Қандастар Ассамблея

«АЛЖИР» азабын тартқандар

15.10.2015 2830
Қазақтың қасіреті

«АЛЖИР» (Отанын сатқандар әйел­дерінің Ақмола лагері) осы Қарлагтың дербес бөлімшесі еді. Ол 1938 жылы 6 қаңтарда Р-17 еңбекпен түзеу лагерінің орнына құрылды. Бұл кезең жаппай қуғын-сүргін науқанының  әбден өр­шіген шағы болатын. КСРО Компартиясының ХVІ съезінде И.Сталин «Репрессия – шабуылдың қажетті элементі болып табылады» деп жариялаған соң жазықты-жазықсыз қамауға алу ерекше қарқынмен жүргізілді. Аз ғана уақытта Қарлагтағы отанын сатқандардың әйелдері 12 мыңнан асып түсті. Олардың біразы «АЛЖИР-де» өлместің күнін кешті.

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСІРЕТІ

Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Алаш арыстары қашанда ел жадында.

Бір замандары А.Янушкевич:

«… дала Демосфендерінің кей­біреулері мені сөздерінің маз­мұндылығымен және жігерлілігімен баурап алады”, деп таңдай қаққан қазақ бодандықтың қамытын киіп, қарғыс атқан күндерден құтылғанша көрген азабы, тартқан тозағы аз болған жоқ. Одан қайтсем құтқарам, теңдігін алып, терезесін тең етем деген ұлт ұлылары қиян-кескі қарсылықтарын көрсетіп жатты. Солардың ішінде өресі биік, өлшемі ерен, ой-санасы қырандай қияны шалған Алаш арыстарының жолы азапты да қасіретті. Алайда, ұлт дегенде түн ұйқысын төрт бөлген олар алған беттерінен қайтпады: «Арғы атам – ер түрік, Біз – қазақ еліміз!» деп жар салды. «Алаш туы астында, Куә бол­сын арымыз. Көркейтуге Алашты, Құрбандық біздің жанымыз!» (Сұлтанмахмұт Торайғыров) деп үн қатты. Жылан аяқтап кірген жылым саясат қазақ жұртының байтақ жері мен байлығына аш бөрідей ұмтылып, бас көтергендерін бағындыруға, бағынбаса байлап-матап тастауға бекінді. Ақыры, дегендеріне жетті. Алғашқы кезекте «Алыстан алаш десе, аттанамын, Қазақты қазақ десе, мақтанамын. Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» (Міржақып Дулатұлы) деген Алаш арыстары тұтқындалып, тұңғиыққа жіберілді. Оның арты құйындатқан қуғын-сүргінге, алапат аштыққа әкелді. Бүгінде сол кезең тарихтың қаралы бетін құрайды. Оның қара тастай зілмауыр құпиясы әр жерден жылт-жылт етіп елес бергенмен, құпиясы әлі түгел ашылып болған жоқ.

Сол сұрапыл жылдардың қыры мен сырын, мұңы мен зарын, қасіреті мен қайғысын әр қырынан көрсеткен «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» атты қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген көлемді кітапты парақтап отырғанда, сол қилы кезеңдердің ауыр өткелдері алдыңнан шығады. Тәуелсіздіктің арқасында ашылған ақиқаттар сөз болады. Қанды ғасыр құрбандарының өмірі сөзбен өрнектеліп, «Алжир-де» азап шеккен аналар алдыңнан шығады. Сонда азапты күн кешкен сол аяулы жандардың көрген азабы, тартқан тау­қыметі туралы жазылған дүние­лерді оқып отырғанда ет жүрегің шымырлап, өзегің өртенеді. Әсіресе балалардың түрмеде жатқан аналарының көңілін аулап жазған хаттарынан бейкүнә ұрпақтың жандүниесін ұғып қана қоймай, періште көңілге дақ салғандардың дарақылығы төбе шашыңды тік тұрғызады.

Біз осы кітапта қуғынсүр­гін көрген аяулы аналар тақырыбын іздене жүріп, ізгі көңілімен жазған, «Жан дауысы» – «Алжир архипелагы» деген кітап жариялаған Армиял Тасымбеков еңбектерінің басылуы құптарлық. Сол секілді профессор Серік Негимовтің «Есеп» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын құрған Бүркіт Ысқақов туралы мақаласы орынды берілген. Балаларға арналған қазақтың тұңғыш мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сценарийінің авторы Бүркіт Ысқақов өмірде ешкімнің алдынан шықпаған қарапайым адам болатын. Бірақ ұлттық рухы мықты еді. Сенген адамына болмаса, сыр ашпайтын. Сол қарапайым жанның өзгелер ұрандап жүргенде партия құрып, «Есіңде болсын бірақ та, Торғай емес бүркітпін, Кетпессің сен де ұзаққа, Төлерсің құнын Бүркіттің» деп шамырқануының астарында елінің келешегіне сенгендік жатқаны айдан анық. Сол азамат ақын, күрескер ұлдың күні туа бастағандай. Алдағы уақытта терең зерттеліп, аяулы арыстың рухани дүниесі мен ұлт үшін еткен еңбегі толық жарияланып жатса, нұр үстіне нұр.

Жалпы 600 бетке таяу бұл кітаптан алатын тағылым да, тәлім де мол. Алаш арыстарын тоз-тоз еткен зұлмат жылдары алдағы күннен үмітін үзбеген Әлихан Бөкейханов: «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» депті. Ұлт көсемінің осы көрегендігі жүзеге асқалы да 20 жылға таяды. Тәуелсіздік арқасында бары мен жоғымызды түгендеп, асылдарымызды жаладан арашалап, артында қалған жаралы ұрпақтарының көңілін ағартып, өмірін жаңартып жатырмыз. Соның бір дәйегі осы кітап десек, жарасар. Бұл рухани құндылыққа еңбегі сіңген азаматтарды да айта кету парыз. Жалпы редакциясын Мәулен Әшімбаев пен Ералы Тоғжанов басқарса, бас редакторлық қызметті Әприза Құсайынова атқарыпты. Ал еңбектің құрастырушысы Ғалия Балтабай екен. Енді, міне, осы ұжымдық еңбек ұлтқа да ұрпаққа да қызмет көрсететін болады.


 Сүлеймен МӘМЕТ

Дереккөз: Егемен Қазақстан