар: туберкулез және аштықтан титықтау. Лагерьде тұтқындарды сауықтыру, өлімнен құтқарып қалу шаралары ұйымдастырылмады. Барактардың санитарлық жағдайы адам төзгісіз болды. Кей жағдайда лагерь бөлімшелерінде тұтқындарының жаппай уланып қалу оқиғалары кездесті. Мұндайда оларға жедел көмек көрсетілмеді. Мысалы, 12 және 15-ші лагерь бөлімшелерінде 96 адам дизентериямен лазаретке түскенде, оларға 3-4 күн бойы ешқандай дәрігерлік көмек көрсетілмеген. Лагерьде 10дәрігер, 8 медбике, 4 фельдшер және 11 санитарка жұмыс істеді. Олар лагерьдегі бүкіл ауруларға қызмет көрсетіп үлгере алмайтын. Себебі, арнаулы госпитальда бір мыңнан үш мыңға дейін науқас тұтқындар жататын.

Барактарда температура қалыпты болған жоқ, үнемі суық болды, қыста барактардың сыртқы есіктері жабылмайтын еді. 17 лагерь бөлімшелерінде 44 адамның үсіп кеткен оқиғалары орын алған, олардың ішінде І дәрежелі – 14, ІІ дәрежелі – 24, ІІІ дәрежелі – 6 адам. Лазеретке түскен ауру тұтқындардың бағалы заттары (сағат, сақина, ақша жән т.б) сақтауға қабылданбай, тұтқындардың өздерінде болғандықтан ұрлық жасау орын алған. Тіпті лагерь қызметкерлерінің өздері де олардан бағалы заттарды сатып алатын оқиғалар да тікелген. Соғыс тұтқындарының лагерьден қашу оқиғалары да кездесіп тұрды. 1944 жылы 5 адам қашып, 3 адам қашуға әрекет жасаған. Ал 1946 жылы лагерьден 41 адам қашқан. Солардың ішінде немістер – 8, румындар – 14, жапондар -13, венгрлер -4, молдавандар -2. Мереке күндері лагерь күзетін күшейту және қашу жағдайларының алдын алу мақсатында соғыс тұтқындарын зона аймағынан тыс жерлерге жұмысқа алып шығуға тыйым салынды. Сонымен қатар мереке күндері учаскелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және соғыс тұтқындарының қашып кету әркеттерінің алдын-алу үшін лагерь учаскелеріне қосымша вахтерлік посттар мен бақылаушылар қою арқылы күшейтілген күзеттер қойылған. Мереке алдында сақтауға тыйым салынған заттарды алып қою мақсатында әскери тұтқындардың жеке заттарын және тұратын бөлмелеріне тінту жүргізген. Спасск лагері Карлаг жүйесіндегі ерекше режимдегі лагерь деп есептегендіктен каторжниктерді, ерекше қауіпті қылмыскерлерді үнемі КарЛАГ-қа аттандырып отырды. Спасск лагері 1956 жылға дейін карлагтың құрамында қалды.

Бүгінгі таңда аталған азап мекенінің орнында бауырластар зираты бар. Онда тұтқында отырған немістер, румындар, орыстар, жапондар, поляктар, индер, словактар, венгерлер, украйндар, француздар, чехтар, қырғыздар, эстондар, итальяндықтар жерленген. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап шетелдіктер осында жерленген азаматтарына құрмет ескерткіш белгілер орнатуға мүмкіндік алды. Мәрмәр тастан тұрғызылған алғашқы белгі отанына орала алмаған жапон тұтқындарына арналып ашылған. Содан кейінгі жылдарда Германия, Франция, Италия, Венгрия, Литва тағы басқа мемлекеттердің үкіметтері мен қоғамдық ұйымдары тұтқында қаза болған азаматтары қабірлері басына белгілер қойды. Ал Қарағанды әкімдігі шешімімен 2044 жылғы 31 мамырда мұнда Қазақстанда қаза болған саяси қуғын-сүргіннің барша құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды.

Сәбилер шеккен қасірет

КарЛАГ-тың әкімшілік орталығы Қарағындыдан 35 шақырым жердегі Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом» қазақшалағанда «Анашымның үйі» атты арнаулы мекеме жұмыс істеген. Көп ұзамай жермен-жексен болып тегістеліп кеткен қорымның ауқымын анықтау мүмкін емес. Тұрғындар бертінде салынған шеткі үйлер зираттардың үстінде тұрғанын айтады. Қорымның екінші жағы өзен суымен шайылып, жарлау жағаға тіреледі. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін көктемгі су тоғысы кезінде өзен бетінде қалқыған сүйектер үйреншікті көрініс болыпты.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, мұнда қанша сәбидің қырылғаны туралы нақты дерек жоқ. Архивтер әлі толық ашылған жоқ. Ал, қолда бар анықтамалық құжаттардағы деректер 1943 жылы ғана 450 бала бір мезгілде өкпе қабынуынан қырылып қалғанын көрсетеді. Профессор Дүйсетай Шаймұхановтың зерттеу еңбегінде КарЛАГ-тың балалар үйлерінде болғандардың лагерге анасына еріп барғандары да, анасының құрсағында барып, дүние есігін ашқандары да бар. КарЛАГ-тың айрықша бөлімшелерінің бірі – АЛЖИР, тарқатып айтқанда, «Отанын сатқандардың» әйелдері отырған Ақмоладағы лагері. КарЛАГ-тың ең үлкен балалар үйі де сонда болған. Ал, жалпы КарЛАГ бойынша некесіз туған балалардың саны 1937-1946 жылдар аралығында 1500-ден асқан екен.


Материалды әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Пайдаланылған деректер Д. Шаймұханов пен А. Шаймұханованың «Карлаг» (Қарағанды 1997ж) зерттеу еңбегінен алынды