Қандастар Ассамблея

Алғыс айту күні – аға ұрпаққа құрмет

08.04.2016 2323
Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен дәстүрлі кездесу өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен дәстүрлі кездесу өтті. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған өткен жылғы іс-шаралардың нәтижелері мен алдағы уақыттағы ынтымақтастық пен серіктестік жайлы нақты ұсыныстар талқыланды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елімізде кәсiптiк және өзге де мерекелер тізіміне енгізілген, биылғы жылы атап өтілетін 1 наурыз – Алғыс айту күні жайлы да сөз болады.
Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров алдымен этносаралық қарым-қатынастар тарихы туралы құжаттарды іздеу, зерттеу және танымал ету бойынша көлемді жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Мұнда 2012 жылы «Депортация тарихынан» ғылыми-зерттеу жобасы негізінде жарық көрген жинақтың алғашқы екі томдығы (1930-1939 жж.) тарихшылар мен этномәдени бірлес­тіктердің жоғары бағасына ие болған. Онда бүкілодақтық және республикалық деңгейдегі шешімдерді қабылдау үрдістері және оларды жүзеге асыру жолдарын көрсететін құжаттар басылып шыққан.
Жинақта «арнайы қоныстар» тәртібінің құрылуы, сонымен қатар, қоныс аударылғандардың өмір сүру және еңбек ету жағдайлары туралы баяндалады. Басылымға орталық, республикалық партия, кеңес органдарының қаулылары, әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың хаттамалары, бұйрықтары, мәлімет пен анықтамалар, қоныстану орын­дарындағы репрессияға ұшыраған азаматтардың жағдайы туралы ақпараттар да бар.
Тоталитарлық тәртіп саясатына қарамастан, сол жылдары Қазақстанда бір-біріне байыппен қарау негіздері қаланып, жергілікті тұрғындар мен күштеп қоныс аударылған әртүрлі ұлттардан тұратын адамдар арасында өзара іс-әрекет ету мәдениеті қалыптасты. Қазақстан өз жерінде көптеген этностарды біріктірген кезеңдегі қасіретке куәлік Ұлттық мұрағат қорының құжаттарында көрініс тапқан.
2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына орай Мұрағат «Қазақстан халқы Ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995-1997 жж.) құжаттар мен материалдар жинағын» дайындады. Басылымда Ас­сам­блеяның құрылуы мен қызметінің алғашқы қадамдары, аталған қоғамдық институттың қалыптасуындағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың рөлі туралы құжаттар жинақтап берілген. Көптеген ұлттық этномәдени бірлестіктердің әрқилы қызметі көрсетілген.
Кездесуді қорытындылай келе, Б.Жапаров: «Тарихтан тәлім ала отырып, біз бүгінгі күнімізді бірге құрамыз. Болашағымыз қандай болатыны өзімізге байланысты. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде этносаралық түсіністіктің шынайы моделі құрылды. Бұл көбінесе Қазақстан халқының тарихи естелігі арқасында жүзеге асты. Жаңа естелік күні – Алғыс айту күні дәстүрді жалғастырып, аға ұрпаққа құрмет көрсетіледі», – деді.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ

Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде 2016.- 11 ақпан (№ 27).- 9 бетте жарияланған

Ұқсас материалдар