Қандастар Ассамблея

Амангелді батыр!

30.06.2014 33609
Осын­дай тарихи тұлғалардың бірі, 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­терілістің қайраткер қол­бас­шысы, батыр-сардар Аман­гелді Иманов.

Бір ғасырды бір ғасыр алмастырып, жаңа тарих туса да сол тарихты жасаған тұлғалардың есімдері асқақ­тап, ұлықтала бермек. Осын­дай тарихи тұлғалардың бірі, 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­терілістің қайраткер қол­бас­шысы, батыр-сардар Аман­гелді Иманов.

Кенесары Қасымовтың үзеңгілес серігі Иман батыр Дулатұлының немересі – Аман­­гелді Үдербайұлы (1873-1919) қа­зақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық кө­терілісін ұйымдастырушылардың бірі, шын мәнісіндегі халық батыры ретінде бел­гілі. Бұрынғы Торғай уезі Қайдауыл бо­лысында туған Амангелді әуелі ауыл мол­дасынан екі жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәш­мағамбет ишандардың медресесіне түскен. Медреседе төрт жыл оқыған ол түрік, парсы, араб тілдерін меңгерген. Әке­сінен жеті жасында жетім қалып, жоқшылық тау­қы­метін ерте тартқан. Ел ішіндегі дау-шар­ға ерте араласқандықтан, Ресей им­пе­рия­сы­ның жергілікті билеушілерінің қу­да­лауы­на ұшырап, 1896-1911 жылдары ара­лы­ғында бірнеше рет түрмеге қамалған.

Сан ғасырлық отарлық езгінің бұғауы шешілмеген соң, қазақ батырлары патша өкіметіне қарсы небір жалынды күрестер ашты. Күрескерлік рухы Амангелдіні де бейжай қалдырмады. Патшаның отарлық сая­саты, бірінші дүниежүзілік соғыстың қар­­саңында елдегі алым-салықтың көбеюі, Қазақстан, Орта Азия, Сібір бұра­тана халықтарын тылдағы жұмысқа алу жө­ніндегі патшаның 1916 жылғы 25 мау­сым­дағы Жарлығы Торғай қазақтарының ашуын туғызып, бас көтеруіне себепші бол­ды. Амангелді Имановтың қолбасшы­лық, ұйымдастырушылық қабілеті осы кө­теріліс барысында айқын көрінді.

Торғай қазақтарының көтерілісіне қа­тысу­шы бас-аяғы 50 мыңға жуық көтері­ліс­ші-сарбаздарды басқарып, оларды қару-жарақпен қамтамасыз ететін ше­берханалар ұйымдастырды. Қостанай, Ыр­ғыз, Торғай, Қызылорда, Ақтөбе, Ақ­мо­ла, Семей сынды аймақтардан көтері­ліс­ке қатысуға жиылып келген қазақтардың басын біріктіріп, оларға ұрыс жүргізу тәсіл­дерін, қару-жарақты қалай қолдану керек­ті­гін үйретті. Бұл жай ғана қарапайым ха­лық­тың наразылығы болған жоқ. Тарихты дүр сілкіндірген, саяси сипат алған көтері­ліс болды. Алайда «Батыр – аңғал» деген қа­зақы пәлсапамен келсек, Амангелдінің қызу­қандылығын көп адам өз пайдасына ше­шуге тырысты.

Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне жал­ғасты. Амангелді 1918 жылы наурыз­дың 21-і мен сәуірдің 2-сі аралығында Орын­борда өткен Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысып, Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы сәуірдің 20-сында Торғайда Кеңес өкіметі құлап, Амангелді тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді. Мәйіті бір жыл­дан кейін әуелі Алакөлге, кейін аудан орталығына әкелініп жерленді. 1939 жылы «Ленфильм» киностудиясы «Амангелді» филь­мін түсірді. Бұл көркемөнер туындысы қазақтың тұңғыш дыбысты фильмі болды. Бір ескерер жайт – тарихи деректер мен құжаттарда Амангелдінің қалай қазаға ұшы­рағаны туралы нақты пікір айтылмай­ды. Бар болған күнде де түйінді ой негіз­дел­мей, белгісіз күйде қала береді. Қалай дегенмен де, ел үшін жан беріп, жан алыс­қан, жастайынан жетімдіктің шекпенін жа­мылып, қиян-кескі ұрыстарға толы ғұмыр кешкен, «Ардагер Амангелді – ердің ері!» деген шынайы бағасын алған батырдың есімі тарих парағында мәңгілікке таңбала­нып қалды.

Ұқсас материалдар