Қандастар Ассамблея

Аллегория ма? Ақиқат па?

30.06.2014 3800
Түркi халқы өзiн Қасқыр-анадан таратады. Бiрақ ол оны ешқашан, Құдай яки, Тәңiрi дәрежесiне көтермеген-дi.

Тосын пiкiр сынға ұшырайды. Тiптi жазаға тартылуы да мүмкiн. Бұл сөзiмiзге сiресiп қатып қалған дiн дог­ма­ларына қиғаш келетiн жаңалықтары үшiн түнектi орта ғасырларда отқа өртелген, шiркеуден аласталған Джордано Бруно немесе Галилео Галилейлердiң ащы тағдырлары әб­ден дәлел. Бiрақ олар араға бiрнеше ғасырлар салып ба­рып болса да жеңiп шықты. Шiркеу, дiн өздерiнiң жеңiл­ген­дiгiн мойындады. Жалпақ жұрттан кещелiктерi үшiн кешiрiм сұрады. Ал сол орта ғасырларда ақиқатты iздеп аласұрған ғалымдарын соңына шырақ алып түсiп қудалаған Шығыс әлi күнге өз қателiгiнiң кесi­рiнен оңала алмай келедi. Мұхаммед ғалайссаламның «Тiптi Қытайда болса да бiлiм алуға ұмтылыңдар, неге дегенде, бiлiм алуға әрекеттену – әрбiр мұсылманның парызы» деген әйгiлi хадисiн аяқ асты еткен ислам әлемi болса Батыс өркениетi тепкiсiнiң астында.

Мiне, сенiң айтпақ пiкiрiң де осындай қалыпты түсiнiктiң «басын жарып, көзiн шығарардай сипатта». Ол жаңалығың «Түркiлiк қасқыр тотемi мен жебiрей жалғыз құдайының түбi бiр» деген тұжырыммен түйiнделедi. Иә, мұндай жаңалығыңа сарабдал, салиқалы пiкiрлер естiмек түгiлi, өз жеке басың мен есiңнiң дұрыс-бұрыстығы нәгүман болары анық. Жұрт сенi бiр ауыз сөзбен «ауыш» деп атайтын болады. Бәлкiм, күлетiн де болар. Мейлi, күле берсiн. Ал сен өз жаңалығыңның ақиқат екендiгiне кәмiл сенесiң. Сенбегенде!..

Түркi халқы өзiн Қасқыр-анадан таратады. Бiрақ ол оны ешқашан, Құдай яки, Тәңiрi дәрежесiне көтермеген-дi. Түркiлер өзiнiң қаншық қасқыр мен шалажансар баланың некесiнен тарағандығын, бар бол­ғандығы, құдiретi шексiз Жаратқанның бiр кереметi деп қана түсiнетiн.

Көне Мысыр сенiмдерi мен кейiнгi үндi-иран және семит дiндерiнiң бастауында тұрған әрi жер бетiндегi ең алғашқы монотеистiк дiн саналуға тиiс тәңiршiлдiк неге қасқыр тотемiнiң тасасында қалып қоймады? Түркiде неге алдымен Тәңiрi, содан кейiн ғана барып қасқыр ауызға алынып келдi? Бұл сауалдарға тәңiршiлдiктiң тамыры тереңде жатқан сан мың жылдық терең тарихы барлығымен ғана жауап беруге болады. Рас, арамызда Тәңiрi мен тотемдi өзара шатастырып, бағзы түркi бiткендi пұтқа табынушы қылып шығарғысы келетiндер де бар. Бабаларын ақымақ санау, аңыз өзегiнен ақиқат бол­­­­мы­­сын тани алмау бiлiмсiз ұрпақты осылай адастырады. Мәселе мұндай жалған пiрәдарлардың қасқыр мифi мен тотемi қай кез, қандай уақыттар аралығында пайда болғандығын бiлмейтiндiктерiнде. Әрине, бiлмеген у iшедi. Бiздiңше, қасқыр мифi көшпелiлер Тәңiрiсi Қосөзен аралығы мен қасиеттi Нiл жағалауында көне Мысыр мен байырғы семит халықтарының көзiн ашқаннан көп кейiн, жебiрейдiң жалғыз құдайымен (Иегова) бiр мезгiлде, иә-иә, дәл бiр мез­гiлде дүниеге келген-дi. Мұнымыз құр жалаң қызыл сөз болмас үшiн, осы арада ендi түркi қасқыр мифiнiң өзiн бiршама сөйлетiп алайық.

Көнеден жеткен аңыз бойынша көршiлес жау тайпа бiр ұлыс елдi тұтқиылдан шауып, қырып тастапты-мыс. Қырғынға ұшырап, қынадай қырылған елден еркек кiндiктiде жалғыз ғана ұл қалған көрiнедi. Құдайдың кереметiмен, сол ұлды қаншық қасқыр тауып алып, асырап, жетiлдiредi. Кейiнiрек, бала ержеткенде, екеуiнiң өзара жақындасуынан сайдың тасындай он бала дүниеге келедi. Сол балалардың бiрi Ашина Түркi, яғни, Қасқыр түркi атанып, бүгiнгi түркi халықтарының негiзiн қалапты. Аңыз түбiрiнде қандай нақ­ты тарихи оқиға жатқандығын бүгiнгi күнi, арада жатқан ондаған ғасырлардан кейiн тап басып айту қиынның қиыны-ақ. Дегенмен әрекеттенiп көруге болады. Ол үшiн өзiмiзге белгiлi аңызды төрт тарау немесе үзiкке бөлiп қарастырған қолайлы. Бiрiншi үзiгi – қыр­ғынға ұшыраған халық. Екiншi үзiк – баланы асырап алған қаншық қасқыр. Үшiншi үзiк – қаншық қасқыр мен кейiн ержеткен баланың некесiнен дүниеге келген нәрестелер болса, төртiншiсi – сол нәрестелердiң бiрiнен тараған ашина түркiлерi. Бүгiнгi адам ой-қиялы бiз тараушаларға бөлген аңыздың алғашқы және соңғы үзiктерiн ғана шындық ретiнде қабылдай алады. Ал екiншi, үшiншi үзiктер нақты ғылымдар та­­­рапынан қатал сынға ұшырамақ. «Жарайды, жалғыз қалған ба­ланы қаншық қасқыр асырап-ақ алсын, өмiрде мұндай оқи­ғалар бар, бiрақ адам баласы мен ұрғашы қасқырдың жа­­қын­­дасуы, дүниеге ұрпақ әкелуi, бұл дегенiң ендi...» дейдi олар. Яғни, аңыздың тууына түрткi бол­ған тарихи оқиға (ал мұн­­дай оқиғаның бол­ғандығына шәк келтiруге болмайды) келе-келе оны баяндаушы жандардың ақындық қиялы құ­­­дi­­­­­ретiмен адам танығысыздай метаморфозаға ұшыраған. Яки, тұс­палды немесе астарлы аллегорияға айналған. Бәлкiм, аңыз­­дың өзi де бiзге белгiлi бүгiнгi нұсқасында, негiзiнде жатқан нақ­ты оқиға жер бетiнде көрiнiс берiп, дүбiрлетiп өткен мезгiлдерден ондаған ғасырлардан кейiн пайда болған болар? Бұлай болуы да әбден мүмкiн ғой. Мысалы, Күнге же­тем деп мерт болған Фаэтон апаты немесе Троя қырғы­­ны­­­ның бiрi ғарышта, ендi бiрi жер бетiнде болған тарихи оқи­ғалардың ақындық қиялмен әспеттелiп, әрленген жаңғы­­­рық­­­тары екендiгiн бүгiнгi ғылым нақпа-нақ дәлелдеп берiп отыр­­ған жоқ па? Бiрақ Фаэтон күннiң қызуына шыдамай күл-талқаны шыққан немесе тоғыз жыл берiспеген Троя бiр түн­де отқа оранған мезгiлде зағип Гомер мен қияли Овидий­лер­дiң де ол оқиғалардың маңында болмақ түгiлi мына жарық дү­ниеге әлi келме­гендiктерi белгiлi емес пе! Олай болса, қиялмен көм­керiлген қасқыр мифiнiң астарында да мына өмiрде расымен-ақ болған оқиға жатыр деп болжам жасауға әбден қақымыз бар.

Иә, сыры тереңде жатқан аңыз құпиясын ашу үшiн өзiмiз шындыққа жанасады деп тапқан бiрiншi және төртiншi үзiкке баса салмақ салғанымыз жөн. Мiне, түйсiкке осы арада бiрiншi үзiктегi шап­қыншы жау орнында алғашқы, байырғы нұсқада «дүлей табиғи апат болған болса ше?» деген ой келедi.

Анығын айту керек, уақыт өте келе табиғи апаттың зардабы ұмытылып, жаугершiлiк рухта тәрбиеленген, өзi де найза-қалқан асынып ат үстiнде өмiр өткiзуi мүмкiн дала ақыны қырғын себебiн бүгiн болмаса, ертең қылыш түйiстiретiн көршiлерiне ау­­дарып жiберген болуы әбден-ақ қисынды жайт. Мұндай пат­риотизмi үшiн дала ақынын ешкiм де кiнәлай алмайды. Миф астарына үңiле қарасақ, мiне, осындай да сарынның бар екендiгiн аңғарар едiк. Сосын көнеден жеткен қасқыр ми­фi нұсқаларының бiрiнде тұтқиылдан шабуыл жасаған көр­шi­­лес тайпа туралы бiр ауыз сөз айтылмайтындығын да ұмыт­па­ған жөн. Тек жосадай қырылған халық қана бар. Бәл­кiм, бiздi аңыз аясынан шындықты тануға бастайтын жол осы болар?

Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Ұқсас материалдар