Қандастар Ассамблея

Алашахан туралы әфсана

29.09.2014 4953
Қызыл арыстан деген ханнан тұтқынға түскен текті жердің әйелі ұл табады. Сәбидің тұла бойы алапес болып туылады.

Қызыл Арыстан деген ханнан тұтқынға түскен текті жердің әйелі ұл табады. Сәбидің тұла бойы алапес болып туылады. Ханның бәйбішесі құрсақ көтермеген адам екен, ол жаңа туылған баланы жек көреді. Сөйтіп, күні-түні ханға: «Бұл баланың көзін құрт, құртпасаң, еліңді ала тайдай бүлдіреді!» - деп қақсай береді. Әйелі күнде құлағын жей берген соң, хан қайткенмен де көндігеді, алайда ақылмен іс қылады. Ол баланы қырық жігітімен және күң шешесімен бірге ежелгі Сырдария өзенінің ар жағына аттандырады. Тағдыр тәлкегіне тасталған бала осылайша айдалада жер ауып кете барады.

Қырық жігіт оларды Сырдариядан өткізіп, аң аулап, асырап бағады. Қаратаудың етегінен орда тігіп береді. Сондағы тастанды бала – Ахмет ер жетеді. Бір күні оған Майқы би ұшырасады. Ол тек өзіне мәлім белгілер бойынша баланың хан тегінен екенін біледі. Майқы би бұл жолы да қасиетінен танбай, хан ұлының болашақ тағдырын анықтап береді. Би оған жүз жігіт қосып беріп, әкесімен кездесіп қалмас үшін алыс жолға аттандырады. Майқы би оларға: «Қаратаудан асқан соң алдарыңнан Ұлытау, Кішітау дейтін таулар, Қаракеңгір, Жезкеңгір дейтін өзен-сулар кездеседі. Сол жерлерге барып, ірге теуіп орнаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарақшысы боласыңдар», - деп батасын береді.

Жүз жігіт пен кішкентай ханзада Қаратаудан асып, Ақтау, Ортауды басып, Шу, Сарысу өзендерін кесіп өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне жетеді. Орнығып ел-жұр бола бастайды.

Бұл хабар Қызыл Арыстан ханға жетеді. Хан «баламды өзіме қайырсын» деп Майқы биге кісі салады. Хан сұратып қоймаған соң Майқы би Ұлытаудағы балаға тағы жүз жігіт жібереді. Ұлытауға жеткесін бұл жүз жігіт қайтпай, сонда орнығып қалып қояды. Оларға осынау қыдыр дарыға құтты мекен ұнап қалған еді.

Майқы би екінші рет тағы жүз жігіт жұмсайды. Олар да қайтіп оралмайды. Би жіберген үшінші жүздік те қайтпай қалады.

Күндердің күнінде осы елдің халқы Ахметті хан көтереді, кейін ол жауынгерлігімен Алаш хан атанып, қазақ халқының негізін құрайды.

Алаш ханнан алты бауырлас халық – алты арыс алаш – қазақ, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, қырғыз тарайды.

Майқы би Қызыл Арыстанның ұлы Ахметті қолдап, ол Ұлытауда бүкіл үш жүзге хан көтереді. Нақ сол кездерде Майқы би қырық рудың таңбаларын белгілейді, әрбір таңба сол рудың мінез-құлқы мен ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Бұл ру таңбалары тасқа қашалып, ол «Майқы бидің таңбалы тасы» деп аталған.

Таңбаны байрақтар мен туларда бейнелеген. Кейде таңбаларды ру-тайпалар мекен еткен таулардан, жартастардан кездестіруге болады. 

Ежелгі Қазақстан әфсаналары / Жанайдаров, Орынбай;

Алматы : Аруна, 2008

Ұқсас материалдар