Қандастар Ассамблея

Қанат Әуесбай: "Алғаш блогымды baq.kz ақпараттық порталында жаза бастадым"

30.12.2014 3414
"Қазақстан 2050" Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қанат Әуесбай el.kz сайтына қысқаша сұхбат берді.

"Қазақстан 2050" Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қанат Әуесбай el.kz сайтына қысқаша сұхбат берді. 

Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз, қанша уақыттан бері интернетті блогерлік немесе журналиcтика үшін белсенді қолдана бастадыңыз? Басты мақсатыңыз қандай болды?

«Блог» деген сөзді ең алғаш әдеттегідей батыстық ақпарат құралдарынан естідім. Бұл бір себептен, кезіндегі мектеп қабырғасында жүргенде жазатын күнделікті еске түсірдік. Тек айырмасы сол, күнделікті жасырын жазасың, ал блогты жұртқа жария етіп, ғаламтор бетінде қалдырасың. Блогына қарап, адамның еркін ой-өресін, парасат-пайымын аңдайсың. Блог жазудағы мақсатым, сол, іште булығып жатқан азат ойларымды ғаламтордың бір қатпарында қалдыру еді. Қағазға жазылған шимай-шатпақты уақыт өте келе тауып алу қиынның қиыны. Ал блогты қалаған кезіңде жылдар өтсе де қайта тауып алуға болады. Сөйтіп, мен алғаш блогымды baq.kz ақпараттық порталында жаза бастадым. Кейін келе әлеуметтік желілерде жазба қалдыра бастадым.         

Блогерлерден немесе мультимедиялық журналистерден кімді атап өтер едіңіз, кімнің қандай қасиеті оқырмандарын тартады немесе керісінше, кімнің жазбаларын аса ұнатпайсыз? Қалай жазбаған дұрыс?

Қалай жазбауға келер болсам, өкінішке қарай, жөнсіз қысқартып жазу, сөзді бұрмалап жазу тек Қазақстан емес, әлем жастарының әдетті дерті дер едім. Ол қазақ тіліндегі контентте де белең алды. Мұндай тілдік дерт ағылшын тілінде де бар. Соның кесірінен, «нистиватсың, не ғой, щщщссссс» деген сияқты тілдің көркемдігіне абырой әпермейтін шолақ тіркестер пайда болды. Көбіне мұндай әдет дұрыс жазу талабы қойылмайтын әлеуметтік желілерде көп кезде­­­­седі. Алайда, меніңше, фейс­бук­тағы парақшаның иесі ондай комменттерді өзі өшіріп отыруы тиіс. Сол кезде ғана парақша иесіне деген құрмет артады. Өйткені, адамдар сауатты жазылған жазба-пост пен комменттерді жоғары бағалайды. Осылайша коммент жазушылар өздері де сауатты жазуға машықтанады. Ал, түрлі деңгей, тақырыптардағы сайттарда мұндай шолақ жазуларға тыйым салуға болады. Яғни, сайт модераторы келте комменттерді өшіріп немесе компьютер тілімен айтсақ, бан жасап отырады. Қазақ тілді блогерлерден Өркен Кенжебектің өзекжарды мәселелерді дер уағында көтеріп отыруы, Ербол Азанбектің қаржылық сауаттылық туралы блогтары, Асхат Еркімбайдың мультимедиялық сауаттылыққа қатысты, қазақ тілді журналистерді ағылшын тіліне тартуға қатысты блогтарын бөле-жара айтар ем.     

Жақсы блогер немесе медиа-журналист болу үшін қандай қасиеттер керек?

Бұл сұраққа алдыңғы сұрақта жауап бердім ғой деймін. Бүгінгі заманның оқырманы шұбатылған сөйлемдерді оқығысы келмейді. Нақты, жинақы, жұп-жұмыр, қысқа жазу бүгінгінің талабы әлбетте. Дөрекі сөздер жазбау, жастар арасында слэнгке айналған (респект, жесть, имхо) деген зиянкес сөздерді де ұната бермеймін. Әлбетте, калькадан аулақ болып, әдеби сауатты болса екен деймін. Өйткені, қоғамда жастар әдеби кітап оқымайды деген кертартпа стереотип бар. Осы стереотип расқа айналауы үшін болса да, жастар әдеби кітаптар оқуды жиілетуі керек, меніңше.

Егер сіз мысалы, «Егемен Қазақстан» немесе «Казправда» сияқты алып газеттердің басшысы болсаңыз, компанияңызды ары қарай дамыту үшін не жасар едіңіз?

Бұл сұраққа маған жауап беру қиын. Өйткені, өйтер ем, бүйтер ем деп кесіп айту үшін ең алдымен сол жағдайда болып көру керек. Сыртта отырып ап, олай еді, былай еді деп айта беру оңай әлбетте. Бірақ менің бұл мәселеге, қатысты өзімнің ойым да жоқ емес әлбетте. Британдық мамандар 2020 жылға қарай газет, ТВ, радио барлығы ғаламторға көшіп алып, конвергентті журналистиканың, яки бәрін біріктірген медианың заманы туады дейді. Қазір Англияда бұл үрдіс болып та жатыр. Газет пен телевизия өздерінің интернеттік нұсқаларын күшейтіп жатыр. Қағаз газеттер жаппай болмаса да біртіндеп жабылып жатыр. Жабылып жатқандары кеше ашылған, «жанбай жатып сөніп қалған» басылымдар болса бірсәрі ғой, ұзақ тарихы бар газеттер. Мәселен, жуырда ғана 280 жылдық тарихы бар «Lloyd’s List» газетінің қағаз нұсқасы жабылды. Ал әйгілі BBC болса, айфон, айпэд сияқты құрылғыларда гаджеттерін, яки көру тетіктерін орнатып тастаған. Сол арқылы интернетке қосылған болсаңыз, кез келген уақытта, қалаған жерде қалаған хабарыңызды көре аласыз. Тіпті, өтіп кеткен хабарыңызды да уақыты бойынша тауып алып көруге болады.

Газет-журналды қаншалықты жиі оқисыз?

Жиі оқимын. Күнделікті газеттерді бұрынғыдай жаздырып алмасам да интернеттен PDF нұсқасын жазып алып оқимын. Мен бұрынғыша «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттерінің жанкүйерімін. Ағылшын және американың газеттерін де ара-тұра қарап қоямын. 

 

 Сұхбаттасқан Нұрғазы АБЖАНОВ

Ұқсас материалдар