Қандастар Ассамблея

Алаша тоқу өнері

15.10.2015 13806
Алаша тоқу - қолөнердің бір түрі

Алаша – бүктеуге, жинауға, алып-салуға қолайлы мүлік. Мұны ұсталатын орнына қарай әрі енді, әрі көлемді етіп жасайды. Өрмекпен тоқылған алашаның ені әдетте 40 – 45 сантиметрден аспайды. Сондықтан бірнеше кесіндісін біріктіре құрауға тура келеді. Бұл үшін шебер тоқылған материалдың ұзына бойы мен енін өлшеп, одан кейін неше бойы кесіп, құрау қажеттігін есептейді.

Әдетте өрмек жіптерінің 35-40 сантиметрдей тоқуға келмей қырқылады. Мұны «өрмектің қырқындысы» дейді. Алашаның бойларын құрау-құрау үшін осы қырқынды жіпті пайдаланған жөн. Бұл жіптер ақ, қара, қызыл, - 4 түсті делік. Ендердің жапсар бойын осы 4 түсті жіпті кезектестіре отырып бұзау тіс тігісімен аралықтарын 1-2 сантиметрдей етіп қосымша сыналана енгізілді де алашаның көлемі үлкейе түседі.

Өрмекке жеңіл әрі жиі қолданылатын өрнектің екі түрі бар. Оның біріншіден «су» өрнегі де, екіншісі «тіс» өрнегі. «Су» өрнегін өрмектің белгілі бір шетінен ерсі жіп пен қарсы жіптің өнбойын бір түсті етіп жүгірту арқылы тоқиды. «Тіс» осы екі жіптің екеуін екі түсті түрмен жүгіртіп тоқиды.

Өрмекте мүйіз, өсімдік, геометриялық фигуралар тәрізді күнделікті өрнектер тоқу кездеседі. Мұндай тоқуды «терме» атайды. Терме өрнегіне жоғары да айтылған жабдықтарды қосымша «ілмек», «өткерме», «мәймөңке» деген жабдықтар қолданылады. Мәймөңке өте жұқа етіліп, жып – жылмағай, бұдырсыз істеледі. Өрмек жіптерін қиып, үзіп, не шатыстырып алмас үшін мәймөңкені өте ептілікпен қолданады.

 

Терме тоқу

Терме тоқудағы өткермелеу, ілмектеу, мәймөңкелеу жұмыстарының барлығы да есептеп санау арқылы, әрбір ілінген жіп санын ұмытпай есте сақтау арқылы орындалады.

Термелеп тоқу әдісі қазақтың өрмек өнерінің ең көп тараған және көркем дүниелерді тоқуға ең бір қолайлысы деп саналады. Термелеп тоқу әдісі, әсіресе Қазақстанның оңтүстігінде жақсы дамыған өнер. Сол сияқты бұл әдіс Өзбек, Қырғыз, Қарақалпақ, Түркімен республикаларында да айтарлықтай орын алады.

Қазақстанның Қарағанды, Павлодар облыстарында жиі кездесетін өте ертеден келе жатқан өнер. Олардың өз аймақтарына қарай, өрнек мәнерінде, тоқу әдістерінде өздеріне тән ерекшеліктері бар. Оңтүстік Қазақстан терме тоқудың алты түрлі тәсілі бар және олардың атаулары да әр түрлі.

Қайыра теру тәсілімен тоқу құрылатын өрмектің ерсі жібі мен қарсы жібі 3 – 4 түсті бояулармен боялады да, бұлардың екеуі бірдей теріліп, өрмектің екі жағынан тоқылып шығады.

«Кежім теру» немесе «бұқар теру» тәсілі көп түсті және әр түрлі өрнектен теріліп жасалатын басқұр мен алаша тоқу үшін қолданылады. Мұндағы өрнектер ерсісі мен қарсысындағы әр түрлі жіптерден теріліп, бір жіп осы бірнеше түсті жіптерден терілген өрнектің астында бос қалып отырады. Мұндай тоқу әдістері Қырғыстанның оңтүстігінде көп кездеседі. Оны олар кейде «каджари» кейде «бұқари» деп атайды.

«Орама теру» тәсілдерімен де басқұрлар, алашалар тоқылады. Мұндай жағдайда өрмектің ерсісі, қарсысы және арқауы бәрі бір түсті жіппен құрылып тоқылады. Бұған көбінесе ақ не қызыл түсті жіптер қолданылады. Тоқу барысында әр түсті жіптерден өрнек салынып, оны жібі өрмектің ерсісіне қолмен оралып, арқаумен бекітіліп отырылады.

Бір теру тәсілі тек ғана басқұр тоқуға қолданылады. Мұндай басқұрлардың ерсі мен қарсы жібі көбінесе бірыңғай ақ жіппен, кейде қызыл жіптен құрылады да, өрнегі қызыл, қара, көк және басқа түсті жіптер теріледі. Мұның бәрін қазақтың қарапайым өрмегімен жіңішке лента тәріздендіріп тоқиды.

Тақыр тоқу немесе тақыр кілем тоқу әсіресе Қызылорда облысында көп дамыған өнер Оған түк орамай, өрнек беретін жіпті ерсі мен қарсының өз бойыңда бояп алады да, жай өрмек әдісімен тоқи береді. Тақыр кілемді кейде жіптерін боямай - ақ, ақ жіп пен қара жіпті кезек келтіріп тоқиды. Сөйтіп көлденең жолақ, кейде ұзын жолақ, сондай - ақ кеңірдек өрнектер тоқылып шығады.

Түктеп теру әдісімен енсіз шағын кілем, кілем, қоржын, түрлі төсеніштер тоқылады. Мұндай өрмектің өрнектеуіш жіптері ерсі мен қарсыға аралас бойлай тоқылады. Бой жіптер қатарыңда тұрған өрнектеуіш жіп өрнек бетінде бос қалып отырады да, соңынан ол кеселмен қырқылып тасталады. Осыдан өрмек бетінде түк пайда болады.

Осыдан біраз уақыт бұрын timeturk. Com сайты түрік қолөнершісі әлемдегі ең ұзын алаша тоқығаны туралы хабар таратқан еді. Хатай провинциясының тұрғыны, алаша тоқудың шебері Абдолла Акар Гиннестің рекордтар кітабына енуді алдына мақсат етіп қойыпты. Muslim.kz сайтының жазуынша, ол бұл алашаны бел жазбай 39 күн тоқыған екен. Алашаның ұзындығы - 35 м, ені - 80 см, ал қалыңдығы - 1 мм.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Ұқсас материалдар