Қандастар Ассамблея

Александр Крылов: "Алпыс екі тамырымда алты ұлттың қаны бар!"

10.04.2014 3989
Өзін ұдайы «қазақпын!» деп таныстыратын Александр есімді азамат бар.

Өзін ұдайы «қазақпын!» деп таныстыратын Александр есімді азамат бар. Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында тұрады. Толықтай аты-жөні – Крылов Александр Николаевич. Оның  әжесі – неміс, атасы – орыс, нағашы атасы – қазақ, апасы – қалмақ. Арғы аталарының бірінде тағы бір ұлттың қаны бар, бірақ нақты қай ұлт екенін білмейді. Бір басында алты ұлттың қаны бар Александр Николайұлының «El.kz» жобасына берген сұхбатын ұсынып отырмыз.  

– Сәлеметсіз бе Александр Николайұлы! El.kz сайтының оқырмандарына өзіңіз жайлы қысқаша баяндап берсеңіз.

– Мен 1988 жылы қаңтардың 24 жұлдызында жер жәннаты Жетісуда, ақындар мен батырлар мекенінде, «Айтыстың алтын діңгегі» атанған ақиық ақын Сүйінбай Аронұлының туған ауылында дүниеге келдім. Сол ауылда кезінде Октябрь орта мектебі, кейін Сүйінбай Аронұлы атымен аталған  орта мектептің қазақ сыныбында білім алдым. Бойымда бірнеше ұлттың қаны аралас болғанымен өзімді қазақпын деп есептеймін. Достарым да, сыныптастарым да, жекжаттарым да қазақтың қарапайым балалары. Қанымда қазақтың қасықтай қаны болғандықтан болар, осы ұлт өкілдері жаныма өте жақын.  

– Отбасыңыз жәйлі айта кетсеңіз?

– Әрине, мен отбасымды әрдайым бірінші орынға қоямын, Сіздердің интернет жоба арқылы оларға деген махаббатымның шексіз екенін айта кеткім келеді. Өкінішке қарай, әкем Николай отбасымыздан бөлек өмір сүріп жатыр, ал анам – Базаркүл Айтбайқызы ауыл мектебінде орыс тілінің мұғалімі қызметін атқарады. Әпкем Наталья Алматы қаласындағы қазақ отбасының келіні атанды. Қазіргі таңда үш баласына қазақы тәрбие беріп отырған жайы бар. Марина атты сыңарым бар, бірақ мен өзімді егіз ретінде емес, аға ретінде сезінемін, сондықтан екі қарындасым бар деп есептеймін. Ең кіші қарындасым студент атанып, ЖОО-да білім алып жатыр.  

Қарындасы – Алина, сыңары – Марина және әпкесі – Наталья!

Анасы Базаркүлмен!

Қызы – Жанна!

– Үйлендіңіз бе?

– Иә, Шығыстың сұлу қазақ қызын өмірлік жар етіп алдым. Руы – найман, есімі – Данара. Қазіргі таңда кішкентай Жанна есімді қызымызды тәрбиелеп отырмыз. 

– Қай ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұстанасыз?

– Қазақтың қазы-қартасы мен жал-жаясын жеп өстік, қазақы мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды берік ұстанамыз. Үйге келін түсіргенде де отқа май тамызып, беташар жасадық, тойбастар тараттық, ақ орамал тағып, қазаққа тән салттарды атап өттік.  

– Қазақпын деген соң, ар жағында "қазақ болсаңыз мұсылмансыз ба?" деген сауал да туады...

– Мен кәмелеттік жасқа толғанға дейін дін мәселесі жайлы көп ойланған жоқпын. Бұдан кейінгі жылдары дін ұстану мәселесі мені толғандыра бастады, сөйтіп 19 жасымда мұсылманша сүндетке отырдым. 22 жасқа толғанда Ислам дінін қабылдаймын деген толық шешімге келдім.  Мешітке жиі барып тұрамын, үйде жеті күлше пісіріп, көрші-қолаңға таратуды әдетке айналдырып алғанбыз. Азан шақырып қойған есімім Александр болғанымен, мұсылманша есімімді – Зұлқарнайын деп есептеймін. 

– Сырттай қарағанда қазаққа емес, орыс ұлтына келіңкірейсіз...

– Алла Тағаланың берген келбеті ғой, сондықтан қазаққа ұқсамадым деп өкпе айта алмаймын. Кімге ұқсасақ та, аман болсақ болды емес пе?!

– Қазақ мектебін тәмәмдағаныңызды сөйлеген сөзіңізден оңай аңғаруға болады. Ал, отбасыңыздағылар қай тілде сөйлейді?

– Менің отбасымдағылардың бәрі орыс және қазақ тілдерін жетік меңгерген. Сондықтан екі тілде қатар сөйлесе береміз.

– «El.kz» әлеуметтік желісінің оқырмандарына айтарыңыз!

– Қазақстанда тұратын мен сияқты өзге ұлттардың өмірін, салтын, дәстүрін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін насихаттап, қазақ тілінің дамуына өз үлестеріңізді қосып жатқандарыңыз қуантарлық жағдай. Сіздерге шығармашылық табыс, оқырмандарыңызға тек сәттілік тілеймін!

Ұқсас материалдар