Аничич «Астананы» келесі кезеңге алып шықты

21.07.2016 1451
«Астана Арена»

«Астана Арена» стадионында екінші біліктілік раунды аясында «Астана» мен «Жальгирис» командаларының кездесуі өтті. Астаналық клуб 2:1 есебімен басым түсті.

Литвада өткен бірінші кездесу 0:0 есебімен аяқталған. Екі команда да бұл шешуші кездесу екенін түсініп тыңғылықты дайындықпен алаңға шықты.

Алғашқы минуттардан-ақ «Астана» алаң қожайындары екенін білдіртіп шабуылды үдетті. Қос қапталмен еркін ойнап, нәтижесінде 31-ші минутта Марин Аничич Твумасидің бұрыштан көтерген добын қақпаға баспен дəл бағыттады.

Соғылған голдан кейін де Елордалық клуб үсті-үстіне шабуылдап, жанкүйерлеріне әдемі ойын көрсетті. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.

Алайда «Жальгирис» ойынның екінші бөлігіне жинақы шықты. Қорғаныстан бірден шабуылға шығып, қарсыластарының осал тұсын іздей бастады. Ойынның 57 минутында астаналықтар қорғаныста қателік жіберіп Эливелтоның  тепкен добы сол баяғы Аничичтің аяғын жанай өтіп қақпаға кірді.

Ары қарай Литвалық команда барынша уақыт созуға тырысып, дөрекі ойын көрсетті. Өйткені қонақта салынған гол оларды жарыстың келесі кезеңіне шығарар еді. Оның үстіне ойын соңына қарай команда капитаны Таңат Нөсербаев жарақат алып, ойыннан шығып қалды.

Алайда 90 минутқа қосылған үш минутта «Астананың» барлық ойыншысы шабуылға көшіп, соңғы секундтарда Аничин екінші голын салып, Қазақстан чемпионына маңызды жеңісті сыйлады.

Енді «Астана» үшінші кезеңде шотландиялық «Селтик» клубымен кездеседі. Алғашқы матч 27 шілдеде Астанада өтеді.

Вальдас Дамбраускас – "Жальгирис" ФК бас бапкері:

— «Астана» әрдайым өз алаңында тамаша ойнайды. Мұны мен бұған дейін де айтқанмын. Бүгін алаң иелері керемет ойнады, бізден мықты болғаны да рас. Оның үстіне, бұл команда соңғы минуттарда гол соға алатын ұжым. Мәселен, өткен жылы «Астана» соңғы минутта Финляндияның ХИК клубын тізерлеткен. Сондықтан, олар шынымен де  мақтауға лайық команда деп есептеймін.


Рустем ӘЛПИ 

Фотограф — Жандос КУКУМБАЕВ 

Ұқсас материалдар