Қандастар Ассамблея

Амангелді Имановтың қару-жарақтары көрмеге қойылады

21.10.2016 4233
Ұлт-азаттық көтеріліс

Таяуда Алматыдағы ҚР мемлекеттік орталық музейінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығына арналған
«Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» атты көрме ашылады.

Көрменің мақсаты – көрермендерді 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу мен Торғайдағы негізгі ірі орталықтарымен таныстыру. Шара Жетісу мен Торғай көтерілісінің жетекшілері мен қатысушыларының әрекетін жан-жақты ашып көрсетуге бағытталған үш бөлімнен тұрады.
«Жетісу көтерілісі» деп аталатын бірінші бөлімде патша әскерін жазалау операцияларына қатысты мұрағаттық материалдар мен көтеріліс қатысушысы – Тоқаш Бокиннің жеке кешенінен алынған фотоқұжаттық материалдар ұсынылады.
«Торғай көтерілісі» атты көрменің екінші бөлімінде көтеріліс жетекшілері мен оның қатысушыларының тарихи рөлін айғақтайтын фотоматериалдар қойылады. Мұнда Торғай көтерілісінің жетекшілері – А.Иманов пен Ә.Жангелдиннің жеке кешендерінен алынған фотоқұжаттық материалдар бар. Көтеріліс жетекшісі А.Имановтың ұстанған жеке заттары (атыс қарулары мен суық қарулары, ұста құралдары), Ә.Жангелдиннің «Книги путешественника вокруг света Н.Степнова он же Али-Бей Джангильдин» еңбегінің түпнұсқасы көрермендердің қызығушылығын тудыруы мүмкін.
Ал, «Ұлт-азаттық көтеріліс – кино өнері әлемінде» атты үшінші бөлімде «Амангелді» кинофильмі мен Қазақ академиялық театрының
спектакльдерінен алынған эпизодтарының фотоматериалдары ұсынылады.
Сондай-ақ, ҚР Халық суретшісі Ә.Қастеев пен Б. Урманченің кескіндемелері мен суреттері қойылады.
Көрмеде алғаш рет Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің материалдары, Торғай музейі мен А.Иманов мемориалды музейі кешендері, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапхана қорының кітап басылымдары көрермен назарына ұсынылмақшы.


Әзірлеген – Жансая Төлеген
Мәліметтер ҚР мемлекеттік орталық музейінен алынды

Ұқсас материалдар