Қандастар Ассамблея

Қанжығаға байлау және аң олжасын өңдеу

26.08.2014 5254
Қанжығаға байлау – қазақы ортадағы әлеуметтік қатынастар жүйесінің моральдық-этикалық нормалар мен принциптерге негізделген ілкімді ұстанымдардың бірі.

Қанжығаға байлау – қазақы ортадағы әлеуметтік қатынастар жүйесінің моральдық-этикалық нормалар мен  принциптерге негізделген ілкімді ұстанымдардың бірі. Аңшы аңшылықтан немесе саяттан оралып келе жатқанда, алдынан сыйлы болмаса үлкен адам, тіпті, бөгде адам шыға қалса, аңшы олжасын сыйға тартады. Бұл «алаштың бөлінбеген еншісінен» туындайды. Қанжығаға байлау жосыны еш бүкпесіз риясыз ниетпен атқарылады. Сондықтан да, қазақта «аңшы байымайды, бай аңшыны көргеніміз жоқ» дейді. Тазымен аң ілгенін көрсе, бейсауат жолыққан адам (кейде аңға шығып бара жатқанда) «майлансын» дейді, аңшы «байлансын» деп олжасынан байлайды.

 

Қос тазы ерткен аңшы. Семей облысы, Абай ауданы. 1947 ж.

ҚР МОМ экспедициясынан. ҚР МОМ қорынан (КП 6454)

Аң олжасын бөлісудің өзіндік қағидасы болды: атып алынған аң қалыптасқан жосынға орай, аңшының қасындағы жолдастарының ең үлкеніне байланады; құндыз атып алса, жүн-терісін мергеннің өзі иеленеді де, бауыр терісі жолдастарына бұйырады. Алайда, аң аулауға алғаш рет шыққан мерген немесе жаңа мылтық сатып алған, болмаса жаңадан бапталған құс пен жаңадан үйретілген тазымен шыққан аңшылар олжаларының бауашарын біреуге байламастан, ырым қылып өзі алады. Қоңыр аң олжасын бөлгенде, мергеннің өзі терісін, төсін және оң санын алады. Қалғандарын аңшының жолдастарына байлайды, бірақ, олардың жасы үлкені олжаның көбірегін алады. Мұндай бөлісті «мүше алмақ» дейді. Аңшылар өлтірген аңдарын оң қолымен алып, қанымен мылтықтың дүмін сүртіп, қайырған құсына итіне атқан аңның етінен дәм таттырады. Аңшы үйіне қайтып, үйіне кірерде аңды босағаға ырымдап тастайды. Содан кейін оны керегенің басына іліп қояды. Қақпанға түскен аңды алып, қақпанының жанына «өтеуін қалдырып кететін» болған. Олжаны иесіне немесе артынан қуып келген қуғыншыға байлау, яғни оны қайтарғаны қазақы түсінік бойынша, ішкен асты құсқанмен бірдей. Мұндайда, «Ұры мен барымташы жортуылға алам деп шығады. Ала білген адам, оны сіңіре де білу керек, былғағаннан басқа келтірер пайдасы жоқ», – делінеді.

Аң олжасын өңдеу. Ауланған аңның денесі әбден суыған соң, терісін сойып алады. Себебі, әбден суыған кезде аңның денесіндегі бүрге, кене, бит сияқты арамза жәндіктер түсіп қалады. Қоңыр аңдарды атып алғаннан кейін, ерекше үлкенінің терісін немесе үлкен мүйізін аңшы өзіне қалдырады. Себебі, олар аңшының алғыр екендігінің дәлелі ғана емес – сұқтанған адамның тілі мен көзінен сақтайды-мыс.

Қазақ аңшылары ұстаған аң терілерін тұрмыстың тұтыну қажетіне қарай, көбінесе, теріні бітеу сою, жарып сою сияқты екі түрлі тәсілмен сояды. Қасқыр, түлкі, қарсақ, құндыз, бұлғын, сусар қатарлы аң терілері бітеу сойылады. Бітеу сою – аңның құйрық түбінің ішкі жағынан пышақ салып, артқы екі санының жұқа шабы аралығына дейін түзу тіледі. Терінің түбін ашып алады да, басына қарай тұтас сыпырып отырып, сирақтарын да тері ішінен бітеулей суырып алады. Пұшпақтарына бақайшық табанының мүйізгектерін қалдырып, онан соң құлақ терісін, иегін, қара тұмсығын, құйрығына дейін теріде қалдырып, тұлыптап сояды. Тұлыптап және бітеу сою өңдеуге, илеуге қолайлы, әрі осындай жолмен алынған тері иі жаққанда жүнжіп бұзылмайды деп есептейді. Аң терілерін бітеудей мес қылып сою үшін, артқы шатын өткір пышақпен тіліп, теріні басына қарай айналдыра бас терісімен бірге сыпырады. Мұндайда, пышақ тигізбей, саусақпен, жұдырықпен іреп сыпырған дұрыс.

Жарып сою – мал союдан өзгешелеу. Оның екі түрі бар. Біріншісі – тауешкі, бөкен, арқар, бұғы, қарақұйрық қатарлы қоңыр аң бауыздап сойылып, терісі мен еті қатар пайдаланылады. Олардың бас терісінен басқа тері бөлінбей, сол күйінде сойылады. Екінші түрі – бауыздамай жарып сойылатындар – бұл арам еттілер тобындағы аю, жолбарыс қатарлы ерекше үлкен аңдарды сойғанда, бүтін дене тұрқының терісі түгел сыпырылады. Төрт пұшпағы, құйрығы, бас терісі, құлағы мен тұмсық мүйізгегіне дейін теріден бөлінбей бүтін сойылады да, тері түрінің басты мүсінін сақтап, жайылып қойылады. Ал, суыр, борсық сияқты ұсақ аңдардың жон терілерін пайдалану үшін олар бауырынан жарып сойылады.

Сондай-ақ, құтан, қалбағай тұқымдастарының мамығы кәдеге жарамды болғанымен, еті дәмсіз деп саналады және байлануға аса жарамайды. Керісінше, дуадақ, шіл, ұлар, безгелдік, жорға дуадақ, шыңырау, тарғақ, бөдене, бұлдырық, тауқұдірет тәрізді қыр құстарын саятшылықта олжалауға тырысады. Аңдардың өті, жүрегі, үлпершегі, тісі, тарамысы қатарлы халық емшілігінде қолданатын бөлігін кесіп, сылып алады. Оның өзіндік қағидалары бар. Жыртқыш аңдардың терісін еппен бүлдірмей алып, соғып алған адам өзіне қалдырады. Күнде кездесе бермейтін сілеусін, жолбарыс, аю және бағалы аңның терісін аңшы өзі алады. Иен түзде соғып алған қасқырды әбден өлтіріп, жаны шыққан соң ғана қанжығасына байлайды.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Ұқсас материалдар