Қандастар Ассамблея

Алматыда «FourЭ» эко-этнофестивалі өтеді

07.09.2015 3336
Алматыда «FourЭ» эко-этнофестивалі өтеді. Орта Азиядағы ең ауқымды эко-этнофестивальге 10 000 адам келеді деп болжанып отыр.

Биыл «FourЭ» эко-этнофестивалі Алматыда алтыншы рет өткізілмек. Мәдени шара 14-16 тамыз аралығында Алматы облысы Космос ауылында өтеді. Фестивальдің биылғы ұраны – «fourЭ 4ever». Орта Азиядағы ең ауқымды эко-этнофестивальге 10 000 адам келеді деп болжанып отыр.

Қалалық мәдениет басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, фестиваль 4 бағытта өтеді. Этно-кеңістікте қатысушылар ұлттық музыкамен сусындаса, Эво-кеңістікте тән және рухани дамудың шеберлерінен шеберлік сабақтарын алуға болады. Эмо-кеңістікте балаларға арналған дамыту сабақтары, ойындар ұйымдастырылады. Эко-кеңістіктен келушілер eco handmade gifts көрмесін тамашалап, қолөнер бұйымдарын сатып ала алады. Биыл оған ADD кеңістігі қосылады. Мұнда би, спорттық ойындар, сайыстар, cross fit тағы басқа шаралар ұйымдастырылады.

 

FourЭ эко-фестивалі – ашық ауада өткізілетін халықаралық үш күндік мереке. FourЭ, бұл – у-шуы көп, қарбаласқан қаладан дем алып, үйлесім мен тыныштыққа бөлену мүмкіндігі. Мұнда спорттық, дәрістік, шығармашылық тұрғыдағы, балаларға арналған шеберлік-сыныптар өткізіледі. Кешкі уақытта жәргілікті және шетелдік этно-орындаушылар қатысатын музыкалық концерт өтеді.

Ата-аналар мен балалар үшін арнайы балалар аймағы ұйымдастырылған. Онда балаларды дамытатын ойындар өткізіледі, сурет салуға болады, ата-аналар үшін дәрістер мен тренингтер өтеді. Фестиваль қатысушыларды салауатты өмір салтының негіздерімен, йогамен және басқа да тән мен жанды дамыту әдістемелерімен таныстырады.

 

Жылда фестиваль алаңында қолөнершілер мен шеберлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылады, онда олар өздерінің авторлық туындыларын, коллекция жинауға арналған заттарды және басқа да толып жатқан қызықты дүниелерді ұсынады.

 

Фестивальде түрлі тағамдар – үндінің, еуропалық елдердің тағамдары, вегетариандық және басқа тағам түрлері ұсынылады. Солардың бәрінің дәмін татып көруге мүмкіндік жасалған. Ал егер жорық романтикасына әуес жандар болса азық-түлігін  өзімен бірге ала баруына болады.

 

Фестиваль өз тәні мен рухын дамытуға қызығушылық білдіретін шығарашылық тұлғалары, музыканттар, суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, қолөнершілер, саяхатшылар мен салауатты өмір салты бойынша сарапшылардың және өзге де қарапайым азаматтардың басын қосады.

«FourЭ» эко-этнофестивалі туралы толығырақ білгіңіз келсе http://www.foure.kz/  сайтынан таныса аласыз.


 Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

Ұқсас материалдар