Алашшыл қазақ жастарының үні

28.06.2016 4112
«Жас азамат» газеті туралы

Қазақ баспасөзінің тарихында ерекше орны бар «Жас азамат» газетін бүгінгі ұрпаққа таныстырудың жөні келіп тұр. 1918 жылы шілденің 30 жұлдызында қызылжарда шыға бастаған, алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті беттерінде бүгінгі жастарға ой салатын мәселелер көтерілген.

Қазақстанның солтүстігі мен шығысында кеңес үкіметі құлап, большевиктер биліктен айырылған шақта Алаш партиясының ұйғаруымен Омбыдағы оқудағы Алашорда жастарының ұйымына айналған «Бірлік ұйымы» 1918 жылы сәуірдің соңында Қазақ жастарының тұңғыш  съезін шақырғаны мәлім. Сьезде  жер-жердегі жастар ұйымдары бірігіп, «Жас азамат» деуге қаулы қылған. Кіндік комитет  төрағалығына Мұрзаұлы, мүшелігіне: Смағұл Сәдуақасұлы, Мұратбек Сейітұлы, Гуля Досымбекова (Міржақып Дулатовтың балдызы. – Авт.), Әбдірахман Байділдәұлы сайланды. «Жас азамат» ұйымының тілі «Жас азамат» атты газетті жабылып қалған  «Үш жүз» газетінің орнына шығармақ болған. Шығарушылыққа Қошмұхаммет Кемеңгерұлын сайлаған.

Тұңғыш жастар газетінің 1918 жылғы 30 шілдедегі алғашқы саны «Жас тілек» деген басмақаламен ашылған. Осыдан 95 жыл бұрын өз ұлтының тағдыры үшін шырқыраған көсемсөз шеберлері былай дейді:

«Жастар съезінің тілегі орындалды, өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты», деп басталып, ...жастардың бас міндеті, үлкен борышы. «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» деп түйеді. «Бұл тілекке жету үшін «Жас азамат» Алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дүшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ер қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады. Осы айтылған жолдарда қарсы күш - қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.

Жастар! Келешектегі буындардан алғыс, я қарғыс алатын дәуірге кездестіңдер! Ұлттың гүлденуі көркеюі, «Алаш Орданың» абыройы, айбыны болуы сендерден. Кәрі буыннан қайыр аз. Кәрі буын (біразын шығарғанда) қажыған, қайраты қайтқан буын, ерлігі сөніп, жауынгер бабаларын ұмытқан буын, «төрелерге» құлдық ұрып жатыр. Түймеге табынған буын, сайлау партиясымен миларын шірітіп, ұлт намысын, жұрт жұмысын күндік тамағына айырбастаған буын», деп шындық үшін шырылдаған автор, жастарға арнаған сөзін: «Ақ ту көтеріп, найза салып, садақ тартатын күндерің туды!» деген ұранмен аяқтайды.

«Жас азаматтың» Қызылжарда қалай шығып тұрғанын, қазақ жастарының, жалпы қазақ қауымының тәуелсіздікке деген арман-мұңын айғақтап, қоғамдық сананы оятуға күш салғанын Жүсіпбек Аймауытов көрсеткен. Ол Семейдегі «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 20-ақпандағы санына  «Газет, жорнал оқушыларға» деген мақала бастырып, Семейдің орысша газетінің қазақ баспасөзін ғайбаттап, «оқушылары болмағандықтан қазақтың бір газеті мен жорналы жабылып қалыпты» деген хабарына қарсы сөйлеп, түсінік берген: «Бұл хабар бекер, - депті Ж. Аймауытов, - «Жас азамат» күні бүгінге дейін шығып отыр. Қаржы жағынан кемдік көріп, тоқтай ма, деген кірбің болып еді. Енді тоқталмас дейміз. Өйткені, Омбы жастары әдебиет кешінен мың сом, Семей жастары бес мың сомдай көмек жіберіп отыр. Тағы сондай көтерушілер табылатын көрінеді».

Мысалы, Жүніс деген автордың өлеңі: «...Ұлтына мәңгі бақыт, ерік тілеп, Қол созды «Жас азамат» нұр аспанға!» деп аяқталады. Ақмоладан келген жеделхатта: «Жас азаматтың» нұрлы шырақ жас жалауы болып, бақыты өрлеп, күші молайып, көздеген мақсатына жетуіне тілектеспін» делінсе, Семейдегі «Жанар» атты жастар ұйымы: «Ыстық жүрекпен «Жас азаматты» қарсы аламыз! Тартқан бағытына хайырлы сәт тілеймін», деп құттықтайды. « Әр ұлтты өрге сүйрейтін, өрнек болып тура жолға бастайтын басшы дат - газет болғандықтан, ұлт пайдасын ойлап, адал ниет, ақ жүректен шығатын жасөспірім жаңа талап «Жас Азамат» газетінің бауы берік болуына тілектеспіз!», деп ағынан жарылып қол қойғандар Мұхаметсәлім Кәшімов пен Хасен Темірбеков екен.

Халықтың бостандығы үшін күресетін, оның алдағы тағдырының қандай болмағын айқындайтын көзі ашық, жаны таза, саналы жастар екендігін бұл басылым әуелден-ақ жария етті. Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай.

Газеттің үшінші санына басылған 25 жастағы ақын Мағжанның «Жастарға!» деген өлеңі сол замандағы қазақ жастарының ел-жұрт алдындағы тарихи міндетін көрсетіп берген бағдарлама десе болғандай. Мағжан шумақтарына беташар болған, көсемсөз түріндегі нұсқалы сөз мынау: «Жастар! Жүрек толқытқан шерді, мый толқытқан ойды жарыққа шығарып, майданға салыңдар! Алда жүрген Алаш жолында аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі, өнеге алыңдар!

Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар! Күнді - түн, жақынды - жат, пайданы - зиян деп жүрген, толық саяси құқықтарын іздеп алуға, ер жетіп, есі кірмеген елді ойлаңдар!

Түн қараңғы, дауыл қатты. Бірақ, ұлт бақыты жастарға – нұрлы сәуле!!! Жасасын, «Алаш Орда!» Жасасын, Алаш көшбасшылары! Жасасын, Алаштың жаужүрек, ұлтшыл жастары!» Жас ақынның жалындатқан шақыруы тек өзінің ғана емес, алты миллион қазақтың атынан айтылып, қазақ көгіне шалқи көтерілген Ұлт ұраны еді:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты.

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!..

«Алаш!» - айбынды ұраны,

Қасиетті құраны.

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін!

 

Тау суындай гүрілдер,

Айбынды Алаш - елім дер.

Алтын Арқа - жерім дер

Мен жастарға сенемін!..

 

Мен сенемін жастарға!

Алаш атын аспанға

Шығарар олар, бір таңда!

Мен жастарға сенемін!

Смағұл Садуақасовтың аузынан шыққан: «Мағжан – қазақ жастарының ой-санасының әміршісі» деген сөздің түп-тамыры, бәлкім, осы бір отты-жалынды өлең жолдарында жатқан шығар.

Үлкен тебіреніспен, күйзелген жан толқынының қуатынан туған бұл жолдар қазір де, бұдан былай да: «Мен қазақ ұланымын!» деген әрбір жастың жүрегіне жол тауып, буырқанған құлшыныс туғызарына сөз жоқ. Әнұран екпіндес, шақыру, дабыл сипатында қайта-қайта «Мен жастарға сенемін!» деп келіп отыратын толқындар, көкірегінде сәл ғана шоғы бар саналы пендені жалындататын күшті көрік еді. Осы ұлы ұранды туғызған кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Кемеңгерұлы 22-де, білікті көсемсөз шебері ретінде танылған Смағұл Сәдуақасұлы 20 жаста ғана. Осындай от жүректі, озық ойлы қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін пайдаланған.

Осы бірінші санының беташарына «Омбыдағы Алаш партиясының бас комитетінің» атынан  «Жас азамат» газеті үшін арнайы жазылған, салмақты сөз, салиқалы ақыл-кеңес былай басталған:

«180 миллион Россия халқын 300 жылдан астам бір шыбықпен айдаған Роман тұқымының тағы күйреп, іс басынан құлағанда, [одан кейін] жеті айдай зорлықпен, қан ішерлік пен билік жүргізіп дәурен сүрген большевик үкіметі де, Сібір жерінде жығылды.

Азаматтар! Құдай Алаштың тілегін берді. Дұшпан кеудесі басылды, үні өшті. Қозғалмастай күйге түсті.

Алаш Орда тігілді, Ақ ту көтерілді. Күні ертең тұрмыс тонын пішетін, келешекке үлгі жөн салатын Алаш құрылтайы болмақ. Аяқтан әуіре, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ!..»

Көсемсөздің нұсқасындағы тағы бір-екі лебіз мынадай:

«Жастар! Атқа мін! Басқа жұрттар көрсін! Орал, Алтай, Ертіс, Есіл-Нұра, Еділ-Жайық бойында шарқ ұрған арыстандай ақырған Алаштың рухының сөнбегенін көрсін!».

1918  жылғы 13 желтоқсанда, Алаш автономиясының бір жылдығы Қызылжарда үлкен той болып өткен. Осыған байланысты «Талап» жастары театрда спектакль қойып, одан түскен 4409 сомның 1231 сом 15 тиынын «Жас азамат» пайдасына қосқан

Ерекше атап өтуге тұратын жайт,  газеттің 1918 жылғы 16 желтоқсандағы саны «Екінші Жалпы қазақ съезінде алты Алаштың баласы түгел бас қосып, қазақ ұлтының келешектегі елдігіне негіз құрған тарихи 13-інші декабрь күн бүтін Алаш ұранды Қазақ өлкесіне құтты болсын!» деген құттықтаумен ашылып, түгелдей Алаш автономиясының бір жылдығына арналды. Басмақаладағы мына сөздер сол дәуірдегі Тәуелсіздік аңсаған әр қазақтың жігерін жанып, асыл арманға бастаған жалынды ұран еді. Тоқсан бес жыл өтсе де, тебіренбей оқу мүмкін емес:

«[1917 жылғы] 13-інші декабрь - Екінші жалпы қазақ съезінің Ақ орда тігіп, Алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіреген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрьге - тап бір жыл.

Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, от алып, [қамысқа түсуді] көтермейді. 13 декабрьдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл - бір. Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл - екі. Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл - үш.

Осындай, өлгенді тірілткен, өшкенді жандырған, өткен дәуренді, ұшқан бақты еске түсірген 13 декабрьді өте құрметтеп өткізуге, саясат дүниесі сау қалпында емес. Бірақ қоюланған түн тараңқырап, кейін бұлт ажырап, нұрын төгіп, таң ататын. Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар!»

Ұлт көсемдерінің «Тәуелсіздік!» деген бір сөзге сиған арманы орындалды, бірақ, 13 желтоқсанды Ұлт Мерекесі етсек деген аманатын әлі ескере қойған жоқпыз. Бұл да – өкінішті шындық.

Газет қаламгерлері осы газет арқылы оқырмандарына сөз тастап, азаттық күресінің жылнамасын жасауға шақырады, естеліктер мен құжаттарды «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай» басқармаларына (редакцияларына.-Авт.) осы бастан жинауға қам қылып, оларға Алаштың азаматтары тартынбай, керекті нәрселерді уақытымен жеткізіп тұрса екен», деп сұрайды. Өйткені: «Мәдениет жолына аяқ басам, жарыққа қол сермеймін, деген жұртқа өзінің һәм басқаның бұрынғы кім екенін танып, таразыға салуы үшін тарих керек. Өткенді еске түсіріп, жақсыдан жаманды, қараңғыдан жарықты айырып, адамның көз алдына айқын ашып көрсететін - осы тарих. Надандық ұйқысынан жаңа бас көтеріп, жарық жолға қарай қарманып, қол сермеушінің бірі - біздің қазақ. Және сол жарық жолға жетуге дауа болатын көп құралдың бірі де – тарих». Қазір бұған біздің сөз қосуымыз артық болар.

«Жас азаматтың» 1918 жылғы 4 қазандағы алтыншы санында басылған Смағұл Сәдуақасұлының «Өмір үшін күресу» деген мақаласы кемел ойдың жемісі десе болғандай. Әлқисасын қалың қазаққа таныс әрі түсінікті тіршілік түйткілдерінен бастап: «Адам баласына жан- дүние қамы үшін алдымен тамақ, киім, үй керек. Әсіресе тамақсыз, киімсіз тұру мүмкін емес. Мал асырау, егін салу, сауда қылу, ұсталық құру, тіл, қолөнер білімін кәсіп қылу, жалға жүру, тіленшілік құру, ұрлық қылу - бәрі де жан- дүниенің қамы. Осындай жолдармен өмір үшін күрескендер көп». Автор өз ойын айқын түсіндіру үшін қазақ халқы мен алыстағы неміс жұртының тұрмыстық жағдайларын салыстыра отырып, қалың қазағын озық немістің деңгейінде көргісі келеді. «Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын, әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы, тұрмыс жүзінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм ең әдіссіз біздің қазақты алайық, екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай өзгеріп отырады», дей келіп, уақыт талабына сай тіршіліктің амал-әрекеті де бейімделіп отыруға тиіс екендігін насихаттайды.

Сол кездегі басты мәселе, қазақтың бүкіл тағдыры шешілетін, келешегінің қандай боларына себепкер жер мәселесі «Жас азаматтың» негізгі тақырыптарының бірі болғаны заңды еді. Газетті шығарушылар «Қазақ жері» деген мақалада: «Қазақ жерін Ресей-сүлік сорды. Большевик көп нәрсе істеген жоқ, бірақ қазақты түгел кедейлендіріп, орыс қылып жібермекке бел буды», деп тарихи шындықты ашып көрсетті. Қ. Кемеңгерұлы «Қазақ жеріне қолқа салушылар» деген мақаласында кеңес үкіметінің қазақ жері жөніндегі саясатына сын сүзгісінен өткізіп, өз ойын білдіреді, нақты дәлелдерін көзге көрсетіп, қолға ұстатқандай келтіреді де, мынадай түйін жасайды:

«Мінекей, Алаш! Автономия болмаған күнде, шегіне беретін қолқаң осы. Жер – мәңгі байлық, алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшаңнан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрып жатқанымыз – Жер үшін!» Бұл арада әңгіме «Ұясы бұзылған Ресей мемлекетіне» енді табынудың жөні жоқ екендігі, қазақ халқы тәуелсіздік үшін, өз болашағының тізгінін өз қолына алу үшін күресуі, соның бәрі қазақ жерінің бүтіндігі туралы болып отыр.

Күрделі саяси және қоғамдық тақырыптарға қалам тербеген «Жас азамат» авторлары сол кездегі өзара тірескен саяси күштердің ара салмағын бағамдап, халыққа түсінікті тілде баяндап беріп отырды. Байділдә Мырзаұлы мен Ғабділдә Найзабекұлының «Бұны не дейміз?» деген талдау мақаласында большевиктердің қазақ даласындағы іс-әрекеттерін әшкереленеді. «Жетісу жағында большевиктер қазақ болсын, қазақ-орыс болсын, қойдай қырып, қанын судай ағызып жатқанын» жазды.

Газетте жазылғандай, орыстың бір білімданы айтқан: «Орыс халқы бір әкімшілікті ұзақ сүймейді, әлденеше байды тойдыратын нәпсісі зор қатын сияқты» деп. Өткен жылғы Керенский үкіметі жақпаған соң, күдерді үзу керек. Осы күні әсіре- қызылданып жүргендердің ертең сырт беріп кетуі, орыс табиғатынан күтілмейтін ғажап іс емес. Соның үшін көпшілік кадет-монархистер жағында болуға мүмкін. Бұл кей қалалардың сайлауында көрініп қалды..». Мұны жазып отырған, әлбетте, саяси күресте тәжірибе жинап, шыныққан, Міржақып, Қошмұхаммет, Смағұл, Мағжан... деңгейлес, сауатты автор екеніне күмән жоқ.

Газеттің әр нөмірін қазіргі заманғы кәсіби журналист маманның көзімен қарағанда, уақыт өткен сайын басылымның пісіп, жедел ширап келе жатқаны байқалады. Тақырып таңдаудағы әуелгі шашыраңқылық тыйылып, келелі мәселелердің жүйесін тауып, батыл барлап, терең қазу, кең қамту басым. Мысалы, «Біздің ұлтшылдар» деген мақалада Тәуелсіздік үшін күреске кіргендерге мынадай кеңес берілген:

«Көңілсіз болу - шын ұлтшылдарға лайық емес, өйткені, ұлт жұмысына белсене кіріспей жатып, қажып қалу, анық толық екі жылға жетпей, ұлтшылдардың еңсесі түсіп, салы суға кетіп, қажып қалса, бұқараның жапқан көңілін кім ашады? Ұлтты теңдікке кім жеткізеді? Мұны ойласақ, еріксіз табанды әскер, ұлтжан боламыз. Ұлтжан болған кісі айға-жылға деп кесіп кірмейді. Өлшеулі күні ойлаған мақсатына жете алмаса, жұртқа сөзін тыңдата алмаса да, «қажыдым» деп тартынбас керек, әр тарапынан кедергі қойылған сайын, қайраты артып, қуаты күшейіп, тасқын судай екпіндей бермек.

Шегіну, жасқану, қажу - ұлтшылдықтың жауы. Сонда да, дұрыс ойынан қайтпайтын, түзу, таза, мықты пікірлі болмақ керек. Имам ағзам айтады: «бір пікірді дұрыс деп сенгеннен кейін, біреу келіп: «пікірің дұрыс емес» деп, дұрыс еместігіне дәлел қылып, таяқты көз алдыңда жыланға айналдырса да, бір сенген пікіріңнен қайтпа!» деп».

«Жас азаматтың» дерек көзі ретіндегі құнына баға жетпейді. Осыдан 95 жыл бұрын қазақ көгінде жарқырай көрінген бұл басылымның әр саны, әр автордың ағынан жарылған адал ниетті пікірлері халқымыздың рухани қазынасының толықтыра түсті. Газеттің авторлары туралы анықталған деректермен қоса, ашылмай қалған лақап есімдерді де еске салсақ, артығы болмас. Мұнда, Міржақып, Мағжан, Смағұл, Қошмұхамбет, Малдыбаев Біләл, Кәшімов Мұхаметсалық, Серкебаев Бекмұхамбет, Нұралин Төлебай, Ахмет Жанталин, сияқты ысылған қаламгер-журналистермен қатар, азан шақырып қойған аты-жөні жасырын тілші-хабаршыларды да тізіп өтейік: «Жолаушы», «Тілші», «Шаңқан», «Жүніс-оптимист», «Дала баласы», «Ел баласы»- Қошмұхамет Кемеңгерұлы, «Мәшім» -Ғабдрахман Байділдин болуы мүмкін, «Жәдігер-Жаныс», «Жас Әлтай», Сайменов, Нұрымов, Ғабдолла Найзабеков, Жасым Темірбеков, Хамза Ибрахимұлы, Байдай Мырзалин, Смағұл Байкебаев, т.б. Еліміздің тәуелсіздігі, жеріміздің бүтіндігі үшін күрескен ардақты ұлдарымыздың қатарында осылардың әрқайсының да лайықты орны бар. Осы азаматтардың ұрпақтары арамызда жүргені де шындық.

Сөйте тұрсақ та, ұлы ойшыл Мұхтар Әуезовтің қаламынан 21 жасында туған мына қолтаңбасына тоқталмай кетуді жөн көрмедік. «Жас азаматтың» 1918 жылғы 15 қазан, сейсенбі күнгі жетінші санында басталып, он күннен кейін сегізінші санында нүктесін қойған «Ескеру керек» деген мақаласында заман кескіні дәл беріліп, сол заман талабына қарай, қазақ халінің қандайлығы, одан арғы келешектің кейпі турасында толғанады. Кейін, кемел ойлы данышпан Мұхтардың жастықтағы аяқ алысы, қалам тербесі, құлаш сермесі мақаланың әрбір жолынан атойлап көрінеді. Әуелі әріден бастайды:

«Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман - киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хәл бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды...Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты...»

Қай заманда да, қоғам мүшелерінің бірауыздылығы – қайтпас-қайсар қуат беретінін дәлелдей келіп, «Алаш мұраты үшін жасаған әрбір қадамың ұрпағыңа үлгі болсын», деген тілекпен Мұхтарша бастап, Мұхтарша аяқтаған көсемсөз шеберінің осы бір ғана мақаласының өзі «Жас азамат» оқырмандарына ой салғанын сезінудің өзі бақыт екенін енді біліп отырмыз.


 Зарқын  ТАЙШЫБАЙ,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры,

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері.

 

Ұқсас материалдар