Алдар көсе өмірде болған адам

10.08.2016 4972
Нағашыбай Қабылбек

Алдар көсе өмірде болған адам

Қаламы қарымды журналист-жазушы,  белгілі сатирик, танымал фельетонист, Табыл Құлияс ағаны көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Жалт етіп көзге түсуге құмарлығы жоқ, үнсіз жүріп-ақ көп жұмыс тындыра білетін жанның өмірден түйгенімен, сезгені де көп екені даусыз. Жыл аралатып «төлдеп» жататын, әртүрлі жанрдағы шығармаларын, «баққан малымның» өнімі деп әзілдейді. Оларды бағусыз тастап көз жазып қалғысы келмейді. Әлі күнге аттан түспей, қиялдың шүйгін жазирасында әзілдің ордасына түстеніп, шымшыма әжуаның ауылына қона жатып ой аулап жүргені.  Қашан көрсең де сыр тұңғиығына батып жүретін сырбаз кісімен сырласудың өзі бір ғанибет. Кейінгі кездері Cталиндік зұлмат заманда қуғын-сүргін көргендер жайлы зерттеу еңбектер жазып, Ресей қалаларындағы шаң басқан архивтерді қопарып жүргені көзіқарақты жұртқа мәлім. Қаламгер ағамен болған  сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Өзіңіз бір кезде қалам суытпай жазған, бүгінде күйі түсіп, бабы келіспей жүрген, қазақ сатирасына не жетіспейді? Жалпы сатираның бүгінгі деңгейін қалай бағалайсыз?

- Қай қоғамда болмасын сатираның көтеретін жүгі жеңіл болмаған. Ащы әжуамен, астарлы мысқылмен, бюрократизмнің бет пердесін сыпырып алып, халықтың талқысына салу «жүректілікті», керек десең білектілікті, оны аз көрсең біліктілікті қажет ететін өнер. Мемлекеттік тұрғыдағы олқы тұстарды, қоғамды жайлаған келеңсіздіктерді, адам бойындағы айықпас «кеселдерді» сатира көтеріп, көпшіліктің назарына ұсынып, ұялтып, намыстың тезіне салып отыруға тиіс. Н.Гоголь «өмірде ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден қорқады» десе, атамыз қазақ ұрпағына «досқа – күлкі, дұшпанға – таба қылма» деп зарлаумен өткен. Сондықтан ізденген қаламгерге фельетонға азық болар ащы мысқылға толы көріністер, қаланың кез келген мекемесінен, көпшілік орындардан кездесе кетері хақ. Оған жетпей кез келген бұрышты айнала беріп сүрініп жығылуы да  мүмкін. Себебі, қоғамдағы бейәдептерден айналып келгенде аяқ алып жүргісіз. Жеке адамның басындағы мұң-мұқтаж, т.б. кемшіліктер өз алдына бөлек әңгіме. Бәрімізге белгілі, қазақтың кез келген ауылында от ауызды, орақ тілді азаматтар жетіп артылады. Солардың деңгейінен бүгінгі дүлдүл сатира қара үзіп шыға алды ма? Міне мәселе қайда жатыр. Ауыл үйдің арасында айтылатын жеңіл әзілдер, қытайдың арзанқол дүниесіндей бір-ақ рет пайдалануға жарайды. Айтылады, артынша сол жерде шашылып қалады. Сондай деңгейдегі көрсетілімдерді жаңбырдан соң көтерілген көк шөптей қаптаған берекесіз театрлар төбесіне көтеріп, халықтың талқысына әкеліп сала беруге құмар. Мәнсіз күлкі де адамды жалықтырады, шаршатады. Нарыққа бейімделген халықтың күлуі де қиындап барады. Орынды орынсыз мимикамен, бет-әлпетін мың құбылтып, бөксесін бұлтылдатып бұраңдаған еркек, әйелдің бейнесіне еніп, ерсі қимылдарға барып, ақша төлеп кірген халықты бір күлдіруге «зар» болған тірлігін көріп, күлмек түгілі бетімізді басатын деңгейге жеттік. Себебі уытты сөзі жоқ сценариді «алып» шығу үшін бишара әртіс бәріне баруға  дайын. Сондай кезде дарынды жастың "дарынсыз" қойылымына қарның ашады. Қоғамды жайлаған жемқорлықтың құрт түскен өзегіне терең үңіліп, сұм сұрқиялықтың тамырына терең бойлап әжуалап  қалам тарту жағы әлі кемшін. Аға буынның ақыл кеңесіне, жазған сызғанына көңіл бөлу де ақсап жатыр. Сатирикті «ат арытып» іздемей-ақ, «көңіліне келген көрікті ойды» өзі жазып шығып, халыққа ұсынып жатқандарға тосқауыл қашан қойылатыны әзірге белгісіз. Тасқа тары, мұзға бидай шыққанға дейін сатира жасай береді. Күні бүгінге дейін бірен-саран сәтті шыққан сатиралар болмаса көбінің әлі бір қайнауы ішінде. Қазақтың сөз тарихында кекесін, мысқыл, әзіл, әжуа ерте заманнан қалыптасқан өнер. Мысалы, Алдар көсе Орал өңірінде туып өсіп, бұхарамен байланыс бөлімін басқарып, үстемдік иелерінен әлсіздердің кеткен кегін он еселеп қайтарып, тоқпағынан қорғап отырған. Соны біреу білсе біреу білмейді. Осындай атағы шартарапқа шашыраған Алдардың бүгінгі ұрпағы неге самарқау дегенге жауап табу қиын. Ащы да болса айтайын, бүгінгі таңда орыс сатирасы қазақ сарирасын шаңына ілестірмей, биліктің қойны-қонышына кіріп алып өзінің үйреншікті кәсібімен айналысуда. Ал бізде сатираның шалқарына кім көрінген қайығын салуға құмар. Себебі кәсіби маман жазбағасын сатирадан мысқыл мен қыжыл, күлкі мен әжуа қаша бастағандай. Шикі тамақты шайнау қандай қиын болса, татымсыз әжуаны бойға сіңіру сондай азап. Сондықтан арзан күлкімен халықтың көңілінен шығамын деу сатираға жасалған зор қиянат. Менің түсінігімдегі сатира күлдіріп отырып күрсіндіретін, ойлантып отырып ойбайлататын болса деймін.

- Жаңа ғана Алдар көсе жайлы дерек келтірдіңіз? Шынымен ондай адам тарихта болған ба?

- Менің қолымда патшалық Ресейдің, он сегізінші ғасырының аяқ кезіндегі сенатының қаулы-қарарлары бар. Сол құжаттарда Алдар көсенің өзінің, және әкесі Алданның өмір деректері аз да болса айтылады. Бір қызығы, әлсіз жандардың қорғаны болғандықтан, халықтың Алдарға деген ілтипаты ерекше болған тәрізді. Тілінің уыттылығы, тапқырлығы бөлек әңгіме арқауы.  Сол заманда көп адамдар дүниеге келген перзенттеріне Алдар есімін таңдап қоюы да тегін болмаса керек-ті. Кейіннен Алдардың өзі өмірден өткен соң оның қылықтары мен іс әрекеттері жиынтық бейнеге айналып бізге жетуі де мүмкін. Қалай десек те, ол "қиялдан тумаған" екі аяқты жұмыр басты пенденің бірі. Бүгінде сыбайлас  жемқорлардың адымын тұсап, жемсауын қотару үшін бір Алдардың «ызасы» өтіп тұр қоғамға. Кеңес заманында Қазақстан орталық комитетінің органы болған «Ара» журналында ұзақ жыл "Алдардың атқосшысы" болып талай фельетондар жазған Садықбек Адамбеков дүрілдеді. Соның ізбасарлары бүгінде қайда кетті? Айта кетейін, Садекең  «Атылған қыз туралы аңыз» сатира романымен қазақ әдебиетінде өшпес есімін қалдырған тұлға.

Біздің қоғам күнәдан пәк емес

- Бүгінгі сатирада әзілдің қуырып майын ішкен жас қаламгерлер неге көп көрінбей жүр аға?

- Оның себебіне көптеп мысал айтуға болады. Қалам ұстағандардың қорғаны мемлекет болуы керек. Әрі ақпарат құралдары жалтақсыз, еркін ізденісті қалыптастыруы қажет. Сатираның шикі затын халық арасынан іздеп тауып, оны өзінің шығармасына енгізу сәттілікке бастайтын қадам. Жас қаламгерлердің халық арасында жиі болмайтындығы сатираның арқауын босатып жіберіп жүр. Сондай-ақ әлем сатирасымен қазақ сатирасының аражігін ажырата білмеу құнды шығарма тудырмасы анық. Әлсіз, нәрсіз, от-басы, ошақ қасынан аса алмай жеңіл күлкімен сатириктің атағын малдану абырой әпермейтін іс. Осыны жастар түсінуі керек.

-- Әзіл арзандап кеттіні тұспалдап отырсыз? Сонда бүгінгі жастар нені жазуы керек?

- «Cен олай, сен бұлай жаз» деп қартайған шалдың ақыл айтқаны қалай болар екен. (Күледі). Бір ғана айтарым, сатириктер халықтың арасында көбірек жүрсе. Қоғамда болып жатқан дүниелерді ой елегінен өткізе білсе. Калининнің мынадай бір сөзі бар. Журналистер жаяу жүруі керек, сонда олар көп нәрсені көріп, сезінеді деген. Себебі, сатира мен журналистика «двоюродную» болып келеді. Екеуінің де «арқалағаны алтын, жегендері жантық». Сатираның сәл-пәл қаны қою, жүйкесі жұқа, тілі ащы, тырнағы өткір, жебедей болуы мүмкін. Тиген жері қаси-қаси жараға айналып дуылдататыны содан. Себебі тырнақтың уыты қоя ма? «Бір биеден ала да, құла да туа береді» дегендей, журналистикадан айырмашылығы осы ғана. Әйтпесе тіршіліктері өте ұқсас. Екеуі де алмастай өткір құралдар ғой. Ара-тұра жанып-жанып қойса болғаны. Қай қоғамда болмасын сатираның жемтігіне сұранып тұратын шетін мәселелер көп кездескен. Міне, дарындының арғымағының шабатын жері осы тұс. «Қиуадан шауып, қисынын тауып» орақ тілімен орып түсіп, орнымен айтып, орағытып өтсе көпшілікке қызық емес деп кім айтар. Қарапайым халыққа тоғышардың тоқтығын, жағымпаздың аптығын, мақтаншақтың сақтығын, парақордың шаттығын боямасыз көрсетіп күлдіріп, кейін түңілдірсе жеткен жеңісі сол. Біреулер мақтана айтып жүргендей қазіргі біздің қоғам, жалпы әлемнің тұла бойы «күнәдан» пәк емес қой. Былығы мен шылығы жетіп артылады. Өзіміз күнде көзбен көріп жүрген теледидардағы тақырыптары ұсақ-түйек, мәнсіз, мағанасыз тақырыптарға сатира деп айдар тағады. Маңайын жиіркендеріп, сақалды басымен жалбаңдап, «жолдан тайған періште» құсап жүргендерді әжуалаудың орнына, ауылдағы табиғаты таза кемпір мен шалдың қытығына тие беру үлкен «мәдениеттілікке» және кісілікке жатпайды. Өйткені, қазақ сатирасының қазақтың шалдары мен кемпірлеріне өкпелейтін жөні жоқ. Айтылды, жазылды. Жалпы бүгінгі балаң сатириктерге ауылдың оты қашқан маңынан ұзап шығып, «баққан малын» шөбі шүйгін жерге апарып жаюға кеңес беремін. Тіпті бәріне қолды бір ақ сілтеп, ауылдан қашқан жігіттердей «қалаға» тартып кетсе де қой демеймін.

- «Ғайыптан тайып сатирамыз жасындай жарқылдап бетің бар, жүзің бар демей, ашуға мініп сынай бастаса, билік ащы әжуаны қабылдауға дайын ба?

- Сатира қоғамдағы орын алып жатқан оқиғаларды, өзгерістерді дер уақытында «бойынан жаны шықпай тұрғанда» айта білсе, әжуалай білсе көпшіліктің арасында  пікір туғызады. Кейбір әкім қаралардың, шенеуніктердің, әпербақан басшылардың ұйқысын шайдай ашатын бір ғана түрпідей сөз. Міне, осыдан барып сын арқылы мін түзеледі. Сатираны түртпектей бермей қоғам қолдап, мемлекет қорғауы керек. Кеңес дәуіріндегі сатираның мықтылығы сонда жатыр. Қолында күші бар биліктің құнарлы топырағында тамыр жайған сатира жемісті болады. Бетімен кеткендерді тұзақтауға да тигізер септігі орасан. Әсірелеп айтқанда сатира биліктің бет жүзін қарап отыратын шар айнасы. Әйтпесе мені сынады, фельетон жазды, сықақ қылды екен деп бүрісіп-тырысып, сатириктің соңына «шырақ алып» түсе берсе, ол бишара басымен қайғы болып, қаламын лақтырып тастап құла түзге лағып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан ақылы бар билік артық кемін біліп отыру үшін сатириктердің аузына «құлып салмай», құрықтамай, «ұлықтағандары» дұрыс. Басқа да басшылық құрылымдар сатирик осындай бір дүние жазыпты, осыны біз түзетуіміз керек, ол біздің кемшілігімізді дұрыс көрсетіп отыр дейтін жағдайға келсе, қанекей. Менің жемқорлары жоқ Филлияндияда болғаным бар. Ондағы қаламгерлер сенсация іздеп күн сайын шарқ ұрып жүгіріп жүргендері. Егер бір кемшілік тауып,  оның ақ-қарасын заң орындары дереу анықтап жатса, мемелекет қаламгерді қолдап ынталандыру шараларын қарастырады екен. Оның соңы сенсация тапқан  қаламгерге айлық табысына қосымша үстеме ақша төлеумен тынады. Бізде әлемдегі осы сияқты бірен-саран мемлекеттерден тәжірибе алып, биліктің қолдауына иек артуға тиіспіз. Осыны билік тарапы ұдайы есте ұстағандары абзал.

Сатираның қоғамға керек сәті енді туды

- Жоғарыда кеңес дәуірін есіңізге алдыңыз? Ол кезең несімен "қымбат"?

- Карл Маркстің бір сөзі бар "газет – фельетон" деген. Фельетон газеттің төртінші бетінде болса да, бүкіл газеттің міндетін атқарып тұрады деген сөз ғой бұл. Бірде Орынбор архивінен кеңес өкіметінің алғашқы құрылған жылдарында фельетондарды газеттің бірінші бетіне бас мақалалардың астына бергендерін көріп таң қалдым. Қазақтың ғана емес, орыстың газет журналдары да осылай шығып тұрған. Демек, фельетонның қажеттілігін билікке келіп жатқандар жақсы сезінген. Кеңес дәуірін орнату саясатына байланысты, ішкі құрылымдардың босаңсымауына, жалпақ шешейлікке бармауларына  фельетондар  көп қызмет еткен тәрізді. Бұлай сеніммен айтуыма фельетонның шыққаннан кейінгі жауабы беріліп, жаза қолданылғаны халыққа күнделікті хабарланып отырғаны себеп болып отыр. Ал бүгінгі таңда БАҚ көтеріп, сатира жұлмалап жатқан сындардың жауабы бар ма? Масаның ызыңы естілмейтін үнсіздік басып тұр қоғамды. Бұл қаламгердің шабытын мүжіп, қажытып тастайды. Темір етіктен теңгедей, темір таяғынан тебендей қалғанша іздеп тауып, қоғамға пайдасы тиеді-ау деп жазған сатираң болсын, фельетоның болсын ескерусіз қалып жатса жігерің құм, жүрегіңді мұң баспағанда қайтеді. Елімізде жиырмадан аса тәжірибесі мол сақа сатириктер бар. Олардың бәрін тізбектеп шығу мақсат емес. Солар кезінде мемлекеттік істерді көтеріп, қоғамның қозғаушы күшіне айналып отырды. «Ара» журналы үлкен беделге ие болып қана қоймай ОК органы болды. «Ара» журналында шыққан материал дереу тексеріліп, қорытынды шығарылып жататын кездер-ай десеңізші. Қазір айтсаң ол біреуге ертегі. Менің ойымша сатираның біздің қоғамдағы нағыз керек уақыты жаңа туған секілді. Мемлекетімізде үдемелі өркендеуге қадам басты, басқа да жарқын жобаларды қолға алып жатыр.  Қазірдің өзінде Республикамызда 400-ден астам үдемелі өркендеуді мақсат еткен кәсіпорындар бар. Алайда, солардың кейбірінің өзекті мәселелері ашық айтылып, тиісті орындарға дер уақытында жетуі күмәнді. Көп жағдайда қаржы құйылған істің шикілігі шығып, жасалған игілікті жұмыстың басы бұлдырықтай, аяғы қылдырықтай болуы көп кездеседі. Осыны сатириктер көтеріп үкімет қолдап неге бірлесе жұмыс жасамасқа. Жақсылығын асырып жамандағын ашынып жазып түйреп отырса, беретін нәтижесі көп болмақ деп ойлаймын.

- Аға, сөз саптасыңыздан жас қаламгерлерге көңіліңіз толмайтыны байқалады, онда неге өзіңіз өрге сүйремеске осы жанрды?

 - Ұстазым, қомқоршым болған аяулы ағам Асқар Тоқпановқа жастау кезімде осы сұрақты мен де қойғам. Фельетон жанрын қай жасыңызда тастадыңыз деп. Сонда Асқар ағам елуден асқанда деп жауап бергені бар. "Ағайынға ащы болмайын, алда қанша жасым қалды. Енді қалған ғұмырымда ешкіммен жағаласпайын деп осы бәлеңді тастадым" деген сөзі есімнен кетпейді. Сол Асекеңдердің фельетондары Кеңес дәуірінде әжептәуір қызмет атқарды. Ешкімнің бет жүзіне қарамай сынның жебесін "ала өгіздей мөңіретіп" тартатын еді-ау сабазың. "Қолға алмасам телефонды, жазбас едім фельетонды" деп ағылтатын Асекеңдер де қарттыққа қадам басқанда қимас серігімен бекер қоштаспаса керек-ті. Сол кісі айтқандай ес кіріп, етегімді жинай келе, қартайғанда "көмусіз қалмайын" деп, ешкімге зияны жоқ кең құлашты романдарға түрен салдым.

 - Сатираның өркендеуіне қаншылықты үлес қостым деп ойлайсыз?

- Менің жүздеген фелетондарым республикалық газет-журналдарда жарық көрді. Шығармаларымның кейіпкерлері кезінде түрлі жазаларын алды. Жазған фельетондарымды типтендіріп, сатиралық образ жасау арқылы «Кесілген бұрым», «Сауда сақал сипағанша», «Қоңыраулы күлкіграмма», «Жалмауыз»  атты кітаптар шығардым. Осы күнге дейін 25 кітап шығарсам, соның қақ жарымы сатиралық жанрда. Ал сатираның өркендеуіне шама шарқымша адал қызмет еткенім үшін мақтана аламын.

- Қазіргі жазылған фельетондарға билік назар салмайды деп айтып қалдыңыз? Өзіңіздің кеңес дәуіріндегі фельетондарыңызға үкімет назар аударып, нақты шаралар қолданған кездер  болды ма?

- Жазылған фелетондарымның сыналған нысаны ол дәуірде жазасыз қалған емес. Бірер ғана мысал келтірейін. «Социалистік Қазақстан» газетінде «Кеңқияқта жылу жинап жүр» деген фельетонның дерегі мал шығынының болу себебін ашып, жемқорларды сын семсеріне ілу еді. Осы оқиға аудан ғана емес, облысты дүрліктіріп, газетке дабылдан кейінгі хабар жарияланды. Сондай–ақ «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Асырадым, алдым» фельетонымды Қазақ ССР жоғары соты мақұлдап статияға өзгерістер енгізді. Тікелей айтқанда, баптарға толықтырулар жасалды. Фельетондағы оқиғада бір зұлым кейіпкер тоқалына еріп келген қызына қол салып жүкті етеді. Сол қайғыны көтере алмай қыздың анасы қайтыс болады. Өңірді шулатқан фельетон сондай сорақылық жайында еді. Тағы басқада фельетондарым биліктің қолдауына ие болып, түрлі жазалар белгіленді. Осының өзі ақ көп жағдайды аңғартып тұр емес пе?

Іляс Жансүгіровтың "Ақ қала" деген поэмасы болған

- Аға, тақырыптан сәл ауытқиын, соңғы уақытта қуғын-сүргін, аштық нәубеті мен Алаш қайраткерлері хақында зерттеу еңбектер жазып жүрсіз. Ресейдің бірнеше қалаларына арнайы барып арыстарымызға қатысты беймәлім құпия деректерді жинақтаған жайыңыз бар? Көргендеріңіз бен көңілге түйгендеріңіз мол. Алаш ақтаңдақтары жайлы не айтар едіңіз?

- Мен кәсіби тарихшы емеспін. Бір білерім Алаштың тамыры тереңде жатқандығы. Өз басым 1995 жылдан архивтерді тінтіп келемін. Еңбегім нәтижесіз емес. Үш том кітап шығардым. "Қан жоса ғасыр", "Қырғын", "Қан кешу" деп аталады ол еңбектер. Үш кітапта архив негізінде жазылған. Сонда деректерге қарап отырсам Алаштың азаматтарының бәрі де қазақты өз алдына ел етуді көксеген. Егер олар мақсатына жеткен болса 1918 жылдан 1932 жылға дейінгі ашаршылықтан қазақ халқы аяусыз қырылмас еді. Голощекин Сталинге жазған хатында қазақ жабайы халық, қолына қасық ұстап ас ішуді білмейді, сондықтан Кіші октябрь қазақ ұлтын социализмге бейімдеп жатыр деген ғой. Осыған орай қазақтың бас көтерер азаматтары Голощекиннің идеясына қарсы шықты. Бірақ Сталинге арқа сүйеген Голощекин қазақ жерін қазақтардан тазартуды тоқтатпады. Ал Мәскеуге қазақтан шыққан озық ойлы азаматтардың пікірі ұнай қоймады. Себебі олардың айқын идеялары мен шын көңілден жазылған мақалалары қазақ ұлтына жол сілтеуден танбады.  Кеңес үкіметіне мұндай асқақ идеалардың ұнамауы қолдау білдірмеуінен байқалатын. Елдің жердің байлығын тұтас сақтағысы келді большевиктердің. Ақыр аяғында бас көтерер зиялылардың бәрін көрге тығып тынды ғой. Сондықтан Алаш тақырыбы әлі де кеңінен зертеуді, ізденуді, архивтерді ақтаруды, тіпті шет елдерге кеткен архивтердің өзін түгендеп, сарқылмас қазынаны толықтыруды қажет етеді. Алаш ол кең көлемдегі дүние. Әлемге тарап кеткен даңқын айтсаңшы. Мысалы Ільяс Жансүгіровтың "ақ қала" деген керемет поэмасы болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сол поэмада Жезқазған өңірінде мұздан қала тұрғызылғаны суреттеледі. Әрбір көшеге Сталин, Ворошилов, Калинин деп ат беріледі. Көктем шыға жер күрт еріген кезде әлгі мұз қаланың бәрі адамның қаңқасына айналып шыға келеді. Көріп тұрсың ба, ойдың астарының қайда жатқанын. Ана қаңқалар кімдер екенін ішің сезіп тұр. Айқайлап айтпай-ақ шағын мысалмен жанды жерден ұрады келіп. Қарап тұрсаң Ілястың ойы Алаш қой. Мұндай сөзді тек ұлтын шексіз сүйген ақын ғана айта алады. Ал осы Құлагер ақынның әкесі мен шешесі Мақтаралға жер аударылып, қуғын сүргін көріп, ақыр аяғында аштан өлгенін қазақ жұрты әлі толық білмейді. Бүгінгі  ақпарат құралдары  осындай деректерді іздеп, тауып жазып жатқанын көре алмай жүрмін. Мұның бәрі келешек ұрпақ үшін қағаз бетіне  түсуі керек.  Әлі біздің қолымызға тимеген құнды дүниелер үдере көшкен қазақтармен бірге шетел асты-ау деп ойлаймын кейде. Солардың бәрін түгендеу ұрпақ парызы. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің бір саласы Алашқа байланысты екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені Алаш ұландарының  бағдарламасы қазіргі мемлекеттің құрылымында жүр.

- Атап-атап айтып беріңізші?

- Мысалы, парламенттің міндеті, ондағы тәртіппен сайланым бәрі дерлік алаштықтардың айтқан ойларымен сабақтас. Банк, сот жүйесі т.б. мәселелерді Алаш зиялылары жиырмасыншы ғасырдың басында-ақ қағазға түсіріп дайындап қойғаны баршаға мәлім.   Мемлекеттің құрылымының іргетасын алғаш алаштықтар қалап кеткенін жоққа шығару тарихты жоққа шығарумен бірдей болмақ. Сондықтан олардың идеясын қаншалықты жүзеге асырып жатырмыз дегенге келсек толық күйінде жеткізіп жатырмыз дегенге ешкім сенбес. Шынын айтқанда жүзеге асыру жағы кемшін.

- Алаш арыстарын зертеу барысында Ресейдің қандай қалаларына жолыңыз түсті?

- Қазан, Орынбор, Орскі, Омбы, Кемеров, Барнаул секілді қалаларында екі-үш айдан отырып қайтқаным бар.

- Алашқа қатысты тың дерек таптыңыз осы сапарыңызда?

- Тың дерек демекші, Алашқа қызмет жасаған зиялы қауым жайлы жүрген жерімде тірнектеп жинап келемін. Сөйтіп жүріп Абылайдың қолбасшыларының бірі болған, Байтерек батырдан тараған ұрпақтардың бес-алтауы Санк-Петербургтен білім алғандар екенін анықтадым. Іздей келе олар жайлы біраз мәліметтерге жолықтым. Болжам бойынша, осы оқыған азаматтардың Алаш идеясын қолдаушылардың қатарында болғаны жайлы әңгіме көп. Оны кезінде газет журналдарға жариялағандықтан қайталамай-ақ қояйын. Алашқа олардың сіңірген еңбегін бағаламай кету аруақтарын сыйламау болар еді. Сол Бәйтеректен тараған тұқымның деректері, архив құжаттары өкінішке орай қолға түспей отыр. Егер тауып жатсақ тың деректер болары анық. Солар секілді әлі күнге өз бағасын ала алмай жүргендер қанша.

- Алашты зерттеушілердің айтқандарына сенсек Алаш арыстарының арасында түсінісбеушіліктердің жиі болғанын, пікір сайысында ортақ мәмілеге келе алмай айтыс-тартыстар орын алғанын естіп жатамыз? Осыған сіздің көзқарасыңызды білуге бола ма?

- Бұл жерде мынаны ескерген жөн. Үлкен мақсат жолында сан түрлі пікірлердің талқыға түсіп жатуы заңдылық. Солай болған және солай бола береді. Бір ғана мысал. Жанша Досмұхамедов екінші сьезде автономияны құрып жібереміз деп дауысқа салған ғой. Алайда, дауыс жинай алмай қалды. Неге? Оған дәл сол дәуірдің көзімен қарап, шешім айтылуға тиіс. Бірақ  есте ұстайтын нәрсе, мұның бәрі жұмыс жағдайындағы кикілжіңдер. Шынтуайтына келгенде олар адамгершілік тұрғысынан бірін-бірі қорғай білді. Өйткені арман тілектері бір болатын. Тарихи деректерге көз жүгіртсек  сол екінші сьезде үлкен айқай болған. Ахмет Байтұрсыновты қолдайтындар «бізде армия жоқ, сондықтан бізге автономияны құруға әлі ерте» деп аңысын аңдаған. Ал Жанша Досмұхамбетов айтқан мен Ленин мен Сталинде болдым олар келісімдерін берді автономияны құрып жіберейік деген ғой. Алайда қайсынікі дұрыс, қайсынікі бұрыс екеніне баға беру өте қиын. Қолымызға ұстап тұрған нақты дерегіміз болмағандықтан шүбәлі ой айтудан аулақ болғанымыз  жөн.

- Соңғы уақытта не жазып жүрсіз?

- Қартайған адамның ойдан басқа аңдитыны болмайды екен. Менікі де дәл сондай тіршілік. Қазақтың дүниеге келмеген сәбиге ат қоймайтыны сияқты менде жазып жатқандарымды атамай-ақ қояйын. Дүниеге шырылдап келіп жатса баспасөз құралдарынан аты-жөнімен таныса жатарсыздар.

- Онда қаламыңыздан  қуат, жазғандарыңыздан шуақ төгіліп тұрсын аға? Татымды әңгімеңіз үшін үлкен рахмет.


Нағашыбай Қабылбек

 

Ұқсас материалдар